БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ БАСТЫ ЕРЕЖЕСІ ҚАНДАЙ?
Бүгінде бәрі жұмысбасты. Баладан бұрын жұмыс маңызды боп кеткендей. Әрине, баланы асырау үшін жұмыс керек. Десе де жұмыс қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс.
Бала бойындағы табиғи қасиет пен адами құндылық отбасында, мектепте, қоршаған ортамен қарым-қатынасы негізінде қалыптасады емес пе?! Әрине, тәрбиенің негізі – ата-анада.
Ата-ананың кейбірі баланы ұрып өсіреді. Қолына түскенімен қойып қалады, қағып түсіреді. Иә, бала мейірім емес, таяқ жеп өсіп келеді. Бәзбіреулер «таяқпен де өстік, жаман болғанымыз жоқ» деп жатады. Дегенмен қазіргі заман басқа, қоғам басқа, ал баланың психологиясы тіптен бөлек.
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде бала тәрбиесінде бейқамдық байқалады.
Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады дейді дана халқымыз. Қазірде ата-ананың көбі сауатты. Әріден соң екінің бірінің қолында телефон. Қалауын тапса, қажетті ақпаратын әп сәтте-ақ тауып алады. Бала психологиясын оқимын, баламен дұрыс қарым-қатынас құрғым келеді деген аналардың да қарасы көбейді. Баланы бұрынғыдай көзқарас пен қатаң мінезбен тәрбиелеу қиынырақ. Психологияда жылы сөзбен жүрекке жеткізу әдісін кең қолданылады. Кезінде Абай атамыз да қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген еді ғой. Дәл солай. Балаға да аялы алақан, жылы сөз бен мейірім қажет-ақ.
Рас, балаға мейірімді мәміле жасау керек. Сүйікті пайғамбарымыз немересін сүйген кезде, біреу көріп: «Йа Расулаллаһ! Менің он бала-шағам бар. Бірақ ешбірін сүймеймін» деді. Оған «Мейірімділік етпеген, мейірімділік көре алмайды» деп жауап береді. Тағы бір Хадис шәрифте «Балаларыңды көп сүйіңдер, әр сүйгендеріңде жәннаттағы дәрежелерің өседі» делінген.
Қазір бала психологиясында баланы ұрмай-соқпай, еркін тәрбиеге баулу керек екенін айтып жатады. Бір жағынан алып қарасақ, бұл да дұрыс секілді. Дегенмен еркіндікке жіберген баланың ертеңі қалай болады? Оны да ойлап қойғанымыз абзал. Әсілі еркіндікке жібергендердің кейбірі тәнін өзгертіп, ері әйелге, әйелі ерге айналып бара жатқан жоқ па? Ата-ана да осы тұста қорқақтайды.
Әдетте ата-аналар ұл-қызын дұрыс тәрбиелеу үшін қатал ұстағанды жөн санайды. Кейбір отбасында баланы ұру, күш қолдану қалыпты жағдай саналып, тәрбиелеудің бір түріне айналып кеткендей. Тіпті, мұны жақтайтындар да бар. Бұл әрекет арқылы бала бойындағы жауапкершілкті арттырып, тәртіпті сіңіреміз деп ойлайды.
Әсілі, баланы ұрып тәрбиелеуге болмайды. Бұл тек уақытша қолданатын тиімді әдіс деп ойласа керек. Мұның салдары ата-ана үшін де, бала үшін де өте ауыр болмақ. Бала осының әсерінен жасқаншақ, қорқақ, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Екінші қырынан бала агрессивті, ашушаң болады. Сол себепті балаға мейлінше қол көтермеу қажет.
Ата-ана парызы тек баланы дүниеге әкелу емес, сонымен қатар жақсы тәлім-тәрбие беру. Кейде баланы көп шектейміз. Айталық, балаға телефон көп көрме, ойыншықтарыңды шашпа, тыныш отыр дегендей қатаң тапсырма береміз. Сәйкесінше оған айналысатын екінші іске таңдау ұсынбаймыз. Мәселен телефон көрме, бірақ кел екеуміз сурет салайық деген секілді баланы басқа іспен айналысуға шақырмаймыз.
Ең алдымен, балаға ата-ана жауапты. Бала «бала» болғаны үшін де өз-өзіне жауап бере алмайды. Оның таңдауына ата-ана тікелей байланысты. Әрине, балаға таңдау құқығын берген дұрыс. Оның қалауымен, ойымен санасу керек. Бірақ оның дұрыс шешім қабылдауы ата-ананың жауапкершілігінде. Мұны естен шығармаған жөн. Екінші мәселе – «біздің үйдің еркесі» деген түсінікті өзгерту керек. Шаңырақтағы балаларды үлкен-кіші деп бөліп-жарып қарамау қажет. Қазақы танымда қартайғанда бағатын осы кенжеміз деп ерекше ықылас танытып жатады. Мұны естіген басқа балалардың психологиясы бұзылуы мүмкін. Сондықтан бәріне бірдей көңіл бөліп, бірдей еркелеткен дұрыс. Ең жаманы – туған бауырлардың арасындағы қызғаныш. Үйдің тұңғышы болып дүниеге келгеніне үлкен бала кінәлі емес қой. Баланың барлығы сүйіспеншілікке, мейірімге мұқтаж. Сол себепті әр баланы өзінің жас ерекшелігіне сай бірдей еркелетіп қарау керек.
Ақнұр ЕРДҮЙСЕНҚЫЗЫ