ҚАРЖЫЛЫҚ ПИРАМИДА: АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ЗАМАНАУИ ТҮРІ
Қазір көп дүниені қаржы шешкен соң ба, бәріміздің бай болғымыз келеді. Тезірек оңай олжаға кенеліп, қиналмай табысты болуды аңсаймыз. Сондықтан болар алаяқтың арбауына, айласы мол маркетингтің құрбанына айналып келеміз. Жақында ғана теледидардан тағы бір қаржылық пирамиданың ісі тексеріліп, тұтынушылар салған қаржысын кері қайтаруды талап етіп жатқанын көзім шалды. Бұқаралық ақпарат құралдары аз ақша салып, көп пайда табудың жолын нұсқаған жарнамаларға сенуге болмайтынын күнделікті жазып, көрсетіп жатыр. Десек те, ескертпені қаперінде ұстап, күмәнді қаржылық операциялардан іргесін аулақ салып жатқандар аз. Осы тақырып төңірегінде түрлі пікірді саралап көрсек.
ТЕГІН ПАЙДА ТЕТІГІ
Соңғы жылдары қаржы пирамидаларына алданушылар қатары бұрынғыдан да көбейіп кеткен. Бірі – бар мүлкін беріп үй-күйсіз қалса, енді бірі – шарасыздықтан өз-өзіне қол салуға дейін баруда. Өкінішке қарай, қаржы пирамидасының жарнамасына сеніп, жиған-тергенінен бір сәтте ажырағандар мұндай жағдайдың орын алуына өзін емес, өзгені кінәлап жатады. «Құзырлы органдар қылмыстың неге алдын алмаған?», «Бізді неге сақтандырмаған?» деп қоғамға сауал тастайтындар баршылық. Шындығында, қаржы пирамидасының шырмауына түскендердің барлығы бірдей құқықтық сауатының кемдігінен барынан ажырады деп айта алмайсыз. Алданғандардың көпшілігі тез, жеңіл жолмен қол жеткізуді көздейді, аз ақша салып, көп қаржы алуды, тапқанын тез арада еселеп көбейтуді мақсат етеді. Ал «тегін ірімшіктің тек қақпанда» болатыны бәрімізге белгілі. Жеңіл ақшадан бойын аулақ ұстайтын, күмәнді дүниеге жоламайтын жан ешқашан алаяқтың қақпанына түспейді.
Ойланып қарасақ, қаржы пирамидасын құрушылардың халыққа құр сөз, жылтыр уәдеден басқа берері жоқ. Алғашында шын халықтың жанашыры болып көрінетін қаншама топтың кейіннен бағытының басқа екені дәлелденіп те жатыр. Ел сеніміне кіріп, біршама адамның қаржысын қалтаға басқан соң, берген уәдеден алшақтай түсіп, жасырынуға дейін барады. Соңына келгенде алғашқы негізін қалаушыларды таппай қалып жатады. Ең өкініштісі, мұндай іс сотқа жіберілгенімен олардан материалдық шығынды өндіру өте қиын. Мұндай іске үлкен дайындықпен баратын алаяқтар тапқан табысын өз атына жазбайды, жинаған дүние-мүлкін жақындарының атына ресімдеуді әдетке айналдырған. Сот үкімі орындалып, бостандыққа шыққаннан кейін де олардан бірдеңе өндіру оңай емес. Сондықтан алдағы уақытта қаржы пирамидасын құрып, алаяқтықпен пайда тапқандарды бас бостандығынан айырып қоймай, жәбірленушілердің ақшасын қайтартудың пәрменді тетігін енгізу керектігін ойлаған дұрыс сияқты. Өйткені жәбірленушілерге алаяқтың жазасын алғанынан гөрі, өзінің қаржысының қайтқаны маңыздырақ.
ЗАҢ БІЗДЕ ДЕ БАР. БІРАҚ...
Енді осындайда қаржы пирамидалары халыққа пайдасын тигізбейтін болса, неге оған заң жүзінде тыйым салмайды деген ой туындауы заңды. Көптеген мемлекетте осындай құйтырқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Біздің де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған. Алайда мұндай қаржылық пирамидалардың басым көпшілігі шетелдік болып келеді. Олардың бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес. Қолдан келері – жұмысын тоқтату.
Қазір қаржылық пирамида, кооператив дегендердің түрлері өте көп. Бірі үй алуға, енді бірі көлік алуға, тағы бірі алтын, ендігісі мол табыс деп кете береді. Атауы өзгергенімен әрбірінің түпкі мақсаты тұтынушыны тұтылушыға айналдыру. Сан саланы қамтитын пирамида тектес ұйымдардың барлығын біздің Қылмыстық кодекстің аталған бабымен қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз. Мамандар Қазақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет дейді. Себебі олар жұмыстарын әртараптандырып үлгерген.
ТАРИХ НЕ ДЕЙДІ?
Қаржылық пирамида ортамызда бүгін пайда болып отырған дүние емес. Жыл сайын жаңарып, түрленіп, дамып отыр. Тіпті өзіндік тарихы да бар. Мәселен, 1960 жылы америкалық олигарх Бернард Мэдофф адамзат тарихындағы ең ірі «Mэdoff Investment» қаржы пирамидасының іргетасын қалаған. Ол жарты ғасыр бойы ірі компанияларды сазға отырғызуға негізделген қаржылық жүйені өмірге әкелді. Мэдоффтан зардап шеккендердің арасында қарапайым тұрғындармен қатар, атақты адамдар да жеткілікті еді. Бейсбол спортының майталманы, «НьюЙорк Метс» командасының иесі Фред Уилпон, актер Кевин Бэкон, режиссерлер – Стивен Спильберг пен Педро Альмодовар Медоффтың құрбандығына айналған. Францияның, Голландияның, Жапонияның банктері де Мэдофф құрған тордан шыға алмай қалған. Бұл процесс қазір бізде жалғасып жатыр.
1993 жылдан бері қаржылық пирамида индустриясы Қазақстанда «қарқынды» жұмыс істеп келеді. Мұны мамандар ашық айтып отыр. Қаржы салып «байып кеткендердің» өмірі туралы бейнероликтер халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына апаратын жолды жауып тастағанын ұмыта алмай жүргендер әлі бар. Енді желілік маркетингтік ұйымдардың қитұрқылығы оларды он есе орап алады. Ел ішінде «жылдам ақша» деген атаумен жұмыс істеп жатқан қаржы ұйымдарының табиғаты да пирамидаларға жақын. Олардың халыққа ұсынатын несие пайызы халықаралық қаржы заңына қайшы келетіні де жасырын емес. Алайда әр саладан көрініс тапқан мұндай ұйымдар атауы өзгеріп айналып келе бермек.
ПИРАМИДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРГЕ КӨШТІ
Қаржылық пирамидалардың жұмысын жандандыратын орта – инфантилді, өзгенің ықпалына тез бейімделетін топтағы адамдар. Олар қарны тоқ қоғамда жұмыстарын жүргізе алмайтындарын жақсы біледі. Соңғы кездері мұндай ұйымдар аудиториясын анықтап алу үшін әлеуметтік желілердің көмегіне жүгіне бастады. Бұл үшін оларға өз атауымен тіркелудің қажеті де жоқ. Жазылушылары көп блогерлерге тиынтебен беріп қойса жеткілікті. Әлеуметтік желінің табиғаты қаржы пирамидалары, желілік маркетингке жақын.
Ал қаржылық пирамидаға бас тігушілер ертеңгі күніне сеніммен қарай алмайтын үлкен әлеуметтік топты қамтиды. Ақшасын банк депозитіне салып көбейтейін десе, ондағы сыйақы мөлшерлемесі жылдық инфляция көрсеткішін жаппайды. Тез арада көбейтуді ойлап осындай топтарға тап келіп жатады.
Психологтар қазір қаржы пирамидалары мен желілік маркетингтердің айырмашылығы қалмай бара жатқанын сөз етті. Олардың қатарында косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын компаниялар тұр. Атын атап, түсін түстемесек те, біз мұндай компаниялардың өнімдерін өзіміз де қолданып жүрміз. Мұндай компанияларды «МЛМ» деп атайды. Ол дегеніңіз Multіlevel marketіng (көпдеңгейлі маркетинг) деп аталатын бұл жүйеде тез баюдың жолын сізге сызып тұрып көрсете алады. Кей елдерде «МЛМ» компаниялардың қызметіне заңмен шектеу қойса, енді бірінде мүлде тыйым салынған.
Мұндағы алғашқы әрекет желілік маркетингке таныстарын шақырумен басталады. Одан кейін басқа кісі келіп жоспар сызып толығырақ түсіндіреді. Ол түсіндірушілерді өз орталарында «follower» деп атайды.
«Follow» артынан қалмай қадағалау деген мағынаны білдіреді. Ертесіне қармағына ілінген адамды интернеттен заттарды көрсетемін деп кездесуге шақырады. Сол кезде үшінші адам келіп, әңгіменің бағытын маркетингке бұрады. Фоллоу (follow) бір адамға жоқ дегенде 4 рет әртүрлі жетекшілермен өтірік кездейсоқ кездестіру арқылы қойылады. Осы фоллоуерлардың алдында адам өзіне керексіз қымбат затқа қалай тапсырыс беріп, компанияға қалай тіркеліп кеткенін білмей қалады. Бұл ұйымдардың да бас штабтары – шетелде. Негізінен студенттерді немесе жұмыссыз жүрген жастарды тартады. Желілік маркетингтерге алданғандарды жазалайтын немесе өтемақы өтетіп беретін заң жоқ. Ресей, Қытай олардың жұмысын реттеп отыруды заңдастырды. Ал қазір қаржы пирамидаларының тең жартысы осы желілік маркетинге көшті. Қазір оларды бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Олар да дәл осы әдіспен құлашын кеңге жаюда.
– Желілік маркетингтің айырмашылығы – тірі тауармен жұмыс істейді. Клиенттерді тартып, компания ережесіне сай жұмыс істесеңіз, ай сайын жалақы алуға мүмкіндік бар. Бірақ біздің тұрғындардың төлем қабілеті мен қаржылық сауаттылығы екінің бірінің миллионер болуына және басшыларының сол жағдайды қалыптастыруына мүмкіндік бермейді. Біздегі жүйе «бөліп ал да билей бер» деген қағидаға ұқсайды. Ал қаржы пирамидаларында қолыңда тауар жоқ, ақша ауада тұрғандай есеп болады. Мұндайда сенім аз. Алайда адамдар көп жағдайда құрғақ уәдеге сеніп қалады, – дейді психолог Гүлбаршын Әбілтаева.
ТҮЙІН Біздің елде алаяқтық жолмен жұмыс істеу де, табыс табу да жеңіл. Мысалы, Ресейде қаржы пирамидаларының тізімі бақылауда. Олар туралы мәліметті үкіметтің сайтынан табуға болады. Ақпарат жиі жаңартылып тұрады. Бізде олар жайлы мәліметтер тым жұтаң. Құқық қорғау орындары қаржы пирамидалары басшылары мен ұйымдастырушыларын халықты сазға отырғызып, тайып тұрғанда ғана іздейді. Сондықтан бұл мәселеде әрбір адам өзі сауатты әрі жауапты болғаны абзал. Қаржы пирамидасы қалтаны қампайтып емес, қағып кетуі бек мүмкін.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ