ТҰРМЫСТАҒЫ ТӘРТІП ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақ қоғамында ертеден-ақ ер-азаматты шаңырақ иесі, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Алайда құнды теңеу бүгінгі күні өз қасиетінен айырылу қаупінде тұр. Себеп неде? Өйткені қоғамда отбасылық тұрмыстық зорлықзомбылық мәселесі толық шешілмей келеді.
Сарапшылардың пайымдауынша елдегі әрбір үшінші әйел психологиялық зорлық-зомбылыққа, әрбір жетіншісі – физикалық, әрбір тоғызыншысы – экономикалық зорлық-зомбылыққа ұшырауда. Үйіндегі күйеуінен қасірет көрген әйелдер көбіне жұрттан ұялып, болған жайтты жасырып қалу үстінде. Шағымдансам күйеуім қысымды күшейтеді деп осылайша отбасының айналасында көп жайт қалып қойып жатыр. Елдегі неке қию саны төмендеп, есесіне ажырасудың көп етек алуы осыдан.
Бүгінде аудандық прокуратураның күн тәртібінен ел өміріндегі өзекті проблема отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі түспей келеді. Жақында Жосалы кенті әкімі аппаратының мәжіліс залында аудандық прокуратура, аудандық ішкі істер бөлімі, ардагерлер кеңесі және Отбасын қолдау орталығының мамандары бас қосты. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекетке прокурор Мейрамбек Жаңбырбайұлы бейжай қарап отырмады. Мәселені мінберде көтеріп, шешу жолын талқылады.
– Ауданымызда отбасылық жанжал, ұрыс-керіс көбеймесе азаймай тұр. Қазір кей әйелдер үйінде күйеуінің тоқпағын көріп, психикалық күйзелісте жүр. Оны қоғамнан жасырып, отбасының күйреуіне жол бермеуде. Біз мұның алдын алмасақ ертең үлкен дауға айналуы мүмкін. Сондықтан осы мәселеге қатысты тиісті сала мамандары бірігіп жұмыс жасап, тоқтатуымыз керек, – деді ол.
Осы орайда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков ақсақалдармен бірге кенттегі жанжал көп орын алған отбасыларды аралап, өз ақыл-кеңесін айтып, татулыққа шақырған. Оны жиын барысында сөз етіп, әлі де ардагерлер бұл істе белсенділік көрсететінін айтты.
– Қоғамдағы отбасылық жанжалға тек бір ғана ер адам кінәлі деу қиын. Өйткені таяқтың екі ұшы бар дегендей, біз тәртібі қиын үйлерді аралағанда әйелдердің де ұрыс-керіске ықпалы бар екенін байқадық. Сондықтан бұл мәселені шешуде екі тарапқа бірдей талап қойылу керек. Заң органдары қызметкерлерін тарта отырып, мәселенің соңы қылмыстық іске әкелетінін ескерту маңызды. Сонда ғана бұл іс өз нәтижесін берері анық, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жиын соңында аудан прокуроры тиісті сала мамандарына тапсырма беріп, қоғамдағы өзекті мәселе әлі де бақылауда болатынын жеткізді.
«ҚТ» ақпарат