Отбасы мәселесі мінберден түспейді
Жуырда аудан әкімдігі мен аудандық прокуратура, аудандық ардагерлер және әйелдер кеңесі жетекшілері, құқық қорғау органдарының мамандары бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық және онымен күресу шараларын талқылады.
Отбасын қолдау орталығында өткен жиында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбір көрген әйел азаматшаларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсету, құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтармен профилактикалық шаралар ұйымдастыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау жұмыстары пысықталды.
Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауы көңілге қаяу түсіруде. Болмашы түсінбеушіліктен басталатын ерлі-зайыптылар арасында жанжал үлкен дауға айналып, ел арасында резонанс тудырып отыр. Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Өз жақынынан зәбір көрушілердің артуы елімізде тұрмыстық зорлық- зомбылыққа қарсы жаңа заңның әзірленуіне түрткі болды. Қоғамның өзекті мәселесі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында да талқыланған-ды. Онда Президент қатыгездіктің күшейіп бара жатқанына баса назар аударып, біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті ұрып-соғуға дайын тұратындардың қатары аз емес екенін айтты. Осы орайда мұндай қылмыстардың алдын алып, жо- лын кесу үшін нақты тапсырма беріп, шаралар қабылдады.
Ауданымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тыйылмай келеді. Ер адамның ішімдікке салынып, әйелді ұрып-соғу былай тұрсын қазір ата-анаға қол көтеру, тіпті туған-туысқа да зиянын тигізу көбеюде. Басқосуда аудан прокуроры М.Маханбетжанов осыны мәселе етіп көтерді. Зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін тізімдегі адамдармен жеке-жеке жұмыс жасау, маскүнемдікке салынып, отбасының шырқын бұзатындарға қатаң шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Айта кететін жайт, жақында «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» мәселесіне қатысты ықпалдасу және кеңесу тәртібінде атқаратын іс-шараларда бірлесуге аудан прокура- турасы мен аудандық ардагерлер және әйелдер кеңесі өзара меморандумға қол қойды.
Ерсін ӘЛІБАЙ