» » ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ЕТЕК АЛМАСЫН ДЕСЕК

ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ЕТЕК АЛМАСЫН ДЕСЕК

Қыз баланың тағдыры – нәзік әуен секілді, көңілкүйге, ортаға, тәрбиеге тәуелді. Ұлттың ұяты саналатын қыздарымыздың болашағы бүгінде күрделі сынақ алдында тұр. Соның бірі – қоғамның көлеңкелі тұсына айналған ерте жүктілік мәселесі. Бұл қаншама мінберлерде, жиындарда жиі көтерілетін тақырып. Алайда қанша жиында мәселе көтеріп айтылғанымен нәтижеде ілгерілеу көрінбейді. Себебі бұл тек жиын болып шешетін нәрсе емес. Отбасында, күнделікті өмірде баланың санасына дәнді дұрыс себелеп, суарып отырмасақ, қапы қалуымыз ғажап емес. Тұспалдамай төтесінен айтайықшы. Ерте жүктіліктің ауыртпалық жүгін арқалаған арулар саны азаймай тұр. Иә, елімізде мектеп жасында жүкті болатын жасөспірімдер саны артуда. Проблеманың түпкі себебі неде? Ерте жастағы жүктіліктің денсаулыққа төндірер қаупі қандай? Мектеп әкімшілігі мен ата-ананың қателігі неде? Саралап көрелік.
Қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамында қызға деген көзқарас ерекше. Қызды еркелетіп, мәпелеп өсіргенімен «қырық үйден тыюды» да қалыс қалдырмады. Оны жат пиғыл мен тіл көзден сақтау үшін бұрымына шашбау тағып, бүрмелі көйлек кигізетін. Қазір бүрмелі көйлек тұрмақ етекті ұзарта алмай әлекпіз.
Заман өзгерген бе, жоқ әлде адам ба? Әйтеуір жас буын ерте жетілуде. Соңғы кезде мектептің 6-7 сынып оқитын кей қыздары «көңілі қалаған» жігітпен кездесуге шыға беретін болған. Оң- солын әлі ажырата білмейтін жасөспірімдер өзінің бұл қылығын есейгендік, бойжеткендік деп түсінетіндей. Сөйтіп жүріп талай қыз кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болып қалып жатыр. Рас, бүгінде қыз баланың құндылығы жойылып, қылығы кетіп бара жатқандай.
ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛАМЫЗ?
Қыз – отбасының гүлі, ұлттың үміті, болашақ ұрпақтың алтын діңгегі. Оның әр қадамы – ел болашағына қаланған кірпіш, әр таңдауы тұтас тағдырға әсер ететін шешім. Сондықтан да қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Соңғы жылдары қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – ерте жүктілік. Бұл – жай ғана медициналық немесе әлеуметтік жағдай емес, ел ертеңіне төнген көлеңке.
Ерте жүктіліктің алдын алу тек тыйыммен, шектеумен шектелмейді. Ол – саналы тәрбиемен, терең түсінікпен, мейірім мен сенімге құрылған қарым-қатынаспен ғана нәтижелі болмақ. Қыз баланың бойына өз қадірін сезіндіру – ең маңызды қадам. Ол өз болмысының қымбат екенін ұққанда өзін қорғай біледі. Бұл – тәрбиенің ең асыл нәтижесі.
Бүгінгі ақпарат тасқынында жастар толқыны жалған дүниені шындықтан ажырата алмай, өмір сабағын ғаламтордан іздейді. Сондықтан отбасы – оның алғашқы ұстазы, ал мектеп – бағыт берер шамшырағы болуы тиіс. Ашық әңгіме, жылы қарым-қатынас, сенімге негізделген диалог – бала тәрбиесінің алтын кілті.
Қыздарымызға ар-намыстың, инабат пен ибалылықтың қадірін үйретіп, махаббаттың тек сезім емес, жауапкершілік екенін түсіндіру – үлкен буынның парызы. Әсіресе ана мен қыз арасындағы сырлы әңгіме – өмірлік сабақтың ең ұтымды түрі. Әкелердің де қыз тәрбиесіндегі рөлі шет қалмауы керек. Қыз әкесінен сүйіспеншілікті, қамқорлықты көрсе, жүрегі бөтен сезімге жалтақтамайды.
Мектеп қабырғасындағы тәрбие де бұл жолда аса маңызды. Жасөспірімдерге жыныстық сауаттылық туралы ашық, әрі түсінікті тілмен жеткізу оларды өмір сынағына ерте дайын етудің бір жолы. Бұл – ұят емес, өмір шындығы. Ал шындықты білмей өскен бала жалған үміттің құрбаны болмақ.
Ерте жүктіліктің алдын алу – бүгінгі ұрпаққа қамқорлық, ал болашаққа – сенімді кепіл. Қыздардың өмірі қателіктермен емес, арманмен өрілсін десек, оларға дұрыс жол көрсетіп, сөзбен емес, іспен үлгі болайық.
ЖЫНЫСТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ЖОҚТЫҒЫ
Ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Көп жағдайда жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала береді. Салдарынан енді ғана қауызын ашқан нәзік гүл сабағынан сынып жатады. Сол себепті бірінші кезекте отбасында қыз тәрбиесіне ерекше мән берілуі тиіс. Мұнда ана мен қыздың арасында ашық диалог болу қажет. Себебі қызға анасынан жақын сенімді адам жоқ, сол себепті оның ағзасында болатын өзгеріс кезінде түсіндіріп, әңгімелесу керек. Сондай-ақ баланың сұрағына тыңғылықты әрі түсінікті жауап болған дұрыс. Міне, біздің кемшін тұсымыз да осы. Ұл болсын, қыз болсын ашық сөйлескен абзал. Негізінен, қазақ қоғамында бұл тақырыпты «ұят болады» деп жабулы күйінде қалдырады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Жалпы, әңгімелесу арқылы баланың болашағына немқұрайлы қарамайтыныңызды көрсетесіз, әрі ерте жүктіліктің, жалпы балаға төнген қауіптің алдын алуға болады.
ЕРТЕ ЖҮКТІЛІКТІҢ ЕРТЕҢІ КҮМӘНДІ
Қыз бала – болашақ ана. Бірақ ол болашаққа басар жолында, бозбала шақтағы аңғалдықтың, бейқамдықтың құрбаны болып жатады. Бүгінгі қоғамда ақпараттық кеңістіктің шексіздігі, ата-ана бақылауының әлсіздігі және моральдық құндылықтың әлсіреуі жасөспірімдердің өмірге ерте араласуына себеп болуда.
Ерте жүктілік – тек бір қыздың ғана емес, тұтас бір отбасының, ел болашағының тағдырына әсер ететін күрделі мәселе. Қыз бала – әлі де балалықтан алыстамаған жан. Ал аналық жауапкершілік – үлкен сана мен кемелденген көзқарасты қажет етеді. Бұл жауапкершілікке дайын болмаған жастың психологиялық күйзеліске, әлеуметтік оқшаулануға тап болары сөзсіз. Ата-ана махаббаты мен мектеп тәрбиесінің өзара үйлесімі – бұл мәселеге тосқауыл болар басты қорған. Қыз балаға «ұят», «ар», «инабат» ұғымдарын ұрпақ сабақтастығында сіңіру – халқымыздың ежелгі тәрбиелік дәстүрі болатын. Сол құндылықтарға қайта оралу – бүгінгі күннің басты қажеттілігі. Қоғам болып бейжай қарамай, әр қыздың тағдырына бейімделген білім мен тәрбие, түсінік пен қолдау қажет. Себебі әр баланың болашағы – ұлттың болашағы. Ерте жүктілік – бір сәттік аңғалдықтың, бірақ ғұмырлық салмақтың көрінісі. Сондықтан бұл – күресу керек дерт емес, алдын алуға тиіс міндет.
ҚАУІПТІЛІГІ ҚАНДАЙ?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 16 миллион кәмелетке жетпеген қыз жүкті болады екен. Ал соның үш миллионы жасанды түсік жасататын көрінеді. Статистика бойынша елімізде 2018-2023 жылдары 29487 жасөспірім қыз жүкті болып, олардың 5792-сі жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген жағдай ғана. Ал ойнап жүріп от басқан бұдан басқа қаншама бойжеткен барын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Ерте жүктілік 13-18 жаста болады. Осы уақыт өтпелі кезең болғандықтан ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге дайын болмайды.
Біреулер жасанды түсікке барады, келесісі баланы босанған соң қоқысқа тастай салады. Өзі әлі бала, ал оған бала қайдан керек болсын?! Міне, трагедия осы емес пе?! Олар құрсаққа біткен баланың жауапкершілігін білмейді, яки сезінбейді. Себебі мұндай өзгеріске қыздың өзі де, ағзасы да дайын емес. Көп жағдайда мұның соңы жасөсіпірімдер арасында суицидке, түсік салдарынан түрлі ауруға, бедеулікке ұласып жатады. Биологиялық, физиологиялық әлі жетіліп үлгермеген нәзікжандылардың дені сау ұрпақ әкелуі де екі талай дейді мамандар.
Елімізде ерте жүктілік жағдайы жоқ сияқты, сәбилер қоқысқа тасталмайтын сияқты өмір сүреміз ғой. Бұл мәселенің себеп-салдарына ешкім үңіліп те жатпайды. Бұл жағдайдың артында тағы бір үлкен мәселе жатыр. Оған нақты статистика да жүргізілмейді, яғни, жүкті екенін естіген бойжеткеннің бір бөлігі өз-өзіне қол жұмсайды. Міне, ерте жүктіліктің қауіптілігінің соңы құрсаққа біткен бала мен ана өлімімен аяқталады.
ЖАУАПСЫЗ ЖІГІТ, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА
Ерте жүктілік туралы сөз еткенде барлығын тек қыздың мойнына іліп қоюға болмайды. Қызды тәрбиелеу керек дейміз. Бірақ біреуге қысым жасап, оны жыныстық қарым-қатынасқа тартудың зорлық екенін жігіттерге үйретпейміз. Ер кісілер, жігіттердің жауапкершіліктен оңай құтылып жатқанының себебі – біз бала тәрбиесінде бала тууды да, оны асырауды да, жүктіліктің дұрыс болуын да, барлығын әйелдің жауапкершілігіне беріп қойғанбыз. Бұл жауапкершілікті әлі ер азаматтармен бөлісуді білмейміз. Қоғам да сондай. Жасыратыны жоқ, жауапкершіліктен қашпай, қызға үйленіп, баланы қабылдайтындар да бар. Бірақ олар тым аз. Әр нәрсенің өз өтемі болады. Сондықтан баланың болашағына, жауапкершілігіне жалғыз ана жауапты емес, әкенің де рөлін ұмытпаған жөн.
ТҮЙІН «Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» деген сөз бекер айтылмаса керекті. Себебі бойжеткен қыздың соңынан қашанда сөз еретіні белгілі. Әсіресе жігітпен қол ұстасып түнделетіп жүрген жас қыздарға сын тағады. Ақ босағаны аттамай жатып, жүкті болатындарға саусағын шошайтатындар да әркез табылады. Сол себепті олардың тәрбиесіне немқұрайлық танытпайық.
Кейде біз күрмеліп байланған күрделі мәселенің түйінін әр шетінен бір тартып, кейде тістеп, кейде күшке салып, шеше алмай әбігерге түсеміз. Тартып қалсаңыз, шешіліп сала беретін ең қажет ұшын табуды ойламаймыз. Біз осы ұлт тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде жорғамыздың жолынан жаңылардай қай жерден ағат кеттік? Сатып алам десе, сары алтынның да құны жетпейтін ұлттың ұяты қайда қалды?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 шілде 2025 ж. 86 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10420)

15 шілде 2025 ж.

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 078
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031