Әлі бала, бірақ ана...
Қазіргі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз дүние көп. Соның дені кәмелетке толмағандар арасында қылаң береді. Өкінішке орай қанша жиында мәселе көтеріп айтылғанмен нәтижеде ілгерілеу көрінбейді. Себебі бұл тек жиын болып шешетін нәрсе емес. Отбасында, күнделікті өмірде баланың санасына дәнді дұрыс себелеп, суарып отырмасақ, қапы қалуымыз ғажап емес. Тұспалдамай төтесінен айтайықшы. Ерте жүктіліктің ауырпалық жүгін арқалаған арулар саны азаймай тұр. Иә, елімізде мектеп жасында жүкті болатын жасөспірімдер саны артуда. Проблеманың түпкі себебі неде? Ерте жастағы жүктіліктің денсаулыққа төндірер қаупі қандай? Мектеп әкімшілігі мен ата-ананың қателігі неде? Саралап көрелік.
Қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамында қызға деген көзқарас ерекше. Қызды еркелетіп, мәпелеп өсіргенімен "қырық үйден тиюды" да қалыс қалдырмады. Оны жат пиғыл мен тіл көзден сақтау үшін бұрымына шашбау тағып, бүрмелі көйлек кигізетін. Қазір бүрмелі көйлек тұрмақ етекті ұзарта алмай әлекпіз.
Заман өзгерген бе, жоқ әлде адам ба? Әйтеуір жас буын ерте жетілуде. Соңғы кезде мектептің 6-7 сынып оқитын кей қыздар "көңілі қалаған" жігітпен кездесуге шыға беретін болған. Оң-солын әлі ажырата білмейтін жасөспірімдер өзінің бұл қылығын есейгендік, бойжеткендік деп түсінетіндей. Сөйтіп жүріп талай қыз кәмелеттік жасқа жетпей жүкті болып қалып жатыр. Рас, бүгінде қыз баланың құндылығы жойылып, қылығы кетіп бара жатқандай.
Ерте жүктіліктің қауіптілігі қандай?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде жыл сайын 16 миллион кәмелетке жетпеген қыз жүкті болады екен. Ал, соның үш миллионы жасанды түсік жасататын көрінеді. Статистика бойынша елімізде соңғы бес жылда 29487 жасөспірім қыз жүкті болып, олардың 5792-і жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген жағдай ғана. Ал ойнап жүріп от басқан бұдан басқа қаншама бойжеткен барын өзіңіз бағамдай беріңіз.
Ерте жүктілік 13-18 жаста болады. Осы уақыт өтпелі кезең болғандықтан ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге дайын болмайды.
Біреулер жасанды түсікке барады, келесісі баланы босанған соң қоқысқа тастай салады. Өзі әлі бала, ал оған бала қайдан керек болсын?! Міне, трагедия осы емес пе?! Олар құрсаққа біткен баланың жауапкершілігін білмейді, яки сезінбейді. Себебі мұндай өзгеріске қыздың өзі де, ағзасы да дайын емес. Көп жағдайда мұның соңы жасөсіпірімдер арасында суицидке, түсік салдарынан түрлі ауруға, бедеулікке ұласып жатады. Биологиялық, физиологиялық әлі жетіліп үлгермеген нәзікжандылардың дені сау ұрпақ әкелуі де екі талай дейді мамандар.
Елімізде ерте жүктілік жағдайы жоқ сияқты, сәбилер қоқысқа таслмайтын сияқты өмір сүреміз ғой. Бұл мәселенің себеп-салдарына ешкім үңіліп те жатпайды. Бұл жағдайдың артында тағы бір үлкен мәселе жатыр. Оған нақты статистика да жүргізілмейді. Яғни, жүкті екенін естіген бойжеткеннің бір бөлігі өз-өзіне қол жұмсайды. Міне, ерте жүктіліктің қауіптілігінің соңы құрсаққа біткен бала мен ана өліміне аяқталады.
Жауапсыз жігіт, жалғызбасты ана
Ерте жүктілік туралы сөз еткенде барлығын тек қыздың мойнына іліп қоюға болмайды. Қызды тәрбиелеу керек дейміз. Бірақ біреуге қысым жасап, оны жыныстық қарым-қатынасқа тартудың зорлық екенін жігіттерге үйретпейміз. Ер кісілер, жігіттердің жауапкершіліктен оңай құтылып жатқанының себебі – біз бала тәрбиесінде бала тууды да, оны асырауды да, жүктіліктің дұрыс болуын да, барлығын әйелдің жауапкершілігіне беріп қойғанбыз. Бұл жауапкершілікті әлі ер азаматтармен бөлісуді білмейміз. Қоғам да сондай. Жасыратыны жоқ, жауапкершіліктен қашпай, қызға үйленіп, баланы қабылдайтындар да бар. Бірақ олар тым аз. Әр нәрсенің өз өтемі болады. Сондықтан баланың болашағына, жауапкершілігіне жалғыз ана жауапты емес, әкенің де рөлін ұмытпаған жөн.
Ерте жүктілік етек алмасын десек..
Ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Көп жағдайда жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала береді. Салдарынан енді ғана қауызын ашқан нәзік гүл сабағынан сынып жатады. Сол себепті бірінші кезекте отбасында қыз тәрбиесіне ерекше мән берілуі тиіс. Мұнда ана мен қыздың арасында ашық диалог болу қажет. Себебі қызға анасынан жақын сенімді адам жоқ, сол себепті оның ағзасында болатын өзгеріс кезінде түсіндіріп, әңгімелесу керек. Сондай-ақ, баланың сұрағына тыңғылықты әрі түсінікті жауап болған дұрыс. Міне, біздің кемшін тұсымыз да осы. Ұл болсын, қыз болсын ашық сөйлескен абзал. Негізінен, қазақ қоғамында бұл тақырыпты «ұят болады» деп жабулы күйінде қалдырады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Жалпы, әңгімелесу арқылы баланың болашағына немқұрайлы қарамайтыныңызды көрсетесіз, әрі ерте жүктіліктің, жалпы балаға төнген қауіптің алдын алуға болады.
Аудандағы ахуал
Ерте жүктілік қыздардың психологиясына кері әсер етеді. Өздерінің балалығымен қоштаса алмай, ендігі ересек өмірге үйренісе алмай, бей-жай күйде жүреді. Бұл депрессия, неврастения, созылмалы шизофрения және ашықтүрлі шизофренияға шалдықтырып жатады. Ерте босанған қыздар босанудан кейінгі күйзеліске ұшырап, толғақ кезіндегі қиындықтарды көтере алмайды. Екінші мәрте ана болуды қаламайтындары да кездеседі. Себебі олардың психологиясы әлі балалықтан шықпаған дейді мамандар.
Ауданда өткен жылы ерте жүктілікке байланысты 5 адам тіркелген. Оның 3-еуі бөбектерін қолына алса, 1-еуі басқа қалаға қоныс аударған, ал қалған 1-еуі сәбиін күтуде. Ал биыл кәмелетке толмағандар арасындағы жүкітілік оқиғасы тіркелмеген.
– Баланы тәрбиелеу – ананың басты міндеті. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне ананың ерекше мән бергені жөн. Ең дұрысы ана қызы үшін жақын құрбыға айналса деймін. Онымен сырлас болып, өзін мазалаған ішкі ойымен бөлісіп, алғашқы махаббаты жайында ашық айта білгені жөн. Ал анасы қызын тыйып ұстамай, оның ойы мен пікірін тыңдауы керек. Бұл тұста әкенің де рөлі үлкен. Әкесіне еркелеп өскен қыз еш уақытта да қателікке ұрынбайды. Сонымен қатар, қыздың болашақ жар, болашақ ана екенін, басқа үйдің босағасын аттағанда бойын тік ұстап, тәрбиелеп өсірген ата-ананың жүзін төмен түсірмейтіндей етуі үшін табалдырықты пәк болып аттағаны лазым екенін үнемі айтып отыруы артық болмайды. Сонда қыз жамандыққа жолықпайды. Жыл көлемінде ЖДО, СӨСҚ мамандарының ұйымдастыруымен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында колледж студенттері мен мектептің жоғары сынып оқушылары арасында қыздар жиналысы және ата-аналар жиналысы өткізіледі, – дейді салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің маманы Дариха Құлмырзаева.
«Қыз он беске келгенде, шашынан көп жаласы» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Себебі, бойжеткен қыздың соңынан қашан да сөз еретіні белгілі. Әсіресе, жігітпен қол ұстасып түнделетіп жүрген жас қыздарға сын тағады. Ақ босағаны аттамай жатып, жүкті болатындарға саусағын шошайтатындар да әркез табылады. Сол себепті олардың тәрбиесіне немқұрайлық танытпайық.
Кейде біз күрмеліп байланған күрделі мәселенің түйінін әр шетінен бір тартып, кейде тістеп, кейде күшке салып, шеше алмай әбігерге түсеміз. Тартып қалсаңыз, шешіліп сала беретін ең қажет ұшын табуды ойламаймыз. Біз осы ұлт тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде жорғамыздың жолынан жаңылардай қай жерден ағат кеттік? Сатып алам десе, сары алтынның да құны жетпейтін ұлттың ұяты қайда қалды?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ