Ерте жүктіліктің салдары қайсы?
Басқаға қарағанда, қаймағы бұзылмаған қазақия қоғамында қызға деген көзқарас ерекше. Қызын жат пиғыл мен тіл-көзден сақтау мақсатында бұрымына шолпы, тақиясына үкі тағып, бүрмелі көйлек кигізетін болған. Халқымыз қыздың өлшемін – ұлттың өлшемімен өлшеген. Сол себептен де, қайсыбір отбасы болмасын қыз бала дүниеге келсе, «қазаншы» келді деп, жақын-жуығынан сүйінші сұраған. Қызға мәпелеп қараумен қатар, керек жерінде қаталдық та танытқан. «Қызды – қырық үйден тию», «Қыздың өзі үйде болғанымен, қылығы түзде» деп болашағына бей-жай қарамаған.
Мәселе сонда болып тұр ғой. Жалпы, ерте жүктілік қыз бала ағзасына қауіпті ме? Жүктілік кезінде ағазаның жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйесі мен ішкі органға жүк түсетіні рас па? Жас аналардың денсаулығы қалай қадағаланады? Ерте жүктілік неден пайда болады?
Маманның пайымынша, ерте жүктілік – бұл жыныстық тәрбие туралы білімнің жетімсіздігі. Бірқатар отбасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме-сөздің қозғалмауында. Қыз бен анасының арасындағы жылы қарым-қатынас пен етене байланыстың жоқтығынан да орын алуы мүмкін. Мәселен, көптеген жанұяда бұл тақырып жабулы қазан күйінде қала беретіндігінде. Әйткенмен, бұл – дұрыс емес. Алдыңғы жылы аудан бойынша 13-19 жастағы жасөспірім арасында 16 жүктілік фактісі тіркелсе, былтыр 9 жүктілік тізімге алынған. Атап айтарлығы, ерте жүктіліктің әсерінен өмірге сәби әкелген жас аналар денсаулығына зиян келмеді ме? Ерте жүктілік дегеніміз не? Маман пікіріне зер салсақ...
– Ерте жүктілік деп 13-18 жаста болатын жүктілікті айтамыз. Осы уақытта қыз баланың өтпелі кезеңі басталып, ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге әзір болмайды. Сол үшін ең дұрысы – ерте жүктіліктен сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтану жайында орта мектепте ата-анамен, сынып жетекшімен жиі әңгімелесу керек. Сондай-ақ, жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқу да көп көмегін береді. Егер қыз жыныстық қатынасқа ерте түссе, ол оның салдарын білуі тиіс. Міне, осы тұста оған отбасында анасымен, жеңгесімен жақын сырласуы қажет. Кейде біз баланы өте қатал тәрбиелеп жатамыз. Тәрбиелеу – осы екен деп шамадан тыс қаталдыққа салынып, баланы жастайынан жалтақ етеміз. Осыдан келіп, қыз анасына ашылып, ойындағысын айтуға жасқанады немесе ұялады. Мәселен, бала дәурен қалып, қыз дәуренінің басталғанын ол анасына емес, алдымен құрбысына, яки болмаса жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды бала кезінен өзімізге сендіріп, оған анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіргеніміз абзал. Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыру артық етпейді. Егер ол жүктілікке әзір болмаса, жүктіліктен сақтанудың жолынан толық ақпараттанғаны дұрыс. Атаулы мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу, сонымен бірге карьера жасау мүмкіндігінен айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды. Көп жағдайда қыздар жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса жақсы) ана тығырыққа тіреледі. Нақты білімі, жұмысы жоқ оның баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды, – дейді амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухананың бас акушері Әсем Мерекова.
Шыны сол, мұның бәрі анаға оңай соқпайды. Көп жағдайда шарасыздыққа түскен жас ана баласын балалар үйіне тастап кетіп жатады. Бұл – өкінішке орай, ерте жүктілік салдарынан болатын, өмірде жиі кездесетін жағдаят.
– XXI ғасырда медицина жылдам дамуда. Кез келген азаматтың денсаулығы – өзекті мәселе. Осы ретте, бір біз емес, бүкіл әлемге кеңінен тараған жасанды түсік жасату мәселесін шешу – басты міндеттің бірі саналады. Себебі, жасанды түсік әйелдің өмірін қиып қана қоймай, болашақта аналық махаббаттан шектете түспек. Бір жанұяның мәселесі қоғамдық мәселеге ұласпас үшін бүгіннен бастап өз денсаулығымызға байыппен қарап, дәрігермен кеңескен жөн, – дейді аурухананың бас акушері.
Түйін:
Қыз – сұлулық пен ақылдың белгісі. Ұлтқа келер ұят пен ардың өлшемі. Қыз қылығы – талайды тамсандырып, талайдың жүрегін жаулаған. Қаншама ақынның шабытын оятып, жырына арқау болған. Қыз – қазақтың мақтанышы. Әрбір азамат бір қыз көрсе, оған туған қарындасы мен әпкесіндей, бір ананы көрсе туған анасы мен әжесіндей қараса – қазақ қызы кім көрінгеннің аяғына тапталып, кім көрінгеннің жетегінде кетпейді. Халқымыз: «Бағалай білгенге – бақ қонар», – дейді. Қыз – біздің барымыз да нарымыз, қырмызы қызыл гүліміз. Гүлімізді тамырынан ерте солдырмай, бағалай да аялай білейік.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».