СУ – ДОСЫҢ ДА, ДҰШПАНЫҢ ДА
Жаз келіп, күн ыси бастағанда ел тұрғындары өзен жағасына асығады. Аудан аумағындағы су айдындары – халықтың сүйікті демалыс орындарының бірі. Алайда сергектік пен тынығудың орны толмас қайғыға айналмауы үшін суға шомылу ережелерін сақтау – басты талап. Қауіпсіздік ережесін сақтамасаң – қатерге тап боласың.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын республика бойынша суға батып кету фактілері тіркеліп жатады. Көп жағдайда бұған себеп – салғырттық пен жауапсыздық.
Суға шомылу кезіндегі басты ережелерге тоқталсақ. Тек рұқсат етілген, арнайы жабдықталған жерлерде шомылыңыз. Өзеннің тереңдігін, иірімін, ағыс күшін білмей тұрып суға түспеңіз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Әсіресе кішкентай балалар су маңында міндетті түрде ересектердің бақылауында болуы тиіс. Ал мас күйде суға түсу – өмірмен қош айтысу деген сөз. Ешқашан алкоголь ішкеннен кейін суға бармаңыз. Су астындағы бөгеттер мен белгісіз нысандарға жақындамаңыз. Құтқарушылардың немесе тұрғындардың ескертуін елемеу қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар жүзу білмейтін жандарға арналған кеудешелер, жеңшелер, арнайы шеңберлер қауіпсіз демалыстың кепілі.
Балалардың судағы қауіпсіздігі – бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігінде. Өзен-көлдерде балалардың үлкендердің қарауынсыз шомылуы өте қауіпті. Сондықтан балаларыңызға ерте жастан жүзуді үйретіп және суға олармен әрдайым бірге барып, қауіпсіздік ережелерін күнделікті айтып отырыңыз.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі суға шомылу маусымында барынша сақ болуға шақырады. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың өмірін сақтаңыздар! Қауіпсіздік ережесін сақтау – әркімнің азаматтық міндеті. Тынығу мен демалыс сәті қайғылы жағдайға ұласпасын десеңіз ереже сақтаңыз.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі