СУ ТАПШЫЛЫҒЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУ МАҢЫЗДЫ
Қазір ауылдағы шаруашылықтардың жұмысы бір арнаға түсіп, егіні суда тұр. Бүгінде су мәселесі қалыпқа келіп, аудандар кезектілік кестесіне сәйкес қажетті су мөлшерін егінге жұмсауда. Биыл ауа райы ерте жылынуына байланысты күріш себу жұмыстары да ерте басталып, егісті суға бастыру үшін жоғарыдан келетін су көлемі төмен болғаны рас. Себебі де жоқ емес. Ғаламдық климат өзгерісіне байланысты су көлемі жыл өткен сайын азайып барады. Бұл орайда су пайдаланудың жаңа мәдениетін қалыптастыру өте маңызды.
Биыл аудан бойынша жалпы көлемі 25 598 гектар алаңға егіс орналастырылса, оның 13097 гектары күрішке тиесілі. Майлы дақылдар 1200 гектар, жаздық бидай 1000 гектар, арпа 130 гектар, сүрлем жүгері 39 гектар, күнбағыс 2 гектар, мал азықтық дақылдар 8950 гектар, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1180 гектарға егілген. Күрішті суға бастыру бойынша «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалымен шаруашылық құрылымдары 411,10 млн текше метрмен келісім-шарт жасасқан. Қазіргі уақытта ауданымыз оң жағалау каналынан жоспар бойынша 51,48 м3 су мөлшерін алу керек болса, нақты алынып жатқан су мөлшері 42,50 м3 болып отыр. Себебі кезектілік кестесіне сәйкес басқа да аудандар қажетті суды алуда. Кестеге сәйкес ауданның шаруашылық құрылымдары су айналымы және су тарту қондырғысы арқылы қашыртқы суларын қайта пайдаланып отыр.
Бүгінде аудан бойынша 13097 гектар күріш толығымен суға бастырылса, оның ішінде 12893 гектары «Қармақшысушар» өндірістік учаскесімен су алуға келісім-шартқа отырған. Нақтысын айтқанда АралСырдария бассейндік инспекциясы рұқсатымен «Дәуіт» және «Әлиасқар Ата» шаруа қожалықтары 130 гектар күріш дақылына Сырдария өзенінен насос арқылы су алуда.
Жалпы суару науқаны басталғаннан бері Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы Сырдария өзенінен 1,9 млрд текше метр су алып, тұтынушыларға 1,5 млрд текше метрін нақты жеткізіп берген. Әзірленген су пайдалану жоспарына сәйкес су көзінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы қажетті су алынуда. Су тапшылығы жағдайында егілген егісті шығынсыз алып шығу үшін министрліктің қолдауымен, облыс әкімдігімен бірлескен іс-шаралар қолға алынып отыр.
Мәселен ауданда күріш егу барысында су тапшылығы орын алып, ауылшаруашылық кұрылымдары қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдаланып 1076 гектар егістік алқаптарына су алған болатын. Қазіргі таңда қашыртқыдан екінші мәрте суды пайдаланған шаруашылықтардың күріш алқаптарының көлемі көбеюде.
Атап айтқанда, ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдық округтері «ІІІ Интернационал Жер», «Достық Жер МК», «Ақниет» «Жаңажол» ауылшаруашылық құрылымдары Наурызбай каналына Оңтүстік қашыртқы мен Қармақшы қашыртқысынан насос арқылы және өз ағынымен суын пайдалануда. Ал Ақтөбе ауылдық округіндегі «Ақтөбе и К» ЖШС ПВ-13-6 Б1 каналына Батыс Қармақшы қашыртқысынан екі электрлі насоспен су алып отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт бүгінде жергілікті тұрғындарға өз-өзін негізгі азық-түлік, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аймақ басшысы қосымша егістік жер дайындап беруді тапсырған-ды. Осы орайда биыл аудан тұрғындары да 417 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, 957 отбасы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізуде. Әртараптандыру – бүгінгі күннің басты талабы. Сондықтан су тапшылығы жағдайында күріш көлемін оңтайландырып, өзге дақылдар егісін ұлғайту маңызды қадам болып отыр. Қазіргі қалыптасқан су тапшылығы жағдайында күріштен басқа дақылдар көлемін арттыру бүгінде аймақ басшысының ең маңызды тапсырмасының біріне айналған.
Ерсін СӘДУҰЛЫ