Диқандар дала жұмысына кірісті
qarmaqshy-tany.kz ҚЫСТЫҢ ЫЗҒАРЫ КЕТІП, КӨКТЕМНІҢ ЖЫЛЫ ШУАҒЫ ЖЕРГЕ ТҮСКЕННЕН АЙНАЛАДА ҚЫЗУ ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАЛАТЫН ӘДЕТІ. МҰНДАЙ ДА ӨЗ ІСІНЕН ЖАҢЫЛМАЙ ЕРТЕ ҚАМҒА КІРІСЕТІНДЕРДІҢ БІРІ – ДИҚАН ҚАУЫМЫ. ҚОЛЫНА КЕТПЕНІН АЛЫП ҚАРА ЖЕРГЕ ДӘН СЕБУГЕ ҚАРЕКЕТ ЖАСАЙТЫН ОЛАР, Ә ДЕГЕННЕН ЖҰМЫСТАРЫН БАСТАП ТА КЕТТІ. СЕБЕБІ ДИҚАНДАР ҮШІН КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ ҚЫМБАТ. ОДАН БӨЛЕК, ЗЕЙНЕТІ МЕН БЕЙНЕТІ ҚАТАР ЖҮРЕТІН ЕГІН ЖҰМЫСЫ ТЫҢҒЫЛЫҚТЫ ДАЙЫНДЫҚТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ.
Биыл вегетациялық мүмкіндіктерге байланысты егіс көлемін жоспарлау жұмысы әзірленді. Меже бойынша аудан шаруашылықтарының 26709 гектар жерге егіс орналастыру мүмкіндіктері бар. Мәселен, күріш көлемін – 13800 гектар, майлы дақылдар, соның ішінде мақсары – 1050 гектар, жаздық бидай – 1050 гектар, арпа – 150 гектар, сүрлем жүгері – 50 гектар, күнбағыс – 5 гектар, құмай – 50 гектар, мал азықтық дақылдары – 9081 гектар, бақша дақылдары – 1473 гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ерте егілетін ақ егістерден жаңа жоңышқа – 595 гектар, мақсары – 200 гектар, жаздық бидай – 270 гектар жерге орналастырылды.
Техника бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары бірлесіп, биылғы егіс жұмыстарына қатысатын техникалардың дайындығы тұрақты түрде бақыланып, есебі алынып отыр. Көктемгі дала жұмысына 163 трактор, 48 соқа, 26 тұқым сепкіш, 62 автомашина, 93 трактор тіркемесі қатыспақ.
Жоспарланған егіс көлеміне қажетті тұқымдардың көлемі де нақтыланып, шаруашылықтармен талдау жасалынған. Биылғы егіс жұмысына 3500 тонна күріш тұқымы қажет болса, қолда бары 3600 тонна.
Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар картоп, сәбіз, жуа, қырыққабат өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында жеке секторда орналастыратын егіс көлемі нақтыланған. Ауыл әкімдерімен бірлесіп, жеке секторда 104 гектар картоп, 60 гектар көкөніс, 228 гектар бақша, барлығы 392 гектарға егіс орналастыру жоспарланған.
Егіннің жақсы шығуына минералды тыңайтқыштардың әсері мол. Биылғы егіс жоспарына барлығы 14518 тонна минералды тыңайтқыш пен 16640 литр гербицид қажет деп отыр мамандар.
Жалпы шаруашылықтар дала жұмысын одан әрі жалғастыруға сақадай сай. Алайда басты ауыртқан жылдағы басты мәселе – су тапшылығы тағы да бүйректен қыса ма деген алаңдары бар.
Ерсін СӘДУҰЛЫ