БЕДЕУЛІК – ТҰТАС ҰЛТТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ
Гүлнұр мен Серіктің отасқандарына бірнеше жыл болды. Әйтсе де араларында бала жоқ. Жақынжуықтың бәрі жаны ашып «дәрігерге тексерілдіңдер ме? Не дейді? Уақыт өткізіп алмаңдар» дегенді жиі айтады. Бірақ бұл сөздер жанұя құрған екі жанға қатты батады. Ерлі-зайыптының баспаған тауы, тоздырмаған табалдырығы қалмаған. Ақ халаттының да, емшінің де айтатыны – «денсаулықта ешбір кінәрат жоқ.
Елімізде Гүлнұр мен Серік секілді сәбидің сыңғыр күлкісін естуді армандап жүрген жандар аз емес. Сәби сүюге зар болған жұбайлардың қатары жыл санап артып келеді. Бедеуліктің белең алып бара жатқаны – бір отбасының ғана емес, тұтас ұлттың трагедиясы. Өйткені еліміздегі әрбір алтыншы отбасы осындай дертке душар болған. Салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші 20 пайызға жетті. Ендеше демографияға кері әсер ететін бұл кеселден қалай сақтанамыз? Қайтпек керек? Бедеуліктің белең алу себебі не? Саралап көрсек.
Біз бесігіміз бос қалмасын дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Кезінде ұрпақсыздықтың кесірін көп тартпаған ұлтымыз бүгінде бұл індеттің шырмауына шындап шырмалғандай. Алайда мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді. Не дегенмен де, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кесел болып тұр.
СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Соңғы жылдары елімізде бедеулік диагнозымен есепте тұрғандар саны 3 есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы шамамен 10 мың болса, 2023 жылы 29 мыңға жуықтаған. Оның көпшілігі – әйелдер. Ерлердің саны өте аз. Мамандардың айтуынша, еліміздегі бедеулік деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен бірдей. Қазақстандағы жұптардың 16-17 пайызы бала көтеруде қиындыққа тап болатын көрінеді.
Әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең соңғы мәліметі осыдан бес жыл бұрын жарияланған екен. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан өскені анық. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрдісінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдар құнарсыз. Ассуымызда небір бояғыш, дәм күшейткіш, химиялық қоспа көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айналған микротолқынды пеш, компьютер, ұялы телефон да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жақын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді.
ҰЯЛЫП ЖҮРІП, ҰЛҒАЙТЫП АЛМАЙЫҚ
Бала өрбіту, ұрпақ әкелу – тек әйелдердің проблемасы емес. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектің де үлесі үлкен. Бірақ бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлаймыз. Адам санасы өзгеріп, заман сан құбылса да мұндай сыңаржақ көзқарас әлі де бар. Әсіресе қазақтың қалыптасқан санасы балалы бола алмаудың кінәратын алдымен нәзік жандылардан іздейтіні рас. Иә, бұрын отбасындағы ерлі-зайыптылардың ұрпақсыз өтуіне тек әйел ғана айыпты деп саналып келгені шындық. Бірақ ғылыми-зерттеудің нәтижесінде бала көтермеуге ер адамдардың да кінәлі екені анықталған. Сондықтан бедеуліктің себебін білу үшін ерлізайыптының екеуі де дәрігерге тексерілгені жөн.
Еркек денсаулығы. Бұл көп айтылмайтын, талқыланбайтын тақырып. Мұны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасынан да аңғару қиын емес. Ұйымның мәліметінше, әлемдегі еркек қауымның 10 пайызы ғана өз денсаулығын ойлайды екен. Дәрігерлердің айтуынша, еркектер дерті дендегенде ғана емханаға келеді. Ал урология мәселесіне келгенде, кежегесі кері тартып-ақ тұрады. Ұялады, не мойындағысы келмейді.
СЕБЕП КӨП
Бала сүйе алмаудың негізгі себебіне жыныстық қатынасқа ерте түсу, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жатады. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, шылым шегуден болатын эндокриндікметаболитикалық өзгерістер де бедеулікке алып келеді. Әйелдерде жатыр түтікшесінің бітелуі бедеуліктің ең басты себебі болып отыр.
Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленгеннен кейін, бір жыл бойы бала болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрге бөлінеді екен. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайтын көрінеді. Есімі елге белгілі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бір сұхбатында көмек сұрап келетін әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар екенін айтқан болатын. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген.
БЕДЕУЛІКТІҢ ШЕШІМІ БАР
Әр мемлекет бұл жайтпен өзінше күресуде. Жалпы жұптарға көмек көрсететін әртүрлі емдеу әдісі бар. Оның ішінде экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) сияқты инновациялық тәсілді ерекше атаған жөн, яғни медицина саласындағы жетістік бедеулік мәселесін қолдан ұрықтандыру арқылы шешуге мүмкіндік беруде. Айта кетейік, республика бойынша соңғы 30 жылда 140 мыңнан астам жұп ұрықтандыру эко әдісі арқылы емделіп, 39 мың сәби дүниеге келген екен.
Иә, ЭКҰ-ның тиімділігі жоғары болғанымен, оны жасату қарапайым отбасылар үшін қолжетімді емес. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды жақсарту үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасын бастады. Осылайша мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие бола алады. Мұндағы барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. Айта кету керек, «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасына жылына бір рет қана тегін жүгінуге болады.
Түйін Иә, дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен де, бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ