АДАЛДЫҢ ОТЫ ӨШПЕЙДІ
Адамның өмірі бір қарағанда ұзақ көрінетін секілді. Бірақ көз алдыңыздан өткізетін болсаңыз, лента сынды зу ете қалары сөзсіз. Қалай десек те, өткен күннің жақсы сәттерін есте сақтау көрегенділіктің белгісі дер едім. Себебі біз жақсы күндерімізді еске алу арқылы кешегі жолымызға көз тастаймыз, ондағы тәрбиелік дүниелерді жанымызға, өмірімізге тірек етеміз.
Бала кезден бастап тілеулес досым болған жанның бірі – Кетебай Жабағиев. Ол екеуміз аудандағы бұрынғы әскери кеңшар, қазіргі Иіркөл ауылында құлын-тайдай тебісіп мектепті бірге оқып-бітірдік. Біздің бар қызықты балалық шағымыз сол ауыл топырағында бірге өтті.
Бала кезден бастап тілеулес досым болған жанның бірі – Кетебай Жабағиев. Ол екеуміз аудандағы бұрынғы әскери кеңшар, қазіргі Иіркөл ауылында құлын-тайдай тебісіп мектепті бірге оқып-бітірдік. Біздің бар қызықты балалық шағымыз сол ауыл топырағында бірге өтті.
Кетекең 1945 жылы туған. 1964 жылы онбір жылдық ауыл мектебін үздік бағаға бітірді. Еңбек жолын Жосалы кентіндегі байланыс торабында монтер болудан бастады. Мұнан соң Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумынан «Техник-механик» мамандығын меңгеріп, 1969 жылы аудандық «Казсельхозтехника» бірлестігіне қойма меңгерушісі болып қызметке орналасты. Одан әрі басшылық қызметтерде болды. Атап айтсақ, 1993 жылы облысқа қарасты «Вторчермет» мекемесін басқарса, 1999 жылы Жосалы механикалық зауытына директор болып тағайындалады. Ал 2008 жылы еңбек демалысына шықты. Демалысқа шықса да жұмыс істеуін тоқтатпай, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте шаруашылық жұмыстарын басқарды.
Ардақты азамат еңбек еткен, ұжым басқарған жылдары өз ісін терең білетін білікті басшы қырынан көрсетсе, отбасында балаларына қамқор әке, адал жар бола білді. 1973 жылы Айдеме Қыпшақбаевамен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Орталарында Сандуғаш, Жәнібек, Алтыншаш, Жауқазын есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан да ұрпақ өсіп-өнуде.
Кетекең жан жарымен 50 жылға жуық тату-тәтті өмір кешті. Айдеменің жарының атын айтқанын ешқашан естіген емеспіз. «Кетеке» дейтін. Шаңырағына қашан барсаңыз да, дастарқаны жаюлы, кең пейілімен қонақ күтіп жатқаны. Біз жолдастары, отбасын құрғандарына елу жыл толғанын, яғни «Алтын тойларын» тойлаймыз дейтінбіз. Бірақ ол арманымызға жете алмадық.
К.Жабағиев көпшіл, адам жатырқамайтын кісі болды. Айналасына дүние емес, адам жинады. Ол жайында Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Әбдіқабыл Жанзақов былайша ой өрбітеді.
«1990-1997 жылдары біз «Ай-Дан» компаниясы облыста тұрып қалған, шалажансар жүріп тұрған ірі зауыт-фабрикаларды аукциондардан сатып алып жүргізумен айналыстық. Еліміздің экономикасы ауыр жағдайда, бұрынғы шаруашылық, экономикалық байланыстар үзілген. Осының бәрін қалыпқа түсіруге тырысып бақтық. Мен компанияның бас директоры едім. Жосалы механикалық зауыты да осы біздің қарамағымызға аукцион арқылы енді. Жағдайы өте нашар еді. Жергілікті жерден білікті басшы іздедім. Кетебай ағамызды бұрыннан білетінмін. Ауданда беделді, абыройлы басшы жігіт болатын. Онымен кездесіп, механикалық зауытқа басшы болуға келісімін алдым. Зауытқа жан кіре бастады. Облыстық ірі мекемелермен, республикалық «Қазақ темір жолы», Өзбекстанның «Узнефтегазинспекция» компанияларымен келісім-шартқа отырып, қосалқы бөлшектер дайындап, зауыттың қаржы жағдайы түзеле бастады. Ұжымда абыройлы, іскер басшы болды. Өкінішке орай денсаулығы сыр беріп, жұмысын тоқтатуға тура келді. Қиын кезеңде іскерлік көрсетіп, зауытты жүргізген Кетебай ағамызды қалай құрметтесе де болады», – десе, қызметтес інісі болған Бекберген Жұмабаев та жылы лебізін айтуды жөн санайды. «Мен ағамен 1974 жылы «Казсельхозтехника» мекемесінде таныстым. Сол кезде осы мекемеде қойма меңгерушісі болып қызмет жасады. Мен ағадан осы қызметті қабылдап алсам, ол мекеменің үлкен базасына жұмысын ауыстырды. Одан білмеген, түсінбеген жерім болса сұрайтынмын, ол да келіп түсіндіруден жалықпайтын. Ағамнан адаммен қалай сөйлесу, тіл табысу керегін үйрендім» дейді ол.
Иә, досымыз екеуміз 1999 жылы Жосалы механикалық зауытында бірге қызметтес болдық. Құрдасым жұмыста іскер, ешбір адамға болмасын демейтін, қолынан келсе жақсылық жасайтын. Өзінің мәдениетімен, адамға деген жылылығымен, кішіпейіл мінезімен көңілге көрік беріп тұратын, жайдары қасиеті молынан байқалатын. Қарбалас жұмыстың арасында жүрсе де, сабырлы мінезінің арқасында көптеген мәселені шешіп, түйінін тарқататын. Шаруа шаш етектен төгіліп жатса да, маңғаздығынан талмайтын. Мен өз басым оны іштей мақтаныш ететінмін.
Өмір бір сарында тұрмайды. Өзі ортамызда болмаса да, атын жалғастыратын, шаңырағының отын сөндірмейтін ұл-қыз тәрбиелеп, оларды елі мен халқы сыйлайтын азаматтар қатарына қосып кетті.
Жарылқасын СЫДЫҚОВ