КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТАРДАН КҮТЕРІМІЗ КӨП
2024 жылдың 5 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына толықтырулар енгізілген болатын. Осыған байланысты Астана қаласында 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап кассациялық соттар құрылады.
Кассациялық соттың құрамы шамамен 100- ге жуық судьядан тұратыны жоспарлануда. Заң саласындағы жұмыс өтілі 18 жылдан кем емес, судья лауазымындағы жұмыс өтілі 8 жылдан кем емес, соның ішінде, облыстық сот судьясы ретінде 3 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар азамат кассациялық сотының судьясы бола алады. Мұндай сотты тәжірибеге енгізу сотқа кететін қаржыға нұқсан келтірмей, азаматтардың ұсыныс-талабын ескере отырып шешім шығаруға жол ашады.
Конституциялық заңның 17-бабының 1 бөлігі негізінде Жоғарғы Сот жергілікті және басқа да соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге де істер бойынша жоғары сот органы болып табылады, оларға қатысты кассациялық саты функцияларын жүзеге асырады және нормативтік қаулылар қабылдау арқылы сот практикасы мәселелері бойынша түсіндірулер беріп отырады. Жаңа өзгерістерге орай Жоғарғы сот кассациялық саты ретіндегі функцияларын тоқтатады. Оның қызметі сот практикасын зерделеп, қорытуға және сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталуына негізделетін болады.
Ең бастысы, бұл кассациялық орган толық тәуелсіз болады. Сонымен бірге істердің барлық санаттары бойынша арыздарды кассациялық сатыда алдын ала қарау сатысы алынып тасталуы да басты мәселе. Себебі бүгінгі күнге дейін істерді бір судьяның қарап, пайымдауымен алқа қарауына жіберілмей келгені белгілі. Бұл азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды ренішін туындатқан еді. Сондай-ақ адвокаттар қауымы барлық санаттағы істерді қарауға тараптар міндетті түрде қатысуы керек, әрі істі алқалы құрам жүргізуі тиіс деген ұсыныстарын алға тартқан болатын.
Ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сот жүйесі барынша обьективті, ашық және жария түрде сот төрелігін жүзеге асырады. Сот жүйесіндегі барлық оң өзгерістер ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
С.КОЖАБАЕВ,
Қармақшы аудандық сот әкімшісінің бас маманы-сот
отырысының хатшысы