» » ҰСТАЗҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ

ҰСТАЗҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШ

«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес заяға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға...» Абай атамыздың осыбір өміршең өлең-шумағына сыйып жатқан ұстаз қауымына деген үміт пен болашаққа сенім ұялатқан, осы арқылы үйретушіге серпін берген талай жылдар өтіп жатыр.
Мектеп, ұстаз дегенде менің көз алдыма маған сапалы білім мен саналы тәлім берген, жүзі жарқын, жүрегі пәк, білім сыйлауға құштар мұғалімдерім сап түзеп келе қалады. Егер қандай да бір жетістіктерге жетіп жатсам, оны ата-анамның берген тәрбиесі мен ұлағатты ұстаздарымның еңбегінің арқасы дер ем.
Мектеп қабырғасындағы уақытымызда Смайыл Жалғасбаев, Сәдуақас Махамбетов, Шакизада Шоқбаров, Хамидолла Жұбандықов ағайларымыз басшылық еткен. Алғашқы ұстазым – Бақыт Қамысбаева, кейіннен Клара Жүнісова, Ұлман Бекарыстанова, Шара Ешпанова апайлар сыныбымызға жетекшілік еткен. Қазақ тілі мен әдебиетінен Бихан апай, Қазихан ағай, Сағира Шоқбарова, тарихтан Күләш Бисембаева, Күләш Алмабаева, физикадан Сапар Қойшығұлов, зоология мен ботаникадан Зейналин ағай, химиядан Шынар Кәдірова, орыс тілінен Шакизада Шоқбаров, Бақытжан Алтынбасов, Ұлман Бекарыстанова, тарихтан Марита Өміртаева, шетел тілінен Галя мен Мира апай, сүйікті пәнімнің бірегейі болған математикадан Айдарбек Әбдіраманов, Гүлстан апай, Роза Нұрғалиева, Үміт, Света апайларым, тағы да есімдері аталмаған аяулы ұстаздарымды сағына еске аламын. Мен әрдайым ұстаздарыммен мақтанамын. Қазір осы кісілердің кейбірі, өкінішке орай, «келместің кемесіне мініп кетті».
Мен сөз еткелі отырған мектеп директоры, ардақты ұстазым – Шакизада Шоқбаров. Бұл жанның орны ерекше. Ол кісі талай шәкірт жүрегіне білім дәнін сеуіп, нәрімен сусындатқан, әр баланың өмір даңғылына жол салып берген нағыз ұстаз еді. Ағай Ақжар ауылындағы ВЛКСМ-нің 30 жылдығы атындағы №28 қазақ орта мектебінің директоры әрі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Кішкентайымда сырт келбеті сұсты боп көрінетіндей директорымыздан қорқатынмын. Өзімізге сабақ бергеннен кейін үйреністім.
Жоғары сыныпқа көшкен соң орыс тілінен алғаш сабақ берген күннен бастап, ағайдың сабағынан қалмауға тырыстым. Ол ақылдылығымен, білімділігімен, жүрістұрысымен тұрған үлгі еді. Өзі ірі денелі, еңселі, сымбатты, жинақы, шашы артқа қайырылған, жүріс-тұрысында өзіне жарасымды паңдығы бар, зор дауысты, аққұба өңді, жанары тыянақтылық пен талапты қатар қоятын отты көзқарасты кісі еді.
Сыныпқа қолында қағаздар салынған қалың қоңыр папкасы бар, сұр костюмшалбарымын келетін. Ағай кіргенде бүкіл сынып сілтідей тынатын. Оның сабақ беру әдісі жүйелі түрде жүретін. Оқушыларды түгендеп алғаннан кейін үй тапсырмасын сұрайды. Содан кейін жаңа тақырып басталады. Сабақ түсіндіруі өзгеше, соңынан қорытындылау, бағалау жүретін.
Орыс әдебиеті мені ерекше қызықтырды. Ағай алдымен тақырып жайлы мағлұмат беретін де, міндетті түрде сол күнгі өтілетін әдеби шығармалардың авторы, автобиографиясы, шығарманың қысқаша тарихы, содан кейін шығарма барысын баяндайтын. Сабақты айтқанда бүкіл ынтасымен, іс-қимыл, мимикасымен әсерлі түсіндіретін. Оқиға желісі көз алдыма елестеп, сол оқиға ішінде жүргендей әсер алушы едім. Әрбір қимылын көзден таса қылмай, ағайдың аузына телміре қарап, сөздеріне мән бере ұйып тыңдайтынмын. Кейде орысшасына толық түсінбей отырғанымызды жыпылықтаған көзімізден байқай ма, әлде сабаққа деген қызығушылығымыздың артқанын сездіртеміз бе, әйтеуір сұрақ-жауап арқылы бір-бір тексеріс жүргізеді, сосын нақтылап қайта түсіндіреді.
Балалық асқақ арманмен орысша сайрағымыз келсе де, үйренеріміз көп екені рас еді. Сұрағымызды елеусіз қалдырмай, жауап беруден ерінбейтін, шаршамайтын. Орыс тілінен «аудандық олимпиадаға сен барасың» деген күннен бастап арамыз жақындай түседі. Жан-жақты дайындап, ережелерді түсіне отырып қолдануды үйрететін. Әлем әдебиетінен мысал келтіріп, атақты классик-жазушы, ақындардың шығармаларын айтып, жаттататын. Атақты шығармаларды, аудармаларды ұмытпауымды, шатастырмауымды қадағалайтын. Келе-келе ұстазға деген құрметім мен сүйіспеншілігім арта түсті.
Бір күні «Кім болам?» тақырыбына шығарма жазғанымда, ағай менің дәптерімді алып: «Айналайын, Әмина! Менің жақсы көретін, үлкен үміт күтетін оқушымның бірісің. Сенің мында жазған таңдауың – сауда саласы мамандығыңды мен жақтырып отырған жоқпын. Сенен мықты педагог немесе мықты медик шығады!» деген еді. Сол сөзі маған да қамшы болса керек, педагогпсихолог мамандығын алдым. Қазір аудандық емханада психолог маманмын.
Шәкірт болашағына бейжай қарамайтын, білімді де білікті дәріскерлеріміздің арқасында мектебіміздің қаншама түлектері қазіргі таңда биік-биік белестерді бағындыруда. Талай оқушының өзіндік ой әлемінде ұстаздық тұлғамен үлкен із қалдырған, білікті де білімді, екі тілге де жүйрік, білімді ұлттық тәрбиемізбен астастыра отырып, жан-жақты тәлім берген, балаға үйретуден жалықпаған ардақты ұстазыма деген сағынышым жүрегімде сақтаулы. Ол кісінің айтқан өсиеттері мен тәрбиелік әңгімелері көкірегімде сайрап тұр, әлі күнге дейін менің өмір жолымда бағдаршам болып жол сілтеп тұрғандай. Осындай ұстаздар алдында білім алған, тәрбие алған өзімді бақыттымын деп есептеймін.
Әмина КЕТЕБАЕВА,
шәкірті
10 маусым 2025 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№42 (10410)

10 маусым 2025 ж.

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 899
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30