» » СӨЗДІҢ ДӘМІН КЕТІРМЕЙІК

СӨЗДІҢ ДӘМІН КЕТІРМЕЙІК

Қазақта «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген әдемі сөз бар. Бүгінгі бала ата-анасынан «айналайын» деген мақтау сөзін естіп өссе, ол алға ұмтылады. Керісінше боқтық сөзді естісе, оның да аузынан сол сөзді күте беріңіз.
Көшеде жастардың шоғырланған ортасының жанынан өте шықсаңыз дауыстап сөйлеп, даурығып шыққан, аузынан төгіліп тұрған балағат сөзі құлаққа түрпідей тиеді. Бұл не? Тәрбиенің кемдігі ме, жастығы тасыған жасөспірімдердің өтпелі кезеңдегі балалық ауруы ма? Өкінішке орай, өзін ұстау мәдениеті деген түсінік көбінде жоқ.
Айналып келгенде барлығы отбасындағы тәрбиеге келіп тірелетіні анық қой. Қайдан, не шықса да «оттың басынан» шығады. Қадағалап, бақылап отырмасаңыз бітті. Ақиқатында, мұның бәрі үйдегі кемшін дүниенің көшеге шыққанынан ба дерсіз. Адам көрген, естіген нәрсесін санасына тез сіңіріп қабылдап алады емес пе?! Сондықтан үйде, шаңырақ басында әдепке үйреткен дұрыс болмақ.
Бала емес, ересектердің өзі телефонның ар жағындағы адамға ауыр балағат сөздерімен төпеп, қасынан өтіп бара жатқан адамнан еш қымсынбастан айтып қалатынын жиі кезіктіреміз. Рас, осы күні баласына боқтап сөйлейтіндерді жиі кездестіріп жүрміз. Ерлерді былай қойғанда әйел-аналарға дейін бейәдеп сөзге бейімделіп алған. Көрген көзге де, естіген құлаққа да ерсі көрінеді.
Психологтардың айтуынша, былапыт сөздерден қашып құтылу мүмкін емес, десе де баланың боқтампаз болуы ата-анаға, үйіне, ортасына тікелей байланысты. Сондай-ақ атааналарда баланы кішкентай кезінен былапыт сөздерге үйретсе, тілі тез шығады деген теріс пікір қалыптасқан.
Әсілі асыл дінімізде бұл істі құп көрмейді. Халқымыз: «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаса керек. «Ауыздан шыққан суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп те жатады. Боқтап сөйлеу күнәнің ішіндегі ауыры деп айтылуы бекер емес. Тәрбиелік тұрғыдан қарасақ, ата-ананың боқтық сөзін естіп өскен бала ертеңгі күні ол да өзге біреулерге былапыт сөйлейтін болады. Ертең есейіп ата-ана болғанда өз перзентіне боқтап сөйлеуді әдетті іске айналдырады. Сол үшін күнә тудыртатын мұндай боқтық сөз айтудан әрдайым мұсылман баласы сақтануы тиіс.
Бірде Зарипа Тасымова апаймен сұхбат құрған едік. Сонда «Бала – біздің айнамыз. Айнамыз әрқашан жарқырап тұрсын» деп тілек айтқан еді. Расымен біз осы айнамыздың тазалығына қаншалықты мән беріп жүрміз? Кісі көңілін қалдырмай, күнәлі іске бой алдырмай, шұрайлы тіліміздің шырқын келтірмей, шаңырамызға шаттық алып келетін сөздерді жиі айтып жүрейік, оқырман!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 маусым 2025 ж. 58 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 885
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30