» » ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ

ЗОБАЛАҢ ЖЫЛДАР ҚАСІРЕТІ

Қазақ ата-бабамыздың басынан нелер өтпеген. Мың өліп, мың тірілген ұрпақ өкіліміз. Халықты қынадай қырып, еліміздің басына түскен ауыр қасіреттің бірі – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық репрессиясы болды. Қазақтың оқыған-тоқыған қаймақтарымен қоса, қарапайым жұмысшыға дейін солақай саясаттың құрығына ілініп, қасиетті топырағымыз қанды қасапханаға айналғаны да тарихи шындық. Қолдан жасалған ашаршылық халқымызды орны толмас шығынға ұшыратып қана қоймай, рухын да жасығысы келгені анық. Жазира даланың көкбөрісіне айналған еркін ата-бабамыздың көшелі өміріне сызат салып, жаншығысы келгені де шындық. Қазақстаннан ашылған түрме-лагерьлері Алаш қайраткерлері мен қоғам белсенділерін атып, асып қана қоймады. Олардың әйелдері, аналары, бала-шағасын да тоғытып, азаптаумен күн кешірді. Кейбірі адам төзгісіз жұмыстан көз жұмса, кейбірін аштық қысты. Ал енді бірін улы камераларда тәжірибе алаңы етті. Не десек те, бұл ХХ ғасырдың басы мен ортасындағы ең қорқынышты, жан түршігерлік зұлмат болғаны өзекті өртейтін өкініш.
Уақыт ілгері жылжуда. Бабалар аңсаған Қазақ елі тәуелсіздігін алып, бейбітшілік туы астында өмір сүруде. Десе де, ұлтымыздың шежіресіне қаралы әріптермен таңбаланып қалған бұл оқиғаны ұрпақ жадынан шығармақ емес. Өйткені бұл – қазақтың тарихы, біздің тарыхымыз! Мемлекет басшысының Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғынсүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленгелі бері айтулы дата елімізде аталып өтіп келеді.
Мұндай тағылымды еске алу шарасы өткен сенбіде Жосалы кенті орталығындағы «Тағзым» алаңында аудан ардагерлері, тұрғындары, жастар, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары ұрпақтарының қатысуымен кең көлемде аталып өтті.
Онда аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов, аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мерековтер сөз сөйлеп, тарихтың қаралы беттеріне көз жүгіртті. Еліміздің басына түскен ауыр тауқыметін баяндап, сол кезеңдегі ұлт зиялыларының ерлігі мен қайсарлығын, елі үшін төккен тері мен жанкештілігін ерекше құрметпен еске алды. Іс-шара барысында жазықсыз жапа шеккен боздақтардың рухына 1 минут үнсіздік жарияланып, рухтарына тағзым етілді. Ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылды.
МАЙДАНГЕР ТОПЫРАҒЫ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАБЫС ЕТІЛДІ
Ұлы Отан соғысы салған дүрбелеңге арада 80 жыл өтсе де, оның жан жарасы әлі күнге жазыла қойған жоқ. Ауданымыздағы әскери комиссариаттан қан майданға аттанған 5 мың жауынгердің ішінен елге оралғаны ат төбеліндей азаматтар ғана еді. Олардың арасында туған жеріне келген соң соғыс салған зардаптан өмірден ерте өткені қаншама. Соғысқа аттанғандардың дені майдан даласында ерлікпен қаза тапса, қаншасы із-түзсіз жоғалып кетті. Сол хабарошарсыз кеткен майдангер аға-әкелердің ұрпақтары бүгінгі күнге дейін дүниенің төрт бұрышынан іздеу салып, тынбаған жағдайы бар. Солардың кейбірінің үміті ақталып та жатыр. Оған қармақшылықтар 31 мамыр күні «Тағзым» алаңында өткен ерекше тарихи оқиғада куә болды.
Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тауып, ұзақ жылдар бойы хабарсыз кеткен жерлесіміз – Аштанбай Сағындықовтың топырағы Ресей Федерациясының Ленинград облысына қарасты Кириш ауданындағы «Бауырластар зиратынан» туған жеріне жеткізіліп, ресми түрде табысталды.
Бұл іс-шара ҚР Қорғаныс министрлігінің, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен және ҚР Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асты.
Майдангер А.Сағындықов 1909 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комиссариат арқылы соғысқа кетіп, 1943 жылдың қаңтарында Ленинград майданында ерлікпен қаза табады. «Бауырластар зиратына» жерленген боздақтың есімі арада 80 жылдан кейін қайта жаңғырып, туған топырағы – еліне жеткізілді.
Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов айтулы оқиғаның ел жадында сақталар елеулі сәт екенін атап өтіп, батыр бабамыздың есімі ел есінде мәңгі сақталатынын тиек етті.
Мұнан соң облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Марат Құрманбаев, Жалағаш және Қармақшы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағалары Садық Әлиев, Асқар Мерековтер зор тебіреніспен сөз сөйлесе, майдангердің қызы Төлеген Аштанбаева апамыз жанарына жас алып, әке топырағын елге әкелуге қолдау білдіріп, көмек көрсеткен барша жанға аналық алғысын айтты.
Шара соңында топырақ салынған қорап арнайы әскери саппен Жосалы кентіндегі «Бодан» зиратына жөнелтілді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
03 маусым 2025 ж. 85 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 986
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031