ЖЕР МЕН КӨКТІ ЖАЛҒАҒАН
Биыл жұлдызды қаламыздың құрылғанына – 70 жыл. Байқоңыр – ғарыш кеңістігіне жол салған ғажайып қала. Әлемде бұл ғарыш кешенін білмейтін жан жоқ десек, артық айтқандық емес. Бүгінде Байқоңыр – Қазақстан мен Ресей мемлекеттері ынтымақтастығының бірден-бір көрінісі. Қаланың іргесі 1955 жылы қаланған. Байқоңыр қаласының алғашқы құрылысы басталған тұста ең алғаш қала «Заря» посёлкесі, одан кейін «Ленинск», 1966 жылы маусымда «Ленинск» қаласы болып өзгерсе, бертін келе қала «Байқоңыр» деп аталған.
Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. 1957 жылы 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол – дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарды. Осыдан кейін бұл жер әлемдегі ең ірі жер беті ғылыми ғарыш полигоны болып табылады, оның басты және көмекші нысандарының жалпы ауданы 6717 шаршы шақырым. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық стансалары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор», тағы басқа жасанды жер серіктері ұшырылды. Айды, Марсты және Шолпанды зерттеуге арналған ғарыш аппараттары бар зымырандар Байқоңырдан аттандырылды. Ғарыш алаңын салуға әр жылдары түрлі мамандықтағы көптеген қазақстандық қатысты. Олардың арасында Байқоңыр ғарыш алаңының қызметкерлері Қ.Тоқмұхамедов, Б.Межіғұлов, Т.Уәшев, К.Әбілғазин, полковник Ә.Исмаилов, М.Құлымгереев, Қ.Нұрмағамбетов, С.Мұхаметқалиев, Б.Ешімов, Қ.Нұрмұқанов, Р.Құлмырзаев, М.Мұқанов, тағы басқалар болды. Қазақстан азаматы, ұшқыш-сынақшы майор М.Рафиков алғашқы ғарышкерлер тобында Ю.Гагаринмен бірге дайындықтан өтті.
Осы бүкіл әлем танып, ғарыш қаласы атанған шаһардың тарихи орындарының бірі – Байқоңыр қаласының тарихи мұражайы. Мұражай осы қалалық мәдениет үйінің үшінші қабатында орналасқан.
Байқоңыр ғарыш айлағының тарихи мұражайынан космодром мен қала тарихы жөнінде мол мағлұматтар алуға болады. Мұражайдағы экспонаттардың көпшілігін кезінде қала тұрғындары әкеліп берген, яғни жәдігерлерді ғарыш айлағының құрылысшылары мен алғашқы қала тұрғындарының балалары, немерелері жинаған. Мұражай 4 залдан тұрады. Біріншісі – әскери және еңбек даңқы залы болса, екінші залда зымыран техникасының даму тарихи көрсетілген. Ал үшіншісі – этнографиялық, төртіншісі – көрме залы. Бұл жерді көруге келген әрбір адам мұражайдың алғашқы әскери және еңбек даңқы залында соғыс жылдарындағы қолданған қару-жарақтар, әскер қатарындағы жауынгердің формасы, наградалар және тағы басқа көптеген тарихи жәдігерді тамашалайды. Сондайақ мұражайдағы Байқоңыр ғарыш кешенінің құрылу тарихындағы алғашқы құрылыстар мен ғимараттардың, үйлер мен көшелердің суреттері ғарыш саласының алғашқы құрылысының бастау алған тұстарын бейнелейді.
Қала құрылысы (ол кезде «Заря» посёлкесі) қазіргі Қалалық мәдениет үйінің жанынан басталған. Қаланың ең алғашқы көшелері – Пионерская, Набережная, Школьная, Песчаная, Речная. Ең бірінші салынған мектеп – №30 мектеп (қазіргі Г.Шубников атындағы №1 мектеп).
Мұражайда Байқоңырдың негізін салушы С.Королев, М.Неделин, Н.Хрущев, Г.Шубников сынды ірі тұлғалардың ғарыш кешенінің құрылуына және ғарышты игеру дәуірінің басталуына сіңірген ерен еңбектері жөнінде мәліметтер жинақталған. Сонымен қатар мұражайдан ғарыш саласы тарихында жасалған алғашқы қадамдар жөнінде мол мағлұмат алуға болады, яғни мұнда Жердің тұңғыш жасанды серігінің түпнұсқасынан айнытпай жасалған көшірмесі бар.
1957 жылы 4 қазанда кешкі сағат 22:30 шамасында С.Королевтің әйгілі «Жетінші» ғарыш кемесі (Р-7 құрлықаралық баллистикалық зымыраны) Жердің 1-ші жасанды серігін Жер орбитасына жеткізеді.
Тарихта тұңғыш рет адам баласының қолымен жасалынған, құрылысы күрделі емес, алюминийленген, салмағы 83 келіні құрайтын шар тәріздес аспан денесі Жердің тартылыс күштерінің заңдарын бұзып, ашық ғарыш кеңістігіне шықты. Бұл ғылым мен техниканың ұлы жеңісі ғарышқа алғаш жол салды. Бір айдан соң Жердің 2-ші жасанды серігі ұшырылды. Оның салмағы алдыңғысына қарағанда 6 есе ауыр болатын. Осы ұшырылымнан кейін маңызды факт дәлелденді, яғни тірі ағза ғарышта өмір сүре алады. Осылайша, Лайка есімді адамның досы ғарышқа ұшқан ең алғашқы тіршілік иесі ретінде бүкіл әлемге танылды. КСРО ғылымының триумфын бүкіл әлем мойындады. Кеңес Одағының ғалымдары бұдан кейін де жаңа эксперименттермен айналысуға кіріскен. Сонымен қатар, мұражайда түрлі ғарыш кемелерінің («Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс», тағы басқа) макеттері мен бөлшектерін көруге болады. Осы залда Ленинск қаласының макеті де қойылған.
Мұражайдағы бірегей экспонаттардың бірі «Союз» ғарыш кемесіне арналған «Сокол-К» құтқарушы скафандры. Ол герметикалық кабинада ұшу кезінде қажет. Кеменің амортизациялық қалыбы ескеріліп, скафандр әрбір ғарышкер үшін арнайы жасалынған. Оны ұшудың ең қауіпті жерлерінде киеді. Сонымен бірге «Казбек» деп аталатын креслоны, ғарышкерлердің ғарышқа аттанар алдында дайындық үстінде киетін арнайы формасын, арнайы тюбиктер мен консервілерде сақталатын ғарышкерлердің тағамдарын көре аласыз.
Байқоңыр ғарыш айлағының тарихи мұражайында арнайы қазақтың ұлттық мәдениетіне арналған зал бар. Онда қазақтың киіз үйі мен оның жабдықтары, есігі, сандық, бесік, диірмен, қазан-ошақ, күбі, келі мен келсап, самаурын мен шәйнегі, қазақтың ою-өрнектерімен безендірілген текеметтер, қоржын, ұлттық музыкалық аспаптары, қазақтың ұлттық киімдері, ат әбзелдері және тағы да басқа құнды тарихи жәдігерлеріміз экспозицияланған. Одан бөлек Абай Құнанбаев пен Ғани Мұратбаев суреті бейнеленген тоқыма кілемшелер көздің жауын алады. Қармақшы ауданынан табылған сан ғасырлық тарихы бар «Сыр талы» деп аталған ағаштың фрагменті, Жетіасар мәдениетінің жарқыншақтары болған керамикалық құмыралар, әртүрлі ыдыстар қойылған.
Ғарышкерлер осы мұражайға келген уақытта міндетті түрде киіз үйге кіреді. Киелі қазақ даласынан ұшатын ғарышкерлер ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне ерекше ықылас танытып, қазақ халқы туралы көбірек білуге талпынады. Сонымен қатар, мұнда қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтерге арналған арнайы бұрыш бар. Ғарыш кеңістігіне үш қазақ азаматы ұшып барып қайтты. Бүгінде олардың есімдері еліміздің тарих бетіне алтын әріптермен жазылды.
Ғарышты игеру эрасының басталу тарихы Байқоңыр ғарыш кешенінің құрылу тарихымен тығыз байланысты. Байқоңырдың географиялық кеңдігі, жазық ландшафт және экваторға жақын орналасуы – адамның «ғарышқа сапар шексем» деген ең ғажайып арманының орындалуына қолайлы болып шықты. Міне, осылайша дәл осы өңірдің тағдырына «ерекше географиялық орын» болу бұйырыпты. Аңызға сүйенетін болсақ, түркі халықтарына ортақ ойшыл Қорқыт ата дүниенің төрт бұрышын аралап, өз топырағына, яғни Сыр өңіріне қайта оралып, бұл мекенді – «Жер кіндігі» деп атаған. Қазақтың осы қасиетті өлкесін «Жер кіндігі» деп атаған бабамыз дәл осы мекеннен адамның ғарышты бағындыратынын болжап кеткен болса керек. Әйгілі ғалымдардың зерттеуі бойынша да Жердің тартылыс күші аздау, траекториясы ғарыш кемесін ұшыруға ең қолайлы әрі тиімді орын – Байқоңыр.
Қазіргі таңда Байқоңыр Дүниежүзілік ғарышты игерудің астанасына айналып үлгерді. Әлемдегі әрбір 3-ші ғарыш кемесі, яғни дүние жүзіндегі жалпы ұшырылымдардың 70%-ы осы ғарыш айлағынан ұшырылады. Байқоңыр – адамзат баласы үшін космонавтика дәуірін ашып, ғарышқа жол салған Жер шарының 1-ші ғарыш айлағы. Ең алдымен, Байқоңыр – ұлттық мақтаныш нышаны. Себебі дәл осы киелі қазақ даласынан тарихта тұңғыш рет адам баласы ғарышты бағындырды.
Бүгінгі жас жеткіншек өткен тарихымызды, адамзат баласының ғарышты игеру жолында жасаған еңбектерін ешқашан ұмыт қалдырмауы тиіс. Себебі тарих – біздің келер ұрпақ өкілдеріне мақтанышпен аманат етіп қалдырар жеткен жетістіктерімізді, бағындырған биіктерімізді айқындайтын асыл да қастерлі қазынамыз.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы