ДЕНСАУЛЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ НЕГІЗІ
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен 2025 жылдың 12-16 мамыр аралығында «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі!» ұранымен аудандық емханада республикалық «Репродуктивті денсаулық» апталығы ұйымдастырылуда. Бұл апталық өзекті мәселелерге назар аударуға және халықтың, әсіресе, жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулық мәселелері туралы хабардар болу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Халықтың денсаулығын қорғау және отбасын жоспарлау мәселелері бойынша ақпараттық-ағарту жұмыстарын күшейту бағытындағы бұл іс-шаралар бейінді мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылуда. Сондай-ақ бұл апталық – салауатты және ақпараттандырылған қоғамды қалыптастырудағы маңызды қадам.
Денсаулық апталығы аудандық емхана мен жастар денсаулығы орталығында «Ашық есік» күнінен бастау алып, аудандағы жастар мен жасөспірімдерге медициналық көмек пен психологиялық кеңес беріледі. Жүктілікке дайындалудағы әкенің рөлі, зиянды әдеттерден бас тарту, жүктілік кезіндегі фолий қышқылының маңызы жайлы кеңес беру, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және ұрпақты болу жүйесімен байланысты аурулардың алдын алуы жөнінде түсіндірме жұмыстары бойынша арналған түрлі форматтағы іс-шаралармен жалғасады.
Қоғамда жас отбасылар арасындағы түрлі келеңсіз жайлар – отбасылық құндылықтардың төмендеуінің көрсеткіші. Бұл өз кезегінде жастардың сау және жауапкершілікті ата-ана болу мүмкіндігін шектейді. Осы орайда репродуктивті мәдениет жайында не білеміз деген сұрақ туындайды.
Репродуктивті мәдениет – бұл адамның өз ұрпағын жалғастыру қабілетіне және сол үрдіске саналы, жауапты түрде қарауына байланысты көзқарастар жүйесі. Бұл тек жыныстық қатынас пен жүктілікке емес, денсаулыққа, өзін-өзі құрметтеуге, отбасы құндылығына, моральдықэтикалық санаға қатысты ұғым. Репродуктивті мәдениет – жыныстық сауаттылықты арттырады, ерте жүктіліктің, түсік тастаудың алдын алады, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғануға үйретеді, отбасын құруға жауапты көзқарас қалыптастырады, психологиялық тұрақтылық пен өзін-өзі бағалауды күшейтеді.
Репродуктивті мәдениеттің негізгі бағыттары – жыныстық сауаттылық, психоэмоциялық дайындық, құқықтық және әлеуметтік жауапкершілік, денсаулықты сақтау, вакцина салдыру.
Жалпы, репродуктивті мәдениетті қалыптастыру 10-12 жастан басталуы керек. Осы жастан бастап, жас ерекшелігіне сай қарапайым тілде, баламен ашық сөйлесіп, сауатты әрі сенімді ақпарат беру – ең тиімді жол. Мектеп, ата-ана, медицина қызметкері – бірге әрекет етуі қажет. Репродуктивті мәдениет – бұл өмірді бағалау, өз тәніңе, болашағыңа, атаана болу жауапкершілігіне саналы көзқарас.
Жанұяны жоспарлау – бұл тек бала санын басқару емес, ол отбасы мүшелерінің денсаулығы, өмір сапасы және жауапты ата-аналық жайлы саналы шешім қабылдауы. Бұл нағыз отбасылық құндылық, репродуктивті мәдениеттің, қоғамдық дамудың, отбасылық бақыттың негізі.
Отбасы – махаббат пен жауапкершілікке негізделген қасиетті ұғым. Жоспарланған бала – қажет, күткен және сүйіспеншілікпен қарсы алынған ұрпақ. Мұндай бала психологиялық және физикалық тұрғыдан да сау болып өседі. Ана мен бала денсаулығын сақтау, ерлі-зайыптылар арасындағы сенімді нығайту, экономикалық жағдайды есепке алу, психологиялық дайындық пен ата-аналық жауапкершілікті арттыру, балаға қолайлы кезеңді таңдау – сапалы тәрбие беру мүмкіндігін арттыру үшін жанұяны жоспарлау маңызды. Отбасын жоспарлай отырып, жүктіліктің физиологиясын, контрацепция түрлерін таңдауды, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алуды, жүктіліктің алдын алуды жоспарлауға болады. Әйел мен еркектің медициналық тексеруден өтуі, фолий қышқылы сынды дәрумендерді қабылдауы, созылмалы ауруларды бақылауы, дұрыс тамақтануы, зиянды әдеттерден бас тартуы жүктілікті алдын ала жоспарлауда маңызды. Кездейсоқ жүктіліктен, жасанды түсіктен сақтану, жыныстық өмірге жауапкершілікпен қарауда контрацепция пайдалы. Әйел өз денсаулығы мен ана болуға дайындығына мән береді. Ер адам жауапты жұп, қолдаушы, әрі серіктес болуы тиіс. Шешім екеуара қабылдануы тиіс, бұл құрмет пен теңдікті көрсетеді. «Жоспарлау деген ұғым бала тумау» дейтін мифтік түсінік дұрыс емес, ол – дұрыс уақытты таңда деумен байланысты. «Контрацепция зиян» деген мифті бұзуға болады. Өйткені қазіргі заманауи әдістер қауіпсіз және тиімді. «Бұл тек әйелдің мәселесі» деушілерге, бұл жұптың ортақ жауапкершілігі дер едік. Себебі сауатты және сау ұрпақ – мықты ұлт кепілі.
Әмина КЕТЕБАЕВА,
аудандық аурухананың психологы