ОТБАСЫҒА ДЕМ БЕРГЕН ОРТАЛЫҚ
Отбасы – ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан адам баласының әлеуметтік ортасы. Еліміздің барлық өңірлерінде отбасын қолдау орталықтарын құру Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасына сәйкес көзделген. Осы орайда аудан әкімдігінің қолдауымен 2023 жылы ауданда «Отбасын қолдау орталығы» құрылды.
Орталықтың басты мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және мемлекеттік органдардың құзыреттілігі шегінде жан-жақты қолдаумен қамту жөніндегі жұмысты үйлестіру. Қазіргі таңда орталықтың директоры Арман Тулебековтың басқаруымен 10 штатты бірлік жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда отбасын қолдау орталығының жұмысына мемлекеттік отбасы саясатының шараларын, оның ішінде неке мен отбасын сақтау, отбасылық жанжалдарды шешу шараларын іске асыруды міндеттеген. Сонымен қатар, интеграциялық модель арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) мемлекеттік органдардың қолдауымен қамтуды үйлестіру, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға (отбасыларға) әлеуметтік, заңды және психологиялық қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігін беру көзделген. Орталық – мемлекеттік отбасы саясатының бағыттары мен шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізіп, мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, еріктілермен, консультациялықкеңестік органдармен өзара іс-қимыл жасайды. Мемлекеттік отбасы саясатының үрдістерін мониторинг жасау және талдау, ҚР заңнамасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша басқа да шараларды іске асыру, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, құқық қорғау органдарымен, соттармен, үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастықта болу – орталықтың басты міндеті.
Қағидаларға сәйкес орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейін уақытша тұруға мүмкіндік беріп, қолдау көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға келесі қызметтер ұсынылады. Олар ақпараттық және анықтамалық қызметтерді ұсыну, жұмысқа орналастыруға, кәсіби оқытуға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға көмек көрсету, ақпараттық, заңдық және психологиялық көмек беру, кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек алуға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу, мемлекеттік қызметтерді, арнайы әлеуметтік қызметтерді және әлеуметтік көмек алуға кеңес беру, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға одан әрі реттеу үшін жолдау қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды анықтау қажет болған жағдайда орталық екі жұмыс күні ішінде оны тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін тиісті ұйымдарға жібереді.
Осы жылдың І тоқсанының қорытындысында орталық біршама жұмыс атқарған. Мәселен, жыл басынан бері 42 адам жұмысқа орналастырып, 14 адамға әлеуметтік төлемдер жасалған. 11 адамға тұрғын үй көмегі беріліп, 230 адамға білім беру саласы бойынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, 41 адамға құқықтық кеңес, 50 адамға психологиялық кеңес, психологиялық тренинг бойынша 52, қайырымдылық көмектен 1 іс-шара ұйымдастырылған.
Отбасын қолдау орталығының психологы Назгүл Сайлауова сала мамандарымен бірлесе отырып, аудан бойынша зорлық-зомбылықтың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау мақсатында кең көлемде мекемелер мен білім беру ұйымдарында профилактикалық, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Атап айтсақ, осы жылдың І тоқсанында білім беру ұйымдарында 250 адамға семинар-тренинг пен дөңгелек үстел отырысын және сала мамандарымен кездесулер өткізген. Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, бақылауда тұрған 48 отбасымен адрестік жұмыс жүргізген. Зорлық-зомбылық фактілерін анықтау үшін 470 адамнан сауалнама алынып, аудан тұрғындары көп шоғырланған жерлерге үнпарақтар таратылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жосалы кентінің орталық алаңында зорлықзомбылықтың алдын алу мақсатында арнайы бейнероликтер күнделікті тұрақты түрде тұрғындардың назарына ұсынылуда. Өмірлік қиын жағдайға тап болған (зорлық-зомбылық көрген) 1 азаматша (4 кәмелетке толмаған баласы бар) орталықтың жатын орнына уақытша (20 күнге) орналастырылып, жергілікті уәкілетті органдармен бірлесе отырып қолдау шаралары көрсетілген. Нәтижесінде, қазіргі таңда азаматша тұрақты өмірлік жағдайға бейімделіп, психологпен ұдайы онлайн және оффлайн түрде байланыста.
Отбасы – адамға бақыт, толық мәнді тыныстіршілік әкеледі. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті. «Отан – отбасынан басталады» дейді халқымыз. Елдің, ұлттың, жалпы адамзаттың болашағы, даму деңгейі осы отбасынан басталады. Толыққанды тәрбие алған баланың келешегі кемел, болашағы жарқын болары айдан анық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ