"Отбасын қолдау орталығы" ашылды
Аптаның алғашқы күні Жосалы кентінде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасы мүшелеріне ақпараттық-кеңістік және ресурстық қолдау көрсетуге арналған «Отбасын қолдау орталығы» ашылды.
Бұл орталық ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың экономикалық дербестігіне және азаматтардың өмірлік қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсету мақсатында жұмыс жасамақ. Аталған орталықтың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы жаңа орталықтың маңызын айқындап өтті.
– Жалпы отбасы – бірлік пен ынтымақтың ошағы. Отбасы – шағын мемлекет. Оның аманшылығы – еліміздің дамуының, келешегінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында зорлық-зомбылыққа құрбан болған адамдарға қоғам болып көмектесуіміз қажет екенін айтқан еді. Аудан орталығынан ашылғалы отырған жаңа мекеме халық үшін қажетті қызмет көрсететін, сапалы мамандармен қамтылған іргелі орталыққа айналарына сеніміміз мол. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! – деп, жаңа орталықтың отбасылардың әлеуетін нығайтуға септігін тигізер орын болуын тіледі.
Мұнан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков отбасы құндылығы жөнінде сөз қозғап, жаңа мекеменің ашылуына ақ батасын берді.
– Қазақты қаймағы бұзылмаған ерте заманда бір ғана қария бір ауылды басқарған екен. Ол кезде халық «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысына» бағынып, қазақ даласында түрме, қарттар үйі, ажырасу дегендер болмаған еді. Нағыз өркениет сол кезде болған шығар деп есептеймін. Патшалық Ресейдің қол астында өмір сүріп, тәуелсіз елде күн кешіп жүргенімізге 30 жылдан асса да ұлттық идеологияны жоғалтып алып жатырмыз. Адамның құлағы естігенде түрпідей тиетін нәрсені естіп, шет-жағасын көріп жүрміз. Бұл – қуанарлық жағдай емес, ұлттық дәстүрімізді бұзатын әрекеттер. Қазақта «Үйлену – оңай, үй болу қиын» деген тәлімді сөз бар. Кейбір азаматтар отбасы болғаннан кейін орын алатын уақытша қиындыққа шыдамай ішімдік ішіп, құмар ойын ойнап, тағы да басқа зиянды әрекеттер жасап отбасының шырқын бұзып жатады. Біз осы жағынан түзелуіміз қажет. «Отан отбасынан басталады» дейді. Берік отбасы болса, Отанымыз да берік болмақ, – деген Асқар Мереков құндылыққа толы лебізін батамен толықтырды.
Айта кеткен жөн, «Отбасын қолдау орталығы» Көшербаев көшесінде орналасқан. Ғимаратта 11 қызмет көрсету бөлмесі мен 1 реттеу залы бар. Мекемеде барлығы 7 қызметкер жұмыс істейді. Орталыққа Нұрлыбек Балтабайұлы басшылық етеді. Орталық қызмет алушыларына қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Мәселен, жаттығу және балалар ойын залында үстел теннисі, арнайы тренажерлар бар. Бұл жерде әлеуметтік осал топтағы отбасылар, зейнеткерлер өздері ұнататын спорт түрлерімен шұғылдана алады. Сонымен қатар балалары бар отбасыларға арнайы ойын алаңы да қарастырылған. Ал демалыс бөлмесі музыкалық аспаптармен, ойын түрлері және отандық жерсерік тарату жүйесіне қосылған теледидармен жабдықталған. Сондай-ақ екі жатын бөлмесіне өмірлік қиын жағдайға тап болған және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар уақытша орналастырылады. Отбасы мүшелері күнделікті тұрмыстық қажеттілікпен қамтылады. Асханада түрлі тағам жасауға бар мүмкіндік қарастырылған. Орталықтың ең басты ерекшелігі – отбасылық мәселелерді шешу мақсатында арнайы психолог маманынан тегін кеңес ала алады. Ал реттеу залындағы орталық мамандары құқықтық, әлеуметтік, психологиялық кеңестер береді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қызмет көрсету орны ұйымдастырылып, әлеуметтік порталда жұмыс жасауды үйретіп, сүйемелдеу жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ мекемеге көмек сұрап келген тұрғындардың қоғам өміріне еркін бейімделуіне, өз нәпақасын тауып, кәсіп көзін меңгеруі үшін арнайы «Шаштараз», «Маникюр, «Массаж», «Тігін» курстары ұйымдастырылған. Аудан кәсіпкерлерімен бірлескен меморандум жасалып, тегін негізде оқыту курстарын аяқтаған адамдарға сертификат табысталады. Бұл арқылы тұрғын жаңа маман иесі болып, табыс табуға мүмкіндік алады.
– Орталықтың негізгі қызмет көрсету бағыты – аудандағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және отбасы мүшелеріне, көпбалалы аналар, АӘК алушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған аналарға, әкелерге, зейнеткерлер және қарттарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық кеңестер беру. Олардың белсенді өмір сүру сапасын, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қоғамға бейімдеу бағытында тегін қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта алға қойған мақсаттарымыз айқындала түсіп, халыққа тиісті деңгейде қызмет жасайтынымызға кәміл сенеміз, – дейді орталық директоры Нұрлыбек Балтабайұлы.
Бұл орталық қоғамның қорғансыз жандары үшін ашылып отыр. Себебі елімізде жыл сайын зорлық-зомбылық есебінен зәбір көрген жандардың қатары азаяр емес. Сондықтан мұндай орталық – жанға жылу, көңілге медеу. Бәлкім, бәзбіреудің өміріне орталық оң ықпалын берер.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ