Медиация ерікті келісім
Әкімшілік әділеттің тәжірибеге еніп, ел игілігіне қызмет етіп келе жатқанына үш жылдан асты. Осы аралықта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің негізгі қағидаларын таныстырып, әкімшілік соттардың жұмысын түсіндіру бағытында республикада ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Осындай тоқтаусыз насихат жұмыстарының нәтижесінде жария-құқықтық дауларды қараудағы жаңашылдықтардан жұртшылық жақсы хабардар. Әсіресе, бұл кодекс тараптарды татуластыруға кең мүмкіндік берумен ерекше.
Әкімшілік әділет институты жария-құқықтық дауларды қараудың ерекше, жаңашыл тетіктерінің бірі-дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеуге қадам жасалды.
Жария-құқықтық дауларда татуластыру рәсімін қолданудың артықшылығы көп. Ол ең алдымен қос тараптың да уақыты мен қаржылық ресурсын үнемдеуге көмектеседі. Екіншіден, дауды татуласу арқылы шешу қос тараптың да бет-бейнесін сақтауына, беделіне нұқсан келмеуіне ықпалын тигізеді. Бұл тетік сот жүктемесін азайтып, судьялардың ізденуіне, күрделі істерге көбірек ден қоюына, сол арқылы қателіктерді болдырмауға көмектесетіні тағы бар. Сонымен қатар, бұл рәсім жария билік органдарының жұмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Міне, сондықтан да әкімшілік соттарда тараптарды татуластыруға, татуластырудың тиімді тұстарын насихаттауға көбірек көңіл бөлінеді. Осы мақсатта әкімшілік сот ісін жүргізуші судья процестің барлық сатысында тараптардың татуласуы үшін шараларды қабылдайды, әрі оларға дауды реттеуге жәрдемдеседі.
Бұл жерде тараптар татуласу үшін барлық мүмкіндік ұсынылатынын білген жөн. Айталық, әкімшілік сот ісін жүргізудің барлық сатысында сот шешім шығаруға кеткенге дейін тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу арқылы әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтай алады. Оның тәртібі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 120, 121-баптарында нақтыланған.
Әрине, тараптарды татуласуға мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ. Себебі, медиация-тараптардың ерікті келісімі. ӘРПК талаптарына сәйкес татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту мәселесі сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда қаралады, нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы сот ұйғарым шығарады. Соттың келісімді бекіту туралы ұйғарымында талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы көрсетіледі.
А.Мырзағұлова,
Қармақшы аудандық соты әкімшісінің
бас маманы