АРМАНҒА БАСТАҒАН АЛҒАШҚЫ ТУЫНДЫ
Шығармашылық адамы ретінде қолына қалам алған жастарды көрсек, балаша қуанатынымызды несіне жасырайық. Қуанбағанда ше?! Жүз жырауын жүзіктеген елдің ертеңгі болашағы осы дарынды жастар. Олардың қатарынан бала кезінен жұлдызы жарқырай көрінген жастың бірі – Ердәулет Орынбасар.
Артық айтқанымыз емес, жұмыс барысымен іс-шараларда көп жүретіндіктен, талантты жасты жиі кездестіріп қаламыз. Соның бірінде ол суырып салма айтыс пен жыр мүшәйраларының көркін қыздырса, бірінде білім саласы бойынша түрлі сайыста оқ бойы озық жүреді.
Дарынды, баламыз бүгінде Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейдің 11-сыныбында оқиды. Биылғы жыл мектеп түлегі «Алтын белгіге» үміткерлер санатында. Е.Нұрланұлы республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері атанған. Мысалы, республикалық «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» тақырыбындағы ақындар мүшәйрасынан 3-орын иеленсе, республикалық «Ұлы тұлғаға арнау» тақырыбындағы мүшәйраның бас жүлдесін жеңіп алған. Сонымен қатар, облыстық білім басқармасы тағайындаған «Білім мен ғылым саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтуге қосқан үлесі үшін» белгісінің иегері. Одан бөлек, облыстық дарынды балалар ұйымының белсенді мүшесі болып табылады. Екшеп айтарлығы, жақында мектеплицейде талантты ұлдың жеке шығармашылық кеші өтіп, «Адастырма, арманым» атты кітабының тұсауы кесілді. Оған ауданымыздың рухани саласында тер төгіп жүрген ардақты жандар, мектеп ұстаздары, жоғары сынып оқушылары, кеш иесінің ата-анасы мен туыстары қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Жұлдызай Бекбаева құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық кешті ашып берді.
Сондай-ақ аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлшара Қаниева мектеп түлегінің келешегінен үлкен үміт күтетіндерін тілге тиек етсе, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Жұмаева аудандық білім бөлімі басшысының құттықтауын жеткізіп, Алғыс хат пен сый-сияпат табыстады.
Мұнан соң ардагер ұстаздар – математика пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гүлжаһан Мұнарбаева мен бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дастан Мырзабекұлы «Адастырма, арманым» атты жаңа жыр жинағының лентасын салтанатты түрде қиып, тұсауын кесті.
Кітаптың алғы сөзін Дастан ағайымыз жазған екен. «...Ердәулеттің өлеңдерін бір сыдыртып қарап шықтым. Өзін толғандырған сан түрлі тақырыпқа терең енуге тырысқан. Өлеңінде әдемі ой мен сырлы сезім бар. Ой мен сезім өлеңге ең керекті қасиеттер. Өлеңнің құрылысы да сан алуан екен. Ақындық қарымы, сөзді орнымен қолдану, сөзді түрлендіру, сөз байлығының молдығы көзге ұрып тұр. Бұл жайдан-жай келетін табыс емес. Ол үшін көп оқу, көп іздену керек.
Ердәулеттің осы еңбексүйгіштігі мені сүйсіндірді. Ердәулеттің мені тағы бір сүйсіндіретін қасиеті, оның жан-жақтылығы және осы істері арқылы табысқа жетіп, ел құрметіне бөленуі дер едім. Пәндік олимпиада, оқушылардың арасындағы ғылыми жұмыс, айтыс ақыны есебінде сахнадан өзіндік қырымен көрінуі, мектеп оқушылары арасындағы сахналық қойылымда өзіне берілген рөлді шынайы сомдай білуі, сол арқылы табыс төрінен көрінуі ізденіс пен ерік-жігердің жемісі дер едім. Қоғамдық жұмысқа белсене қатысуы оның азаматтық келбетінің қалыптасуына көп әсер ететіндігі даусыз шындық. Қай кезде де кішіпейіл қалпынан айнымауы оның ішкі әлемінің ізгілігі мен парасатынан хабар беріп-ақ тұр...» деп оң бағасын бере келе, жас ақынның өлеңдеріне талдау жасайды, сөзінің соңында шынайы жүректен тілектестігін жеткізеді.
Кеште орыс тілі пәнінің мұғалімі Раушан Керейтбаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжанат Нақыпова да алдағы өтетін түлектердің білім бәсекесінде сәттілік тіледі. Тұсаукесерде 6-сынып оқушылары әдеби монтаж дайындаса, 8-сынып оқушысы Кәусар Төлеген автордың «Ойдағы ауылдың ойлы әйелі» өлеңін мәнерлеп оқып берді.
Іс-шара қорытындысында Ердәулет Нұрланұлы барлық қатысушы мен кеш қонақтарына риясыз алғысын айтты.
Сәрсенкүл АҚКІСІ