Қылмыстық істерді бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібі
Дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылықтар жасаған адам анықталса, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам кінәсін мойындаса, теріс қылығы үшін негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды көздесе, күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, жәбiрленушi, азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкербұған келісім білдірсе, онда қылмыстық іс бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
Бұйрықтық іс жүргізу қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға, міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам негіздердің жиынтығы анықталған кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Күдікті, оның қорғаушысы, жәбiрленушi, оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер қылмыстық іс материалдарымен танысып, олардың өтінішхаттары шешілгеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарады.
Жанар Тажимбетова,
Байқоңыр қалалық сотының
Әкімшісінің басшысы