САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖҰМЫСҚА СЕРПІН БЕРЕДІ
Қазіргі заманғы жаңа технологияны сот жүйесіне енгізу, оны кеңінен халыққа түсіндіру соттағы іс жүргізуді жеңілдетеді, бюрократтық кедергілерді жояды, сотқа құжат тапсыру үшін ұзын-сонар кезекке тұруды азайтады. Сандық технология жетістіктерін қолданған салаларда үлкен өзгерістер бар. Цифрландыру кез келген құрылымдағы қағазбастылықты жойды, құжаттарды жедел қабылдап, тез шешім қабылдауға жол ашты. Жаңа технология жетістіктерін мейлінше мол қолданып, салаға жаңаша леп, серпін берген саланың бірі – сот.
Сот жүйесін цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі сырт көзге бірден байқалары анық. Бұрын сотқа жүгінушілер арыз-шағымын сот ғимаратына әкеліп, кезекке тұрып өткізетін. Одан бөлек қаншама анықтама жинап әуреге түсетін. Керек мәліметтерді, қосымша құжаттарды ұсыну үшін, өз арызы туралы ақпараттарды білу үшін, сонымен бірге қажетті сот құжаттарын алу үшін де сот ғимаратына келуге мәжбүр болатын. Бүгінде азаматтарды сонша әуресарсаңға салған осы көп функцияны бір ғана «Сот кабинеті» сервисі атқарады.
«Сот кабинеті» сервисі халықтың сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етумен қатар, сот ісін жүргізуді де біршама жеңілдетті. Сот отырысының болатын уақыты мен орны туралы ақпарат тараптардың ұялы телефонына сервис арқылы смс-хабарлама ретінде, істің қаралуы туралы ақпарат «push-хабарлама» түрінде жіберіледі.
Бүгінде аталмыш сервис көптеген электронды қызмет түрлерін көрсету мүмкіндігіне ие. Сот төрелігін одан әрі жандандыру мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде тағы бір жаңа функция, яғни технологиясы QR-кодтарының жаңа технологиясы енгізілді. Халыққа ыңғайлы болу үшін және бірыңғай стандартқа көшу мақсатында «Сот кабинеті» сервисінде авторизациядан өту және ұсынылатын құжаттарға қол қою тетігі өзгертілді.
Осы секілді салаға тың жаңашылдық әкелген технологияның бірі, сот процесінде үн-бейнежазба құралдарының қолданылуы. Қазіргі таңда Республика соттарының залдары түгелдей дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен жабдықталған. Бұл тетік – сот ісін жүргізу реформасының институционалды жүйесінің жетілген қадамының бірі. Кез келген сотта қаралатын іс үн-бейне жазба құралының қосылуымен жүргізіледі.
Ақпараттық технологиялар сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін айқындайтын, халық пен соттардың арасына жол салатын көпір болып табылады десек, қателеспейміз. Қазақстанның сот әкімшілігі сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға күш салуда. Электрондық құжаттарды тапсыру, істерді онлайн бақылау және бейнеконференциялар сияқты электрондық қызметтерді енгізу сот жұмысын азаматтар үшін ыңғайлы және қолжетімді ете түсті. Алдағы уақытта цифрландыру бағытындағы бастамаларды жалғастырып қоймай, жасанды интеллект жетістіктерін ел игілігіне пайдалану кезек күттірмейді.
А.САПАРОВА,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы