МЕЙІРІМ МЕКЕНІ
Мейірімділік – Алланың адамға берген сыйы. Сол сыйды күн нұрындай шаша білетін адамзат қауымы жақсылықтың шапағатын мейіріммен көрсете білген. Жұмыр басты пендеге ыстық ықылас пен адал ниетті бір бойына дарытқан Жаратушының ұлылығына қалай бас имеске?!
Мейірімділіктің бір көрінісі – ананың балаға деген мейірімділігінен байқалады. Бала күннен бері анам мені біреудің ала жібін аттамауға, адамдармен жақсы қарымқатынаста болуға, бауырмалдыққа, адамдарға көмек көрсетуге тәрбиеледі. Ол кісі бір мектеп болатын болса, мен соның білім алып жүрген шәкіртімін десем де артық болмас. Анамның жасаған әрбір ісі – үлкен өнеге. Есімде күн сайын жаңғырып тұратын, қазірде өмірлік қаруыма айналған өнегелі бір ісін айта кетсем: мектеп оқып жүрген кезімде бір параққа жазылған дұғаны жаттап алып, күн сайын соны түнде айтып жату керегін айтқан. Дұғаның мазмұны мынадай еді: «Я, Алла өзіңнің мейірім шапағатыңның арқасында бір күнімді өткіздім. Енді міне, түн болды. Өзіңе мың қата шүкір. Келер күнім мен түнімді аман-есен өткізуге қамқорлық жасай гөр! Пәле-жалаңнан сақтай гөр! Қартайғанша өзіңнің ақ жолыңмен жүруге нәсіп қылғай!». Осыдан бері бұл дұғаны күнделікті айтып жүретін болдым. Анамның үйреткен осы бір дұғасының арқасында Құдайға шүкір, пәле-жаладан аулақпын.
ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ НҰРЫ
Бірде құрбым автобусқа мінгенде жанындағы кісінің жолақысын төлеуге тиыны жетпей қалды. Сол кезде әлгі жүрегі жылы құрбым оған көмек беріпті. Арада бір жыл өткен соң, ақ ниетті құрбымның басында әлгіндей жағдай қайталанады. Осылайша оған да жанындағы кісі төлеп жібереді. Кейіннен жер дөңгелек деген рас екен, жасаған жақсылығың қай кезде болсын алдыңнан шығады дегені бар. Расымен кез келген тіршілік иесі, қандай жағдай болсын, үнемі жанындағы адамдарға жәрдем беруі тиіс. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Тамшылап жасаған жақсылығың, көл болып тасымасына кім кепіл?!
Тағы да бір құрбымның басынан өткен бір оқиғаны айта кеткім келіп тұр. Ол мектепте 4-сыныпта оқып жүрегенінде мұғалімі қызығушылықтарын ояту мақсатында топтық жұмыстар береді екен. Құрбым мен оның тобы үнемі жеңіліп отырса керек. Бір күні кешкісін «осы неге біз үнемі жеңіле береміз?» деп біраз ойлана отырып, көзіне жас алып, қатты жылап, Құдайдан сұраған екен. «Я, Алла расымен де сенің бар екенің шын болса, ертеңгі болатын топтық жұмыста біз жеңіске жетейікші» деп. Сонымен оның тілегі қабыл болып, олар оқ бойы оза шауып жеңістің тұғырына көтеріліпті. Алла біздің дұғамызға әрдайым жауап береді.
Жаратқаннан біз тілеген дұға кейде ерте, кейде кеш орындалып жатады. Бірақ біз сұрауымызды жауапсыз қалды демеуіміз керек. Бірде тілегеніміз сол сәтте орындалып жатса, бірде біраз уақыт өткен соң орындалып жатады. Ол бізді сабыр еткен сайын, одан да үлкен жақсы, игі іспен қауыштырары сөзсіз.
ЖАҚСЫ АДАМ ҮЙІН ДОСПЕН ҚОРШАЙДЫ, ЖАМАН АДАМ ҮЙІН ТАСПЕН ҚОРШАЙДЫ
Жанымыздағы жүрген жандардан көмек сұрасақ, олардың барлығы дерлік жәрдем көрсете бермейді. Әрине, бес саусақ бірдей емес, әрдайым көмек сұрағанда қол ұшын беруге дайын тұратын адамдар баршылық. Мен білетін жер бетінде бір мейірімді жан бар. Оның адамдарға жасаған жақсылығын, көмегін әрдайым өз көзіммен көріп келемін. «Мынадай қиындықтар болып тұр. Қандай кеңес айтасың? Сенің көмегің керек болып тұр. Мүмкіндігің болса жәрдем етші» деген өтініштерін де сол адамға айтатынын да біліп жатамын. Ол ешқашан кісінің бетін қайтарған емес. Керек кезінде өзінің ақылында айтып отырады. «Жақсымен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» демей ме? Сол секілді онымен өткізген әр уақытым ұмытылмастай болады. Бірде оның бірге оқитын жолдасының оқуын төлеуге қаражаты жетпей қалып, сол жаннан көмек сұрағанын өз көзіммен көрдім. Әлгі жан өзінің шәкіртақысын түгелдей сол досының оқуына берді. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Оның бойындағы мейірімділігіне тәнтімін. Осыдан кейін арада біраз уақыт өткен соң, мен сырқаттанып ауруханаға түстім. Ол күндегісін күнде маған хал-жағдайымды білу үшін келіп тұрды. Ауруханада жатқанда сырттан кісі келгенін жақсы көріп отырасың. Әсіресе жаныңа жақын адамың болса. Әдетте оны күн сайын көріп тұрасың, онымен пікірлесіп, ақыл кеңесін сұрайсың. Ал ауруханада зерігесің ғой. Сондай кезде әлгі досымның келетіні жаныма медеу болады. Оның бір досынан мектеп директоры былай деп сұрағанда «Кімнен үлгі аласың?» дегенінде пейілі кең досымды айтқан екен. Ол осыншалықты үлгі аларлық адам бола білгені және соны мойындағаны деп білемін.
Бұл өмірде адамда екі дос болады: Бірі – Алла болса, екіншісі – саған Алланы еске салдыратын адам. Міне, менде осы екі дос та бар. Мен білетін ақжарқын, пейілі кең, ақкөңіл, мейірімді жан Құдайды еске салатын адал дос. Кейде тауымыз шағылып, көңіл-күйіміз болмай, еңсеміз түсіп, мазамыз кетіп жатады. Осындай кезде досым: «Әр нәрсенің қайыры бар. Сабырыңды ешқашан жоғалтпа. Барлық есікті ашатын ең соңғы кілт – сабыр. Алланың саған жіберген сынағынан сүрінбей, төзімділік танытып, шыдай біл» деп жатады.
Көбінесе қоғамдық көлікте үлкен кісілерге біз секілді жастардың орын бермейтінін байқаймыз. Ертең біз де сол кісілердей болмасымызға кім кепіл? Бұйыртып ол күнге де жетерміз. Сонда қазіргі біз орын беріп жүрген кісілердің орнында болсақ, бізге де кейінгі жас өрендер орын береді. Осыған орай Жүсіп Баласағұнның мына бір тұщымды, ұтқыр ойын айта кеткендігім жөн болар. «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең –мейірімділік көресің».
Бізге берілген Алланың ең үлкен нығметі – бізді мұсылман қылып жаратуы. Мұсылманның өмірі әрдайым екі істің арасында болады: жеңілдік пен қиындық. Біле білген кісіге екеуі де игілік. Жеңілдікке шүкір етеді.
Мейірімділік – бұл бізге берген Алланың басты құндылығы. Мейірімділік болмаса мына әлемнің мәні мен мағынасы бола ма? Мейірім шуағы жоқ болғанда не болмақ? Тіпті елестету мүмкін емес. Мына ғаламдағы барлық нәрсе мейіріммен жаратылған, мейірімнің арқасында белгілі бір жүйемен үйлесім тапқан. Бізді қоршаған орта, өмір сүріп жатқан айналаға нұрын шашатын – мейірімділік. Сол мейірімділікті әркім өзінше жырын жырлап, әнін шырқайды. Менің түсінігімше, мейірімділік – он сегіз мың ғаламның шамшырағы.
Алла Тағала мына дүниені сүйген адамына да, сүймеген адамына да береді. Осы берген дүниеде Құдайға құлшылық қылып және оның разылығы үшін әрқашан өзгеге жылылық көрсетіп, ізгі ниет пен игі амалдарды жасай білейік. Амалдар ниетке байланысты дейтін болсақ, сол ниеттің шығатын жері – жүрек. Осы жерде Шәкірімнің мына айтқаны еске түседі: «Мейірімділік, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады». Сол себепті барынша жүректі тазартуға күш салғанымыз дұрыс-ақ.
А.АХМЕТ