» » ҚАРЖЫНЫ ҚАЛАЙ БАСҚАРЫП ЖҮРМІЗ?

ҚАРЖЫНЫ ҚАЛАЙ БАСҚАРЫП ЖҮРМІЗ?

Бүгінде әркімнің басында бірнеше банктен алған берешегі бар. Қарызсыз адам көрсек таңырқай қарайтынымызды қайтерсіз?! Құдды қарызсыз өмір сүруді мүмкін еместей көреміз-ау. Осыған сәйкес қазіргі уақытта «қаржылық сауаттылық» деген сөз трендке айналған. Оны әркім әрқалай түсінеді. Ал шын мәнінде қаржылай сауаттылық дегеніміз не? Оның қандай критерийлері бар? Біз қаржыны қалай басқарып жүрміз?
Қарыз туралы айтылғанда қаржылық сауаттылық туралы да жиі айтылады. Көпшіліктің осы мәселеге мән бермегенімен бүгінде ол өте маңызды. Себебі қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Олай деуге негіз көп. Алуы оңай онлайн несие, пассивті кіріспен шырмап алатын пирамида, адамдардан сұрағанша деп жасырып алатын «жалақыға дейін» берілетін микроқарыз, одан қалды алтын бұйымдарды кепілге қою арқылы берілетін қарыз. Мұның барлығы адамды керек кезде құтқарғанымен, уақыт өте келе оны өтеуі қиындай түседі. Өйткені, несие алған адамның одан басқа да шығындары бар.
Атап айтсақ, күнделікті азықтүлік пен жүріп-тұру, дәрідәрмек секілді қосалқы қаражат қажет. Олардың бағасы да тұрақты емес. Ал жалақының инфляцияға сай өзгермейтіні белгілі. Бұл ретте адамның өміріне қажетті тұрмыстық заттар мен киім-кешек, балабақша, той-томалақ, өлім-жітім және тағы басқа қажеттіліктер жетіп артылады. Осының барлығы ақырында алған несиені жабуға мүмкіндік бермейді.
Несиесі мойнында тұрған адам келесі айда «бірдеңесі болар» деген үмітпен, тағы бір онлайн несие алып, кредитін жабады. Дәл осы жағдай келесі айда да қайталанады. Өйткені, шығын болжаусыз. Тығырыққа тірелген адам несие берсе банктен, бермесе құнды заттарын ломбардқа тапсырып, осылайша қарызды үсті-үстіне жамай береді. Берешекке белшеден батқан адам, енді оңай табыс табудың жолын іздейді.
САУАТТЫ БОЛУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Бабаларымыздың «Тарта жесең, тай қалар, тартпай жесең, не қалар?» деген тәмсілі даналықтың шыңы екен-ау. Дәл бүгінгі күннің сұранысына жауап берер нақты ұстаным осындай-ақ болар.
Қаржылық сауаттылық ұғымының кеңінен қолданыла бастауы оның маңызы мен мәнінің артуына тікелей байланысты. Шын мәнінде қаржылық сауаттылық дегеніміз – еркін ақша айналымын қамтамасыз ете алу, оны жұмсай білу қабілеті. Жасыратыны жоқ, осыған келгенде көбі қабілет деп қарамайды. Кейбірі тіпті ақша жинай алу әдеті керек емес деп ойлайтын да болар.
Қаржылық сауаттылықты жалпақ тілмен айтқанда, қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы деуге болады. Мәселен табысы жақсы адамдар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы, не ақшасын ауыстыра алмайды. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан орын алады. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену маңызды. Ол үшін бірінші кезекте кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Демек, адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселесі оңтайлы шешілетін болады.
Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсыз. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинауға зейін қою керек. Ақша ауадан келмейді. Сол үшін сәттілік пен ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек.
ҚАЛЫПТАСТЫРУ ҚАЖЕТ ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДА
Ең алдымен қаржылық тұрақтылық пен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазуға әдеттенген жөн. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, үнемдейтінін, жаратуға болатын ақшасының нақты санын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді.
Мұнан кейін дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құру. Қарапайым қағазға жазсаңыз да, ұялы телефонға тіркесеңіз де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажет. Келесі қаржылық мақсат қойып, ұмтылу, яғни жинақты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізудің тиімділігі. Мысалы, саяхатқа шығамын деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қанша қаражат бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам қалай болады деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы соманы жинау үшін қанша уақыт, неше теңгеден қалдырып отыратыныңызды анықтап алған дұрыс. Кез келген сатып алғыңыз келген ауқымды дүние үшін осы әдіс пайдалы болмақ.
Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығыннан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Соған қарамастан, артық шығындарды қысқартып, алғашқыда 5 пайыз, кейіннен 10, 20 пайыздан қауіпсіздік қорына салып отырыңыз. Жалпы, жинақ жоқ дегенде жалақының алты айлық мөлшерінде болады. Ешкім оқыс оқиға мен жазатайым жағдайлардан сақтандырылмаған. Денсаулығыңыз жарамай, жұмыстан шығып қалсаңыз, қандай да бір жағдайлар болса алты ай бойы күн көре алатындай қор дайын тұру керек. Мәселен, айлығыңыз 200 мың теңге болса, сіздің қауіпсіздік қорыңыздың мақсатты көлемі 1 млн 200 мың теңгеге тең. Бұл қаражат қандай жағдай болса да жұмсалмай, қолда тұруы қажет.
ЕЛДІҢ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТЫ ҚАЙ ШАМАДА?
«Ақша қолдың кірі» десек те, өмір сүрудегі қажеттіліктерді өтеу үшін ең бірінші қаржы қажет-ақ. Әрбір адам жақсы өмір сүруі үшін тынымсыз жұмыс істеп, мол ақша тапқысы келеді. Тапқан қаржыны тиімді пайдаланып, рахатын көріп, қаржысын басқарып жүргендер не дейді?
Қор жинау жайында сөз қозғамас бұрын, әрбір адам қаржыны басқара білу керектігін атап өткеніміз жөн. Тапқан табысты басқара алатындай қаржылық тұрғыда сауатты болсаңыз, аз жалақының да берекесі болады. Халқымызда үнемшілдік турасында айтатын нақыл сөздері көп. Себебі ысырапшылықтың соңы дәстүрімізде де, дініміз де жақсылыққа апармайды. Сондықтан да үнемшілдікті ең бірінші ақша жинаудан бастағаныңыз абзал.
Келесі кезекте халық арасындағы пікірлерге құлақ түріп көрелік.
– Ақшаны дұрыс жарата алмаймын. Несін жасырамыз, жалақы алған күннің ертеңінде қарызға ақша сұрап кететін кездер де болады. Не алған затым, не сақтаған қорым жоқ. Дүкенге кірген сәттеақ әмиянымның түбі көрінеді. Мүлде қор жинамаймын. Себебі несиеден артылмайды. Оның арасында ішіп-жем, киім-кешек алу, қыдыру деген бар. Бірақ аяқасты қатты қиналып қалсам ақша таппай қалатыным рас. Таныстардан қарыз сұрауға тырысамын. Міне, осындай қаржылық қиындықтар есебінен ақша жинау мүмкін емес. Әрине, сауаттылықты қолға алып, қор жинап, қаржылай еркіндікке қол жеткізгім келеді, – дейді Арайлым есімді оқырман.
Ал енді бірі ақша жинауды қолға алғанын айтады.
– Ақша жинау үшін арнайы депозит аштым. Ай сайын жалақымның біраз мөлшерін салып қоямын. Басты мақсатым – баспаналы болу. Сол үшін де бар жиған-тергенімді соған саламын. Мақсатыма жылдам жету үшін өзімді көп дүниеден шектеуім қажет болды. Оңай емес, әрине. Жалақым түскен бойда бірден жинаққа салуды ойлаймын, – дейді Азамат Бақбергенов.
Жалпы, ақша жинауды бастау алдында әр адам не үшін ақша қорының қажет екенін білгені жөн. Себебі ертеңгі күннен, қандай жағдай орын алатынынан бәріміз бейхабармыз. Сондықтан да қаржылық тұрғыда сауатты адамның ақша қоры болғаны өзіне жеңіл.
ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ НЕГІЗДЕРІНЕ НЕ ЖАТАДЫ?
Қаржыгер мамандар ақша жинаудың бірнеше тәсілін айтады. Олардың сөзіне сүйенер болсақ, әр жалақы алған сайын бірден қажетті бөлігін сақтауға қойған жөн. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың бұл тәсілді «алдымен өзіңе төле» деуінің өзі тегіннентегін емес. Сондықтан да жалақының бір бөлшегі, ең бірінші, өзіңіздің қорыңызда сақталғаны жөн. Ал кейбір сарапшылардың пікіріне сүйенсек, олар табыстың 10 пайызын қорға сақтауды айтады. Ал екіншілері 20 пайыз дейді. Бірақ мақсат пайызда тұрған жоқ. Ең бастысы – табыс көзінің аз мөлшері болса да қорға сақталуы тиіс. Бірақ мұндағы бір мәселе – әрбір адамның алатын айлық көлемі. Егер айлығыңыз аз болып, оның 20 пайызын сақтап қойсаңыз, қалған 80 пайызы сіздің өмір сүру деңгейіңізге жетпей қалуы да мүмкін. Сондықтан қаржының пайызы емес, мөлшері қорға түссе болғаны. Бірақ қолда бар ақшаны бірден жаратып тастауға асықпаңыз. Өзіңізге не қажет екенін біліп, арнайы тізім жасап, сол бойынша қаржыны жаратқан дұрыс. Осындайда көпшіліктің «ақшада көз жоқ» деп күйінетін сөзімен келісуге болады. Себебі қымбатшылық пен несие қалтаға салмақ түсірмей қоймасы анық. Дегенмен де үнемдеуді білгеніміз жөн. Үнемшілдік болмаса миллиондап қаржы тапсаңыз да жетпей қалуы бек мүмкін. Ал үнемдеуді білетін, қаржылық сауатты адам аз ақшасының өзінен мол қор жинай алады.
Біздің қоғамға қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі тиіс. Ақша жинаудың қарапайым ғана мысалы отбасында не мектепте айтылмайды, үйретпейді. Ақша жинауды емес, оны табуды бірінші меңгергеніміз жөн. Күніне 100 теңгеден қор жинауды әдетке айналдырайықшы. Қарапайым ғана әдісті әдетке айналдырсаңыз 30 күнде 3 мың теңге жинасаңыз кейін 1 мың теңгеден жинауға әуестенесіз. Демек, сіз 1 айда 30 мың қорға пайда алып келесіз. Бұл тым аз болып көрінуі мүмкін бірақ сіз 1 жылда біршама қаражат жиған боласыз. Жалпы, ақшаны көк сандыққа, болмаса жасыл әмиянға сақтасаңыз да айтарлықтай айырмашылық болмайды. Ең бастысы, қордағы қаражатты сауатты жұмсап, көбейтуді мақсат еткен жөн.
Ақша үнемі жиналып қана тұрмай, ол бір пайда алып келгені де дұрыс. Егер ақшаңыз көк сандықтың түбінде жата беретін болса, бір жыл ішінде ол сатып алу қабілетінің оннан бір бөлігін жоғалтып алатыныңыз анық. Демек, ақшаңыз қап түбінде жатып та құнын жоғалтады. Сондықтан қаржылық сауаты бар жандар кәсіп бастап, болмаса банк депозитін ашып, салуға ұмтылады.
Қаржыны сауатты түрде басқарған жағдайда, шығын кірістен аспайды. Ал бос қаражаттың барлығы «жұмыс істеп тұрады». Демек, пайда әкеліп отырады. Сонымен қатар, алаяқтардың арбауына түспеуді біледі. Жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп отырсам, бос ақшаны қайдан аламын деп ойлайды көбі. Шындығына келгенде, ақша жинау, инвестиция жұмсау, жанама табыс табу және қаржылық сауаттылыққа ие болу әркімнің де қолынан келеді. Аздан да, көптен де үнемдей білу керек.
ТҮЙІН Қазір көпшілігі бір жалақыға қарап күн көруде. Жалақы аз, шығын көп заман болды. Десек те, сол аз жалақының өзін де шашауын шашпай аз-аздан жинап отыруға бейімделу қажет. Қолға қаржы түссе бірден қымбат көлік пен су жаңа телефон алуға асықпаған абзал. Оның орнына білім алып, кітап оқып, білім жолында жұмсасаңыз, ертең сол қаражатты бірнеше еселеп қайтарып аласыз. Әлемдік тәжірибе бойынша бай адамдар үнемі білімін жетілдіріп, саяхаттап, көп оқып, активтерге инвестиция салады. Ал кедейлер ақшаның көзіне қарамай бірден қымбат заттарға ұмтылады. Бірақ мұндай ысырапшылдық бізге опа бермейтінін түсінетін уақыт келген секілді...
Ақнұр САҒЫНТАЙ
06 наурыз 2025 ж. 124 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

№15 (10383)

25 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 446
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31