» » Қаржылық сауат арттырды

Қаржылық сауат арттырды

Биыл елімізде халықтың қаржылық сауатын арттыру бағытында «Қарызсыз қоғам» жобасы барлық өңірде жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте өткен Қазақстан халқына Жолдауында бұл жобаны ерекше атап өтіп, оның игілігін барша халық көруі керек деген болатын. «Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетсе, сондай-ақ қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретуде.
«AMANAT» партиясы «Halyk Bank» бен бірлесіп, былтыр еліміздің 8 өңірінде жобаны іске қосып, 65 мыңнан астам азаматты қаржылық сауатын жетілдіру курстарынан өткізуге үлес қосты. Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыра отырып, азаматтардың банктік несие мен шағын несиелер бойынша проблемалық қарыздарын шешуге көмектесті.
«Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігі сол – оқу курстарында тренерлер қатысушылардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың арасында несие алып, кәсіптерін дамытуды ойластырып жүргендеріне бизнесті қалай бастау керегін, қаржыны қайда бағыттау қажеттігін, сонымен қатар бизнес-жоспар құруды үйретеді.
Өткен аптада «AMANAT» партиясының аудандағы және Байқоңыр қаласындағы филиалының мұрындық болуымен жоба аясында 5 күндік тегін оқыту курсы ұйымдастырылған-ды. Арнайы оқыту сабақтарын өткізген курс оқытушылары Б.Мамен, Ж.Омарова қатысушыларға қаражатты қалай жұмсау керектігі жайында толық ақпарат бере отырып, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын, несиені алудың және оны қайтарудың жолдарын, сондай-ақ алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау жайында дәріс өткізді.
Бүгінде несие алып, оны өтей алмай жүрген борышкерлердің қатары көбейгені рас. Тіпті бұл кейбір отбасылар үшін үлкен қасіретке айналып отыр. Жалақының аздығынан негізсіз себептермен қарызға батқандар баршылық. Осы орайда «Қарызсыз қоғам» жобасы қаржылай сауатты болуды, қажырлы еңбек етуді үйретеді.
Бес күн бойы маманнан үздіксіз кеңес алған кент тұрғыны Әмина Кетебаева дәріс алғандағы әсерін бізбен былай бөлісті.
– Қазіргі қоғамда қарыз мәселесімен бас қатырып жүрген, несие алып, оны мерзімінен кешіктіріп өтей алмай жүргендер қаншама. Қаржылық сауатты арттыру мақсатында мұндай жобаларды ұйымдастырып отырған «AMANAT» партиясына айтар алғысым шексіз. Бес күндік дәрістен көп нәрсені үйрендім. Соның ішінде қаржыны тиімді әрі үнемді пайдалануды, несиелік қарыздарды азайтудың жолдарын және алаяқтық әрекеттерді анықтау жайында білімімді жетілдірдім. Қазір түлкідей құбылған заманда халықтың алаяқтарға алданып, қаржысынан айырылып жатқанын құлақ естіп, көз көріп жүр. Сол үшін осындай сауаттылық оқу курстарын әлде де көбейту керек, – дейді ол.
Азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасының бірінші аптасы қорытындыланып, аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Д.Буханов дәріс алған қатысушыларға арнайы сертификат тапсырды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
16 шілде 2024 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 546

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 615

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031