БЕЙНЕБАҚЫЛАУ – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ
Бүгінде қала көшелері мен тұрғындардың көп шоғырланатын орындары қырағы көз бейнекамералармен қамтылған. Себебі қоғамның тәртібі мен адамдардың қауіпсіздігі маңызды болып отыр. Жыл сайын елімізде әртүрлі себепке толы адам өміріне қатысты оқиғалар орын алып, қайғылы тұсы көбеюде. Соның алдын алу мақсатында органдар тарапынан заң талаптары күшейіп, қатаң бақылау шаралары қолға алынуда.
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес қалалық және аудандық полиция бөліністеріндегі кіші жедел басқару орталықтарын қаржыландыру жүктелген болатын. Осыған сай облыс әкімінің қолдауымен аудандарда полиция бөліміндегі жедел басқару орталығын құруға қаржы бөлініп, ақпараттар қабылдау мен тіркеуді автоматтандыратын, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын бейнекамералар, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы қамтамыз етілді. Ал енді аталған бақылау жүйелері қаншалықты жұмыс істейді деген көптің көкейінде сауал бар. Бірі әлі жылдамдықты асырса, енді бірі қауіпсіздік белдігіне әлі де немқұрайлы қарап, жол қауіпсіздік ережелеріне бағынбай жүр.
Жақында жол қозғалысы мен қауіпсіздікке қатысты бір жағдайға тап болдық. Әдеттегідей түскі үзіліс уақыты болып, жұмыстан екі-үш адам көлікпен үйге қайттық. Көлік тізгіндеген соң жол ережесін қаперде ұстап, қауіпсіздік белдігін тақтық. Жолға түсіп отыз метрдей қозғала бергеніміз сол еді артымыздан жол сақшылары демде жетіп, тоқтатты. Тоқтату себебін сұрағанымызда алдында отырған жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпағанын айтып, жедел басқару орталығының мамандары камера арқылы бақылап отырғанын түсіндірді. Тіпті дәлелді де көрсетіп, жолаушыға жол қауіпсіздік ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін айыппұл салынатынын ескертті. Жол ережесін бұзған кей жүргізушілердің жол сақшысының тоқтатудағы себебі мен бейнебақылаудағы дәлелдемеге сенбей дау шығарғанын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Жақында аудандағы жедел басқару орталығының жұмысымен танысуға ішкі істер бөліміне бардық. Басшының рұқсатымен ғана жедел басқару орталығының жүрегі – бейнекамераларды қарайтын залға кірдік. Тәртіп қатал. Кез келген адамға бұл жерге кіруге рұқсат жоқ. Қақ төрде үлкен экран. Қызмет орындары дербес компьютермен, телефон және радиобайланыспен қамтамасыз етілген. Қосымша мониторларда отырған кезекші мамандардың бізге мойын бұрып қарауға уақыты жоқ. Себебі, тәулік бойы тұрғындар тыныштығы мен жол қозғалысын күзететін бүкіл камераны онлайн режимде үзбей бақылауда. Үлкен экранда кентте жыбырлағанның бәрі көрсетіліп тұр. Соңғы үлгідегі бейнебақылау камерасы адамның бет жүзін анық көрсетеді. Тіпті алыста тұрған көлікте кімнің отырғаны, ішіндегі жолаушының қауіпсіздік белдігінің таққан тақпағаны, басқа да іс-әрекеттер еш кедергісіз камераға түсіп тұр.
– Жедел басқару орталығында желі тәулік бойы тынымсыз қоңырау қабылдайтын болғандықтан қызметкерлер 24 сағатта екі ауысыммен жұмыс істейді. Біз ұдайы кентті камерамен бақылауда ұстап отырамыз. Бір жағдайлардың орын алғанын көрсек сол жерге жақын жүрген тәртіп сақшыларын радиобайланыс арқылы хабарласып, жіберіп отырамыз. Кейде тәртіп бұзған көлік жүргізушілердің қайда жүргенін анықтаймыз. Осылайша камераның көмегімен құқықбұзушылықтың алдын аламыз, – деді осы қызметке бекітілген мамандар.
Мәселен, кенттің өзінде қоғамдық тәртіпті бақылайтын барлығы 77 бейнекамера болса, оның 5-уі жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы. 18 айналмалы бейнебақылау камерасы кент орталығына қойылған. Ал қалған 54 камера бір бағытта тұрып қозғалысты бақылайды.
Тағдыр тәлкегіне түскен, зорлық-зомбылыққа ұшыраған, куә болған немесе жол көлік оқиғасы кезінде полицияға түрлі хабарламалар келіп түседі. Осындай қиын-қыстау мезетте адам тағдырын шешу, қылмыстың ізін суытпай ашуға септігін тигізетін қызмет – жедел басқару орталығы.
Ерсін СӘДУҰЛЫ