АБЫРОЙҒА БӨЛЕГЕН АДАЛ ЕҢБЕК
Мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет пен үлкен абырой. Бұл атты арқалап жүргендер мемлекет үшін қызмет етіп, ел жүгін арқалап жүр. Осы орайда 40 жылға жуық ғұмырын ел дамуына арнаған халық адамы туралы сөз етпекпіз. Көптің алғысын арқалаған, өз ісіне тиянақты жанның бірі – Жосалы ауылдық округінің бас маманы Шолпан Өтегенова.
Ол 1965 жылы Қармақшы ауылына қарасты Қызылтам темір жол бекетінде дүниеге келген. Әжесінің бауырында тәлім алып, алғырлығымен көзге түсіп, өзі білім алған №26 мектепті үздіктер қатарында тәмамдайды. Жоғары білімді Алматыдағы Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтынан меңгереді. Еңбек жолын 1986 жылы ұрпақ тәрбиесіне үлес қосумен бастап, 1987 жылы отбасымен бірге Жосалы совхозына қоныс аударып, сол жылдың мамыр айынан бастап Қызылжұлдыз ауылдық Советінің секретары қызметін атқарған.
Қызмет бабында жүріп, өмірлік серігін жолықтырып, Мұхит есімді азаматпен бас қосады. Өмірге ұлқыз әкеліп, ана атанғаннан кейін 1994 жылы ауылдық округ әкімінің іс басқарушысы болып қызметін жалғастырады. Қызмет пен отбасыны қатар алып жүру қанша қиын болса да, өз жұмысына деген шексіз сүйіспеншілігі мен адал атқарған қызметінің арқасында 1997 жылы ауылдық округ әкімі аппаратының маманы болып тағайындалады.
Елге еткен кіршіксіз еңбегі мен халықтың батасының арқасында 2003 жылдан бері Жосалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарып келе жатқан халықтың адамы, бүгінде алпысқа аяқ басқан ел анасы, алты немеренің асыл әжесі. Қай кезде де бастаған ісін соңына дейін жеткізгенді құп көретін кейіпкеріміздің жұмысы жөнінде өз айтары бар.
– Мемлекеттік қызметкер ең бірінші шынайы патриот болуы керек. Өз елін ұсақтүйегіне дейін жақсы көру шарт деп санаймын. Содан кейін жанын салып жұмыс істейтін, сол істеген жұмысынан тамаша нәтижеге қол жеткізетін білікті маман болғаны жөн. Бұл ең бірінші тәртіп, өзөзіне деген жоғары талапшылдық, үлкен жауапкершілік, жанашырлық, – дейді тәжірибелі маман.
Жалпы білімді, жауапты жанның өз ортасында да орны бөлек. Жасы кіші әріптестері Шолпан апайдан үлгі алса, замандастары мінезге бай, тірлігі тындырымды екенін алға тартады. Осы ретте, кезінде бірге қызмет атқарған замандасы Гүлжамила Тоқтарбекова «Қазір ойлап отырсам бізге, яғни Қармақшы ауданындағы он екі ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарына керемет тарихи кезеңде халыққа қызмет ету бұйырған екен. Кеңес одағы ыдырап, 1991 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Қазақ халқының тарихындағы шын мәніндегі ұлы оқиға болған күннен бастап, қазақ халқының жаңару кезеңі басталды. Ел үшін оңай болған жоқ. Әрине осы қиын уақытта ең алдымен бұрынғы жүйенің ыдырауының зардаптары мен әлеуметтікэкономикалық күйреу мен дағдарысты бастан кешірдік. Осы кезде ел ішіндегі тыныштық пен ауызбіршілікті сақтау үшін аз болса да өз үлесімізді қостық және үлкен абыроймен елдің алғысы мен ризашылығына бөлендік. Міне, осы ретте Тәуелсіздік біздің ең басты игілігіміз бен баға жетпес құндылығымыз екенін ерекше қадірлеп, жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуірде ерекше сезіммен халыққа қызмет көрсеттік. Сол уақытта бірге қызмет жасағандардың ішінде Шолпанға ерекше тоқталғым келеді. Ол ауданнан келген кез келген тапсырманы тез түсініп, жылдам орындайтын. Оның Жосалы ауылының өркендеп өсуіне қосқан үлесі зор деп білемін. Әрқашан күліп жүретін біздің Шолпан жанының тазалығы, көңілінің адалдығы, қарайым да парасатты мінезі, өнегелі еңбегі, тындырымды істері арқасында үлкен абырой мен мықты беделге ие. Жинаған тәжірибені ақылшы ретінде кейінгі жастарға үйретуден де жалықпайтын» дейді.
Ал Қуаңдария ауылдық округі әкімі аппаратының әдіскері Салтанат Баймаханова әріптесінің жаңашылдыққа құмар екенін алға тартты.
– Шолпанмен жұмысқа тұрған уақытынан бері танысып отбасымен араласып келеміз. Жолдасы Мұхит та ақкөңіл жан. Шолпан ер мінезді, бір сөзді, жасандылыққа жаны қас, досқа адал жан. Атаанасынан тәлімді тәрбие алған балалары Ермек те, Мөлдір де мемлекеттік қызметте. Қызмет бабында бірге жұмыс жасаған уақытта екеуі де өз істеріне адал, тиянақты маман екенін көрсетіп келеді. Бір қызығы, Шолпан кезінде өзіне туу туралы куәлік берген Қызылтам ауылдық Кеңесінің секретары Рыскүл апаймен бірге жұмыс жасады. Апайдың жұмыс тәжірибесі мол, бізге айтар ақыл кеңесі де көп еді. Ол кісі бізге «Сендер қанша шаршасаңдар да, елдің алдында жүрсіңдер, әр ауылдың айнасысыңдар» деуші еді. Қазір сол бірге жұмыс жасаған қыздар әлі де байланысты үзген емеспіз. Жаңашылдыққа жаны құмар Шолпан бар жақсы бастаманың басықасында жүреді, біздің ортамызда да өте белсенді. Жұмысқа да отбасына да көңіл бөліп үлгереді, – дейді ол.
Сонау Кеңес үкіметі кезеңінен бастау алған Отанға деген сүйіспеншілік, қызметке деген құлшыныс мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талабы күшейтілген «Жаңа Қазақстанда» да ортайған емес. Кеңес үкіметінің тараған, Қазақстан Республикасының егемен ел болуы, тәуелсіздік алғаннан кейінгі демократиялық реформалар мен нарықтық экономикаға көшу процестерінде билік пен халық арасының сенімді өкілі бола білген ол тек ауылдың ғана емес, Қазақстанның дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін көптеген марапатқа ие болды. Бірақ марапаттың ең үлкені – халықтың батасы мен мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдарға ие болған шәкірттерінің тәлімгеріне деген алғысы екенін белгілі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА