» » ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖАНАШЫРЫ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ЖАНАШЫРЫ

Туған жердің әр перзенті қай жерде, қандай қызметте жүрсе де атамекенін, алтын бесігін бір сәт естен шығармай, оған мәңгілік қарыздармын деп есептейтіні белгілі. Себебі адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер ата-анадан кейін туған жердің топырағынан дариды. Мұндайда өскен өлкесінің өркендеуіне қолдау көрсетіп жүрген азаматтардың ісін көпке үлгі етеміз.
«Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген ұстанымды өміріне ту еткен жанды қалай өнеге етпеске? Осы орайда туған жерге деген адалдығынан айнымай, онысын әр ісімен дәлелдеп келе жатқан азамат туралы айтпақпыз. Ол – ауданға қарасты Төребай би ауылының тумасы, осындағы №199 орта мектептің түлегі – Берік Жұбанышов. Ғылым жолында еселі еңбек етіп жүрген жерлесіміз бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, «Тарих» кафедрасының тарих ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы қызметін атқарады. Туған жерге деген жанашырлығын ауыл адамдары жиі сөз етеді. Ол қамқорлықты келер ұрпаққа жасауды қолға алған. Мәселен, өткен жылы мектептің үздік оқушыларын қаржылай сыймен қуантса, биыл оқушылар арасында байқау ұйымдастырған.
«Туған ел – әр адамның түпқазығы» аталған шығармашылық байқау туған жерге деген махаббатты дәріптеуге, оның табиғаты мен тарихын қастерлеуді ұрпақ бойына сіңіруді мақсат еткен. Аталған байқау 3 бөлім аясында өткізілді. Оқушылар туған жерге қатысты өлеңдерді мәнерлеп оқып, эссе, шығарма жазу арқылы бақ сынасты. Ауданнан арнайылап келген ұстаздар төрелік етті.
Тағылымы зор шығармашылық байқауды аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Әлібекқызы мен мектеп директоры Жаннат Алмабайқызы ашып берді. Осы байқаудың өткізілуіне демеуші болған ел перзенті Берік Темірханұлы жайлы 7сынып оқушысы Қарақат Нұрханова қызықты таныстырылым жасаса, 5сынып оқушылары әдеби монтаж ұсынды. Сонымен қатар «Болар бала жасынан» тақырыбында Берік Темірханұлының сынып жетекшісі Күлпатша Төлегенқызы мен сыныптасы Князь Тұрсынбекұлының видеосәлемдемесі тамашаланды. Бабы мен бағын сынағалы тұрған оқушыларға ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бұрқыт Қалдашбаев ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
Түрлі жанрда сайысқа түскен оқушылардың арасында жүйріктер сараланып, жүлделі орындармен марапатталды. Мәнерлеп оқу байқауы бойынша Шұғыла Бауыржанқызы жеңіс төрінен көрінсе, эссе жазудан Аңсар Тыныштық оқ бойы оза шапты. Ал шығарма жазғандар арасынан Биғали Мырзағалиев жеңімпаз атанды. Одан бөлек ІІ, ІІІ орын иеленген әрбір оқушыға қаржылай сый қарастырылған.
Жиын соңында мектеп директоры Жаннат Алмабайқызы жүлдегерлерді марапаттарымен құттықтай отырып, демеушілік жасап, білім алушыларға жақсы көңілкүй, білім алуға деген ынта мен құлшынысын арттырған ел перзентіне және қазылық жасаған ұстаздар мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Әлібекқызына ұжым атынан алғысын білдірді.
Расында да Берік Темірханұлы сынды азаматтың жасап жүрген еңбегі осындай болашағы зор ұлағатты бастамаға мысал. Әр азаматтың туған жерге деген махаббаты ол одан қанша ұзап кетсе де өшпек емес. Бұл кез келген адамға тән қасиет. «Елім маған не береді?» деп емес, «Мен еліме не беремін?!» деп еңбек ететін, алға ұмтылатын сана қажет. Еңсесін тіктеп келе жатқан тәуелсіз еліміз сонда талай рухани биіктерден көрінері сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
17 ақпан 2025 ж. 247 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (10381)

18 ақпан 2025 ж.

№12 (10380)

15 ақпан 2025 ж.

№11 (10379)

11 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 400
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728