СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСІН
Бүгінгінің талабы солай болып бара ма, адамға сенуден қалып барамыз. Бұл – рас дүние. Қоғамның өзгергені ме, адам пейілінің тарылғаны ма екен, кім білсін?! Қалай ойласақ та адамның бір-біріне деген сенімінің азайғаны ақиқат. Сұрақты төтесінен қойсақ. Сіз кімге сенесіз? Бір үйде тұратын, бір анадан туған бауырыңызға сенесіз бе? Жоқ әлде бірге жүріп жұмыс істейтін адамға көбірек сенесіз бе? Ешқайсысына да толық сенемін деп кепілдік бере алмайсыз ғой. Солай ма?
Иә, қазірде бір-бірімізден сенімсіздік танытып, сезіктеніп, қорқатын болдық. Мәселен, үлкен қалада қарияның ауыр дорбасын көтеруге жәрдемдесейін десең, ат тонын ала қашып үрке қарайды. Сірә, затымды ұрлап кетеді деп қорықса керек. Қорқуының да өз жөні бар. Кейбір бұзақы жас буын көшеде қауқарсыз жүрген қарттардан барын тартып алып, көше шетіне итеріп кететін жайт та аз емес. Осыдан кейін қарттарымыз жастардың көмегінен бас тартады емес пе?! Осы секілді біреуге жәрдемдесейін десеңіз, үрке қарайтындардың қарасы көп. «Ол маған неге көмектесті, бір ойлағаны бар» деп жақсылық жасаған адамға жамандықты апарып жақындатып қоямыз. Ол неге? Жоғарыда айтқандай, аузы күйген үрлеп ішедінің кебі. Ақкөңіл жанның аңғалдығын өз пайдасына жаратып, адамды сан соқтырғандар қаншама?! Сенгіштікті өз икеміне бейімдеп алғандардың бүгінде «жолы» болып тұр. Кей адамның түбіне жеткен сол сенгіштігі болар. Сондықтан көрінгенге себепсіз сене беруге әсте болмайды.
Осыдан 15 жыл бұрын, яғни мектеп оқып жүрген кезде директор кабинетінің алдында «сенім жәшігі» деген төрт бұрышты қорап тұратын. Оның ішінде не жазылып жатқанынан біз хабарсыз едік. Ара-тұра мектепішілік іс-шара, жинақтарға наразылық туралы шағымдарды ғана еститінбіз. Кейіннен заман ағымына сәйкес сол бір жәшік қоңырау түріне қарай ауысты. Қазір барлық мекеме, қызмет түрлеріне осы телефонды жүктеп қойған. Әлгінде айтқан «жәшік» кейбір мекемеде әлі күнге дейін бар. Бірақ ондағы шағымдарды тек басшылық білмесе, қара халық әдеттегідей бейхабар. Жылдың қорытынды есебінде де бұл мәселе көтере бермейтін сыңайлы. Оның «сенімділігі» де бәлки осы шығар. Ал бәзбіреулер мұндағы «сенім» сөзіне селқос қарайды.
Жалпы сенім – қоғамның іргесін қалайды. Сенім болмай, ел болу да қиын. Адам әр күніне, ісіне белгілі бір дәрежеде сеніммен қарайды емес пе?! Кей сәтте адамды алға жетелейтін де осы – сенім.
Біз үнемі бір дүниеге сеніп өмір сүреміз. Бәлки ертеңгі күнге, болашаққа зор сеніммен қарайтынымыз болар. Басқасы басқа, әуелі адам өзінің істеген маңдай тер еңбегіне сенеді. Еткен еңбегі адал болса сенімінің алдамасы анық. Ал бойында адалдығы бар жан сенімге селкеу түсіре қоймас сірә?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ