ЖАҢА ЖЫЛ – ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР
Жаңа жылдың есігімізге енгеніне бірнеше күн өте шықты. Жыл басы өзгерістермен басталатыны баршаға аян. Биыл да қолға алынған бастамалар мен жаңарған ережелер жетерлік. Оның кейбірі – заңнама тәртібінде көзделген өзгерістер болса, кейбірі – былтырғы бастамалардың заңды жалғасы. Мәселен, айлық есептік көрсеткіш жыл санап өсіп отырады. Былтыр 3 692 теңге болса, биыл 1 АЕК 3 932 теңгеге тең. АЕК-тің әсері зейнетақы, жалақы, әлеуметтік жәрдемақыларға да әсер етеді. Алайда бұл өзгеріс ең төменгі жалақы мөлшеріне әсер етпеді. Ол былтырғыдай 85 мың теңге көлемінде қалды.
Тағы бір өзгеріс – биылдан бастап жеке тұлғалардың декларация тапсырудан босатылуы. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 8 млн азамат бұл міндеттен босатылуы мүмкін. Себеп – деректер базасының цифрлануы және қолма-қолсыз төлем жүйесінің дамуы. Дегенмен жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары декларация тапсыруды жалғастырады.
Жаңа салық кодексі 2025 жылдың шілдесіне дейін қабылданып, 2026 жылдың қаңтарынан бас тап күшіне енеді. Банк аралық QR-төлемдердің іске қосылуы да биылға жоспарланып отыр. Яғни пайдаланушылар сауда нүктесінде қай банктің терминалы тұрғанына қарамастан кез келген банктің мобилді қосымшасы арқылы QR-төлемді жүзеге асыра алады. Қазір бұл жұмысты Ұлттық төлем корпорация сы екінші деңгейлі банктермен бірлесе жүргізіп жатыр. Қызмет 2025 жылдың бірінші жартысында қолжетімді болмақ.
Алдағы жылға арналған бюджеттегі есептік көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты жәрдемақы мөлшері ұлғаяды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас тап Қазақстанда зейнетақы 8,5%-ға көбеймек. Бұдан басқа, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас тап Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бо йынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алынатын әлеуметтік төлемдер мөлшерінен 6,5%-ға әлеуметтік төлемдерді арттыру жоспарлануда.
Біздің өміріміз үшін маңызды саланың бірі – денсаулық сақтау. Бұл салада да айтарлықтай өзгерістер бар. Атап айтсақ, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тәуекелдерді басқару жүйесін (ТБЖ) енгізеді. Оған сәйкес медициналық ұйымдар төмен, орташа немесе жоғары тәуекел аймақтарына бөлінеді. Осылайша, Қазақстандағы медициналық ұйымдар «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарға бөлінеді.
Егер емханада медициналық көмек көрсетуде шағымдар, ауытқулар болмаса, онда ол автоматты түрде «жасыл» аймаққа түседі. Алайда әзірге қазақстандықтар ұйымның белгілі бір балының рейтингін көре алмайды.
Сондай-ақ жыл басынан елімізде онлайн микроқарыздарды рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді де, электрондық цифрлық қолтаңбаны да міндетті түрде бір мезгілде қолдану енгізіледі. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, сондай-ақ микроқаржы ұйымдары үшін клиент ақша аударғанға дейін оған банктік шоттың немесе төлем картасының тиесілігін анықтау қажет. Жалпы, банктер мен МҚҰға тексерудің кем дегенде екі әдісін, биометрияны және ЭЦҚ қолдану қажеттілігі туралы талаптар қойылды. Бұдан басқа, банктер төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру кезінде клиентке тексеру кодын оның ұялы нөміріне жібереді. Қаржы реттеушісі банктерге онлайн несиелерді рәсімдеу кезінде өтінім берілгеннен кейінгі күннен ерте емес мақұлдауды беруді ұсынады, осылайша клиент алаяқтар жүктеген несиеден бас тарта алатын «салқындату» кезеңі енгізіледі.
Білім беру саласында бұл жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде өзгерістер орын алмақ. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының деректері бойынша тест сұрақтарының мазмұнын түбегейлі қайта өңдеу жоспарлануда. Біріншіден, бейіндік пәндерді күшейтуге баса назар аударылады және олар бойынша сұрақтар саны артады. Сонымен бірге міндетті пәндердегі сұрақтар саны азаяды. Сондайақ, халықаралық нормаларға сәйкес келетін сызбалар, диаграммалар болатын мультимедиялық тест тапсырмаларының саны артады. Енді мектеп түлектері ҰБТ тапсыру орнын өз бетінше таңдай алатын болады.
Өткен жылы көп талқысына түскен мәселенің бірі – хайуанаттар бағы мен жылжымалы цирктердің заңсыз қызметі болды. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінде хабарлады.
Онда жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңда жануарларды көрмеге қоюға, жылжымалы хайуанаттар бағын, океанариумдарды құруға тыйым салатын норма қарастырылғанын еске салды. Сондай-ақ қазіргі уақытта стационарлық цирктер мен мемлекеттік хайуанаттар бағында жануарларды пайдалануға тыйым салу туралы мәселе жоқ. Олар бұрынғы режимде жұмысын жалғастырады. Біздің тізбектегеніміз өзгерістердің бір парасы ғана. Бұлардан өзге де жыл ережелері жетіп артылады. Олар туралы алдағы уақытта толығырақ жазамыз.
Дайындаған Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА