Ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы
Егемен еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпақ тәрбиесі. Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген даналығы қанша уақыт өтсе де құнын жоймайтын дүние. Осы орайда мектебімізде «Баланың бас ұстазы ата-анасы» тақырыбында 1-11 сыныптар аралығында мектепішілік жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Жиналыс барысында мектеп директоры Мұхтар Байұзақұлы ата-аналарға алғы сөз сөйлеп, бала тәрбиесінде ата-ана рөлінің маңыздылығына баса назар аударды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Мырзахметқызы оқушылардың оқу сапасы мен жетістіктері және биылғы мектеп бітіруші түлектерінің ҰБТ қорытындысы жайлы баяндады. Мұнан соң тәрбие ісі жөніндегі орынбасар Талғат Сағатұлы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын түсіндіріп, мектептің ішкі тәртіп ережелерін қамтамасыз ету қағидалары, қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Сабақ процесі кезінде оқушылардың сабаққа келу мен сабақтан кейінгі уақыттар және бір мезгіл ыстық тамақ ішу уақытында электронды картаның қолданылуы жайында хабарлама жасады.
Сонымен бірге Қармақшы АПБ-нің бастығының орынбасары, полиция майоры Д.Әбдіғаппаров кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, интернет алаяқтары қылмысының, бала қауіпсіздігінің, лудоманияның, вандализмнің алдын алу жайлы баяндаса, мектеп инспекторы Ғалымжан Мұхамедьяров түнгі мезгілсіз уақытта заңды өкілсіз көшеде жүрмеу жайында хабарлама жасады.
Мектеп психологі Айжан Талғатқызы вахтерлық оқыту мен суицидтің алдын алу жайында түсіндірме жұмыстарын интерактивті тақта арқылы көрсетті. Мұнан соң аудандық Төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс бөлімінің маманы Нұрдәулет Ғабитұлы жол, су қауіпсіздігі және жаңа жыл қарсаңында, ертеңгіліктер кезінде пиротехника мен отшашуларды қолданбау және сақтық шаралары жайында баяндады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сержан Рахымжанұлы нашақорлық, буллинг, кибербуллингтің алдын алу бағытында ата-аналарға ақпарат берді. Мектеп медбикесі Гүлшат Исабекова санитариялық тазалық пен тұмаудың алу жайында ата-аналарға толықтай ақпаратпен таныстырды. Жиналыс соңында ата-аналар еркін микрофон арқылы өздерінің сұрақтарын қойып, мектеп басшысы тарапынан жауаптар алынды. Жиынды мектеп басшысы Мұхтар Байұзақұлы қорытындылады.
– Біздің мақсат – әрбір ата-ананы жақсы орта тәрбиелеуге біріктіру. Бала мен ата-ана арасында тығыз әрі шынайы қарым-қатынас болуы қажет. Әрбір ата-ана қоғамды жақсартуға үлес қосқан кезде ғана тәрбиелі орта қалыптасады. Отбасы құндылығы – мемлекетіміздің мызғымас тірегі, – деген мектеп басшысы ата-аналарға ризашылығын білдірді.
Талғат БҰҚПАНОВ,
No121 мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары