БІРЛЕСКЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР
Елімізде азаматтық белсенділікті жандандыру, мемлекет пен қоғамның саналы серіктестігіне жол ашуда Қоғамдық кеңестер құрылған болатын. Қоғамдық кеңестер – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік-кеңесші әрі бақылаушы органға айналуы тиіс.
Кеңестердің негізгі міндеті – азаматтық қоғамның маңызы бар мәселелері бойынша пікір білдіруде қоғамдық кеңестердің зор әлеуетке ие екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында айтқан болатын.
Кеңес мүшелері алдында ауданымыздың алымды аяқ алысы, актуальды проблемасы назарда тұрады. 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес аудандық қоғамдық кеңеспен нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан 10 кеңес отырысы өткізіліп, 43 мәселе қаралды.
ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің және мәслихат төрағасының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай жыл басында кеңес отырысында ауданымыздың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы аудан әкімінің есебі жасалып, жалпы өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған нәтижелі жұмыстары атап өтіліп, алдағы жылдарға да бірқатар үлкен бастама көтерді. Ол туралы аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берілді.
Кездесу барысында аудан басшысы аудандық қоғамдық кеңестің осы уақытқа дейінгі жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді көтеруде елеулі үлес қосатындарына сенім білдірді. Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы 2023 жылғы атқарылған жұмыстар есебін беріп, баяндамада аудандық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан өзекті мәселелер баяндалды.
Қоғамдық кеңестің басты міндеті – қоғамдағы күрделі мәселелер бойынша нақты ұсыныстар беру, оң шешім табу жолдарын қарастыру. Кеңес отырысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасының 2023 жыл көлемінде атқарылған жұмыстар есебі жасалып, онда кеңес отырыстарында қозғалған және шешімін тапқан мәселелер жөнінде және еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық кеңестерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығы жайлы, алдағы атқарылатын жұмыстар барысы баяндалды. Одан бөлек, аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының «Аудандық бюджеттің атқарылуы жайлы жылдық есебі» талқыланып, оның қорытындысында аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп назарға алынып, аудандық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылды.
Аудандық электр торабының «Ауданда халықты электр энергиясымен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» мәселеге байланысты халыққа қызмет көрсету барысы және нәтижелі жұмыс жасаудағы жұмыс сапасы зерделенсе, Жосалы кенті орталығындағы және Ақжар, Ақтөбе, III Интернационал, Жаңажол, Иіркөл ауылдық округтері мектептерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық кеңес мүшелерімен қоғамдық мониторинг жүргізілді.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қоғамдық кеңес мүшелерімен аудандық аурухананың жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізіліп, «Қармақшы аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының денсаулық сақтау саласы бойынша аудандағы атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі тыңдалды. Онда негізгі іс-жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алдағы уақытта жүргізілетін жұмыс жоспарлары кеңінен баяндалып, слайдтық презентация ұсынылды. Есеп беру кезінде ана мен бала денсаулығын оңалту бағдарламасы, балаларға қызмет, стационарлық көмек, амбулаторлық емханалық көмек, кез келген аурудың алдын алу шаралары, сатып алынған медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жайлы, алға қойылған басым бағыттар мен стратегиялық жоспар және басқа да өзекті мәселелер қамтылды. Аудан халқының әл-ауқатын жақсартуда емдеу-сауықтыру және түрлі аурулардың алдын алу жұмыстары бойынша медицина қызметкерлерімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің мәліметі мен көрсеткіштері хабарланды.
Кеңес отырысында «Қармақшы аудандық полиция бөлімімен аудан көлемінде қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарып отырған жұмыстары және ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы No802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының» орындалу барысы туралы» есебі тыңдалды. Баяндамада аудан аумағындағы жедел ахуалдың жай-күйі, жыл басынан бергі аудан көлеміндегі қылмыспен күрес, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жедел-қызмет жұмыстарының нәтижесі мен алда атқарылатын іс-шаралардың бағыты қамтылды. Оған қоса интернет-алаяқтық сияқты қылмыстар – интернет-ресурстар, онлайн несиелеу мобильді қосымшалар арқылы жасалғанын баяндай келе, полиция жұмысын жетілдіру, тиімділігін арттыру, сервистік модельге көшіру, қоғамға жақын болу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы іс-шаралар да аталып өтілді.
Халықты таза ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы біздің ауданымызда жіті бақылауда. Кеңес мүшелерімен «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің жұмыс сапасы зерделеніп, қоғамдық мониторинг жүргізілді. Осыған байланысты кеңес отырысында «Ауданда халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің жай-күйі туралы» «Октябрь топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесімен атқарылып жатқан жұмыстар барысы тыңдалды. Онда су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің, насос станцияларының жұмыстары, өрт гидранттарының, су тарату жүйелері мен барлық ұңғымалардың техникалық жағдайы, су беріп тұрған орталық су мұнарасының жұмысы, су жүйелерінде орын алған апаттық жағдайлардың саны және сипаттамасы баяндалды.
«Әлеуметтің әлеуетін жақсартуға бағытталған бұл игі шараның бәрі халық үшін». Қармақшы ауданының «Мансап» орталығымен Қоғамдық жұмыстарды жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету ұйымдастырылып, жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық жұмыстар қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағытта болады. Осы ретте «Жосалы кенті әкімінің қоғамдық жұмыспен қамтылғандардың жұмысын үйлестірудегі және олардың еңбек тиімділігін арттырудағы есебі тыңдалып, онда: жұмыс жасауға қажетті жилет, қолғап және құрал-саймандармен толық қамтылғандығы, көшелердегі қоқыстарды сыртқа шығару, шарбақ, бағана сырлау, бордюр әктеу, аяқ су арықтарын тазарту, ағаш, гүл отырғызу, оларды тыңайтқышпен күтіп ұстау, суару, тағы басқа да жұмыстар атқарылатындығы көрсетілген. Дегенмен, отырыста аудандық қоғамдық кеңес тарапынан қоғамдық жұмыспен қамтылғандардың жұмысын үйлестіруде және олардың еңбек тиімділігін арттыруда әлі де мүмкіндіктердің бар екені ескеріліп, олардың арасында түсіндіру мен бақылауды, нәтижелі жұмыс жасауды қамтамасыз ету ұсынылды.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырыстарында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қармақшы аудандық архиві» филиалының және «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аудандағы атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есептері тыңдалып, кеңес тарапынан ұсынымдар жасалды. Мұнан өзге «Қармақшы аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының аудандағы атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі» кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кейбір аумақтарда мал басын, санын өсіріп көрсетіп, мемлекеттен негізсіз субсидия алуына жол беріліп отырғаны жайлы айтқанын ескере отырып: біріншіден, мал басын бірдейлендіруді жүргізуді нақты жасау, мал басының санын нақтылау, екіншіден, кейбір жұқпалы аурулардың мал мен адамға ортақ екенін, адамдарды тамақпен қамтамасыз етуде мал өнімдерінің сапасы ерекше орын алатынын ескере отырып, малдарды және оның өнімдерін тасымалдауда анықтамаларды нақты жағдайды зерделей отырып беруге ұсыныс жасалды. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге байланысты қаралған мәселелерге есеп беру кезінде ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасынан «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысып, тиісті ұсыныс, пікірлерін білдірді.
Аудандық қоғамдық кеңесте мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 26 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді.
Аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда қоғамдық кеңеспен атқарылған жұмыстар жайлы және еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі қоғамдық кеңестердің маңызды рөлі туралы мақалалар, ақпараттар жариялануда. Осы жылдың басынан атқарған жұмыстарын «Facebook» әлеуметтік желісінде, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысын оңтайлы үйлестіру және олардың қызметі жөнінде ақпараттандыру мақсатында kazkenes.kz сайтында, аудандық «Қармақшы таңы», «Бәйтерек» газеттерінде жарияланып, аудандық мәслихаттың интернет-ресурсында ақпараттандырылып отырылды.
Мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі – қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рөлін нығайту. Өңірлерде Азаматтық қоғамды дамытып, олардың әлеуетін кеңейту маңызды болып отыр. Еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыру уақыт талабы. Осыған орай қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артып, ел дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Дана халқымызда «Халықтан үлкен емессің» деген қанатты сөз бар. Біз бірге – халық және билік бірігіп, ақылдасып, түйткілді мәселелерді шешуде парасаттылық танытып отырсақ, Президентіміз айтқан Әділетті қоғам құрамыз.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы