«Сатып алған» аурудың емі бар ма?
Айлиннің жасы бүгінде алтыда. Әйтсе де сөйлемейді. Апайының айтқанын қайталап, қол соққаны ата-анасы үшін үлкен жетістік. Оның 3 жасынан бері тілі шықпай келеді. Ата-анасы ақыл-есіндегі өзгерістің себебін әлі күнге түсінбейді. Иә, бұл – қазір көп отбасында кездесетін жайттың бірі.
Иә, соңғы уақытта «Цифрлық аутизм» деген «сырқат» шықты. Әлемде бұл дерт жайлы айтылып жүргеніне 10 жылдай болды. Бұл балалар сөйлемейді, ойын жеткізе алмайды. Тіпті, қатарларымен ойнай да алмайды. Мұны дерт деп сенімді түрде айта аламыз ба? Жалпы, бұл термин қайдан шықты? Баланың телефонға тәуелділігі неге әкеліп соғады? Дәрігерлер не дейді? Саралап көрсек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аутизмге шалдыққан балалардың біздің қоғамға толықтай бейімделуіне көңіл бөлу аса қажет. Олардың арасында қабілетті балалар көп. Мұндай балаларды қолдауды жалғастыра береміз» деген еді кезекті бір мәлімдемесінде. Алайда әдеттегі аутизмнен бөлек «цифрлық аутизм» ұғымы қалыптасып келеді. Бұл термин 2013 жылы пайда болды. 10 жылға жуық аутист балалармен жұмыс істеген румын психологы Мариус Теадор Замфир алғаш қолданған. Кейін Франция, Жапония, АҚШ, Тайланд, Тунис дәрігерлері де румын маманына ұқсас пікір білдіреді. Тәулігіне 5 сағаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда болады дейді. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Цифрлық аутизм» деген дертті растамаған. Мұндай сырқатты аурулардың халықаралық тізімінен де таппайсыз.
Телефон – жарты жан
Аутизмнің бұл түрі қазір әр үйде бар. Үйде қанша адам болса, сонша телефон бар. Әркім өз бетінше, бір-бірімен байланыс азайған. Бұл – бірінші. Екіншіден, баланың білімге деген ынтасы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық таныту азайған секілді. Себебі, телефонда пайдалы да, пайдасыз да ақпарат бар. Бала оның барлығын екшей алмайды. Сол себепті балалар ойланудан қалып барады, өздері шешім қабылдай алмайды.
Расында телефон адамның жарты жанына айналды. Үлкендер бала тынышталсын деп телефон беріп қояды. Сол арқылы өз баласының болашағына балта шауып жатқанын толық сезінбейді. Әйтпесе, бермес еді ғой. Баламен ойнау, далаға шығу, сөйлесу, қызығушылығын арттыру әсіресе, оның кішкентай кезінде маңызды. Себебі, цифрлық аутизм белгілері 1,5 жастан байқалады.
Бесіктен белі шықпаған балаларға да телефон көрсетіп, музыка қосып қоятынымыз бар. «Телефонды өзі ашып алды» деп мәз болатынымызды қайтерсіз?! Алайда, оның салдары ауыр болуы мүмкін екені ол сәт ойға келмейді.
Статистика не дейді?
Статистикалық деректерге сенсек, Қазақс танда аутизмге шалдыққан 12 мыңнан астам бала бар екен. Оларға көмек көрсету үшін психологиялық-педагогикалық түзету каби неттері, оңалту орталықтары жыл сайын ашылуда. Бүгінде елімізде 208 психологиялықпедагогикалық түзету кабинеті мен 18 оңалту орталығы жұмыс істейді. Арнайы аутизм орталықтары да бар. Бұдан бөлек, арнайы білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, бекітілгенін де айта кету керек. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялықмедициналық-педагогикалық тексеру және кеңес беру, оңалту, үйде тегін оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау да ауқымды.
Биыл елімізде 11282 аутизм бала болса, 2023 – 9038, 2022 – 6662 болған. Екі жылдың ішінде екі есеге көбейген. Енді бұл сандарға цифрлық аутизм қосылып отыр.
Ата-ананың «алаңы»
Бала дүниеге келгеннен кейін 3 жасқа дейін ойлауы, сөйлеуі дамиды. Сұрақ қойғысы келеді, сөйлегісі келеді. Бірақ оған жауап беретін тек қана телевизор, телефон.
– Бірде ұлымның сурет дәптерін қарап жағамды ұстадым. Салған адам бейнесінің бәрі төрт бұрышты, құбыжыққа көбірек келеді. Айтатын әңгімесі де сол «зомби». Есімді тарс жидым. Балаға телефон бергеніммен көріп жүрген контентіне бақылау қоймаппын. Қазірде бақылауға арналған түрлі қосымша бар. Соларды жүктеп алып, үнемі қадағалап отыратын болдым. Баласы жиі телефонға үңілетін ата-аналарға бұл оқиға сабақ болса екен, – дейді Сандуғаш есімді оқырман.
Ата-ана көбіне баласы үш жасқа жеткенде барып дабыл қағады. «Тілі кеш шықты, атын атасаң қарамайды» деп шағымданады. Егер бала үш жасқа дейін телефонмен өссе, ол адамның үніне емес, гаджеттердің дыбысына ғана машықтанады екен.
– Бұрын баланы бір жағымызға ертіп жұм сайтынбыз. Отын бұтап, көмір жаратын, су таситын. «Жанымда жүр» деген сөзбен талай бала ширап өсті, қиындық келсе қарсы тұрды. Қайтпас қайсарлық сол кезден қалыптаспап па еді?! Біз кітап оқыдық. Далада асыр салып ойнап өстік. Бір-бірімізбен емен-жарқын әңгімелесеміз, кей мәселені қызукеңірдек болып талқылаймыз. Бүгінгінің баласы кітап оқу, қара терге түсіп ойнау дегенге онша жоқ. Табиғатпен байланыс жоққа тән. Санасын виртуалды әлем жаулап алған, – дейді Асқар Жақсылықов.
Сандық технологияға сағаттап беріледі
ХХІ ғасырдың дерті мамандар мен ата-аналарды ғана емес, депутаттарды да алаңдатады. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бір-екі жыл бұрын «цифрлық аутизм» мәселесін көтерген болатын. Онда сенатор жаңа «дерттің» белгілері біздің қоғамда байқала бастағанын айтады.
– Жеті атасын жатқа білетін ұрпақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұрпақ – өз өмірін электронды құрылғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді, – деді сол кезде депутат.
Әрине, телефонға түбегейлі тыйым салу мүмкін емесі бәріне аян. Бір қызығы, телефонға телмірген балалар тек виртуалды әлемде ғана ашылады. Ал қоғамға келгенде бұл әдет қиындық туғызады.
– Виртуалды әлемге өтіп кеткен балалар оларда физиологиялық тұрғыда көруі нашарлайды, дене тұрғысы дұрыс қалыптаспайды. Бала дайын нәрсені көріп отырады. Ойланбайды. Ойланбағаннан кейін оларда логикалық ойлау, аналитикалық ойлау бұлардың бәрі дамымайды. Адамдарды бірте-бірте түкбілместікке алып келеді. Сондықтан ұйықтардан 1 сағат бұрын мүлдем гаджет қарамаған абзал. Себебі әртүрлі сигналдар баланың сенсорлық жүйесін қоздырып, ұйқысын бұзады. Жалпы, баланың қолынан телефонды тартып алып қою мәселенің шешімі емес, – дейді психолог Арайлым Әлмаханқызы.
Мамандардың айтуынша, ата-ананың баламен өткізген уақытының ұзақтығынан бұрын, сапасы маңызды. Әр ата-ана баласына күнделікті сапалы бір сағатын арнаса жеткілікті екен. Сапалы дегеніміз – басқа шаруаны ысырып қойып, баланың жанында отыру, сұрағына жауап беру, бар махаббаты мен мейірімін арнау.
«Телефон бермесең тамақ ішпеймін»
Раяна биыл бірінші сыныпта оқиды. Сабағы өте жақсы. Достары да көп. Дегенмен, өзге қатарластары секілді телефондағы қызыл-жасыл ойынға қызығушылығы бар. Тик-ток та түсіреді. Анасын алаңдататыны да осы.
– Біріншіде өзінің мінезін көрсетіп бастайды. Телефон бермесең тамақ ішпеймін деген сияқты. Сурет саламыз немесе «Раяна кел, бірге ойнаймыз» деп көңілдерін аудару арқылы аламыз, – дейді анасы Бибінұр.
Расында қазір баладан телефонды алып қойыңызшы олардың мінез-құлқы бұзылады. Бүгінде үлкен қалалар мен аудан, ауылдарда қай мектепте болса да көптеген тегін үйірме бар. Ата-аналардың өкінішке орай қазір оған мүмкіндігі бар, бірақ жалқаулығы жібермейді.
Ата-аналардың басым көпшілігі уақыттың тығыздығынан телефон беруге мәжбүрміз деп ақталады. Десе де бұл қоғамда қалыптасқан таптаурын түсінік. Бәлки бұл мәселенің бір шешімі темірдей тәртіп шығар. Мысалы, Қытай мектептері 1-сыныптан мектеп бітіргенге дейін балаға телефон ұстатпайды. Ұстаздары жинап алады. Ата-ана да мейлінше баланың бос уақыты қалмауын қадағалауға тырысады.
Аудандағы ахуал
Ауданда аутизммен ауыратын балалар баршылық. Мұндай бұзылысы (АСП) бар бала саны аудан бойынша – 66, Психологиялықпедагогикалық түзету кабинетінде (ППТК) түзете-дамыту сабағын алатын бала саны – 22-ні құрайды.
– Цифрлық аутизм балаларда әртүрлі жастан бастап дамиды. Негізі балаларға кішкентай кезінен телефон беру өте қауіпті. 1 жас пен 4 жас аралығында ақырын дами беруі мүмкін. Америкалық психологтардың жасаған эксперименттеріне назар аударсақ, үш немесе төрт жасар балалардың күніне телевизордан алатын ақпарат қысымы мен университетте алатын ақпараттың қысымы бірдей болып шыққан. Бұл – миға деген өте үлкен жүктеме. Қазіргі таңда аудандық ППТК-ға аутизст балалар аптасына психолог маманына – 4 рет, дефектолог, АФК маманына 2-3 рет келеді, – дейді аудандық ППТК-нің басшысы Ләззат Мусаева.
Қоғам кейде аутист балаларды қабылдай алмай жатады. Олардың түсініксіз әрекетін еркелікке балап «бетімен кеткен» тәрбиенің нәтижесі деп ойлайды. Десе де барлығы атаананың ерік-жігеріне байланысты екенін де ұмытпаған жөн. Себебі бізде ауруды жеңген аналар да бар.
– 2008 жылы ұлым өмірге келді. 3 жасында оған аутизм диагнозы қойылды. Алғашқыда қабылдай алмадым. 5 жасына дейін сөйлемеді. Баламды мұндай күйде көру маған ауыр тиетін. Содан кейін аналық жауапкершілігімді сезініп, өз-өзімді қолға алдым. Осылайша оны емдетуге, дамытуға кірістім. Қарапайым балалармен бірге балабақшаға бердім. Психолог пен логопедке ай сайын тексеріліп отырдық. Ұлым басқа балалардың жанында өзін ыңғайсыз сезінбеуі үшін барымды салдым. Біршама уақыттан соң оның бойындағы өзгерістерді байқадым. Сөйлеп, басқа заттарға қызығушылық таныта бастады. Жалпы білім беретін мектепке апардық. Бұл қадамымды көпшілігі қолдамады. Арнайы білім беретін мектепке барғанымызды дұрыс санады. Бірақ ешкімнің сөзіне көңіл аудармай, ішкі сезімдеріме сендім. Баламнан нәтиже көріп, оны әрі қарай да дамытуға тырыстым. Қазір жасы 15-те. Өте ақылды, еңбекқор болып өсіп келеді. Техникаларға қызығушылығы жоғары. Өзін дамыту үшін түрлі курс оқып жүр. Оқу ақысына да ақшаны аямаймын. Сол себепті балаға қойылған диагноз аналардың сағын сындырмай, керісінше шыңдау керек. Жан-жақты ізденіп, бір орында тұралап қалмай әрекет ету керек. Тұрақтылық – жетістіктің бір жолы, – дейді Фарида Османова.
Иә, сырт қарағанда сап-сау көрінгенмен сананы сәби қалпынан өзгертпей дамуын тежейтін аутист балаларды түзетуде ата-анаға жүктелетін жауапкершілік зор. Сол себепті әуелі баланың анасы жігерлі болғаны жөн. Сонда ғана сырқатқа қарсы тұра алатын иммунитет қалыптасады.
Түйін Расымен, аутизм дегенді естігенде тіксінетініміз рас. Ол – мидың, жүйке жүйесінің бұзылуы. Оның емі әлі шыққан жоқ. Ал цифрлық аутизм дегеніміз – психологиялық мәселе. Ең жаманы біз оны өзіміз өз еркімізбен сатып алып жатырмыз. Баланың бас-басына телефон сыйлап ерекше көңіл бөлгендей күй кешеміз. Жұмысбастылықпен бөлмеген уақыттың орнын толтырғандай боламыз. Баланың қалауына мән береміз. Ал бас ты жауын қолына беріп қойғанымызды аңғармайтынымыз өкінішті.
Ақнұр САҒЫНТАЙ