» » ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР ИЕСІ

Сонау ерте заманнан бастау алған елдің елдігін танытатын дегдар азаматтарды танып білу мен оларды ұлықтау ата-баба дәстүрінде орын алған. Бейтаныс екі адам кездескенде жөн сұрасып «еліңде кімің бар?» деп сұрайтын екен. Ал сөздің түп төркінінде халықтың сапасы, елдің айбыны туралы білгісі келетіні түсінікті. Өйткені елдің келбетін тұлғалар қалыптастырған.
Тәуелсіздігіміздің елең-алаң тұсында елдің көшін түзеп, жас мемлекеттің іргесін бекітуде Қармақшы ауданы бойынша негізгі тұлғалардың бірі болған Нажмадин Ысқақов аға десем қателеспеспін деймін.
Өмірде көргені мен түйгені көп, қызметтің талай сатыларынан өткен, ауданымыздың және көрші Жалағаш ауданының бірнеше басшыларымен, абзал азаматтарымен қызметтес болған, өзі де басшылық қызмет атқарған, еңбекте мақтан тұтарлықтай ізбасарлар тәрбиелеген, өмірде адамгершілік пен азаматтықты бәрінен биік қойған, қандайбір жетістігі болсын мақтанбаған, еңбегін пәлденбеген, табысының ішкі сырын айтып жар салмайтын азаматтардың бірі емес, бірегейі бүгінде туғанына 90 жылдың белесіне шыққан Нажмадин аға туралы мақалама арқау етпекшімін.
Елдің елдігін сақтап, халыққа қалтқысыз қызмет еткен Н.Ысқақов қуғынсүргіні көп, аумалы-төкпелі қиын қыстау кезеңде 1934 жылы Ақжар ауылында өмірге келген.
Балалық шағы осындай қиын кезеңге тура келгенмен, саналы да салауатты азамат болып өсіп, еңбек етудің де, елге қызмет етудің де, қоғамдық жұмысты жандандыра отырып, ауданның үлкенкішісінің басын біріктіріп ынтымақты өмір сүрудің де үлгісін көрсете білді.
Алғашқы еңбек жолын 1953 жылы №28 Бестам орта мектебін бітіргеннен кейін Қазақстанның 30 жылдығы ұжымшарында бастаған. Одан кейінгі өмір жолында Алтай өлкесінің Барнаул қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, 1960 жылы ғалым-зоотехник мамандығын алып, «Туған жерге туыңды тік» деген ата жолымен елге оралған.
1960-1964 жылдары Жалағаш ауданының «Коммунизм», Қармақшы ауданындағы «Октябрь» әскери кеңшарында бас зоотехник, 1964 жылдан аудандық өндірістік басқарма бастығының орынбасары, 1965 жылдың қаңтар айынан аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 1971 жылдың мамыр айынан аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған.
Ортақ мүдделі қызмет саласында өзара сеніммен, сыйластықпен, түсіністікпен, үйлесімділікпен іскерлік қарым-қатынаста халық, мемлекет үшін нәтижелі, абыройлы, жанашырлықпен еңбек етті. Өзінің іскерлігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында мәселе орынды шешілетін. Күннің ыстығы демей егіншілердің, шалғайда демей әрбір малшы ауылдағы отарларда болып, егінші, малшылар қауымының тыныстіршілігін, егін мен малдың жайын тұрақты бақылауда ұстап отыратын. Орын алған кемшіліктерге немқұрайдылық, салғырттық танытпайтын, оны нақты ойын көрсетіп, түсіндіріп, жедел іс жүзінде тиісті шараларды іске асыруға ықпал ететін. Тағы бір ерекше қасиеті – қандай қиыншылық кездессе де қаймықпай, шаршамай, соны шешудің жолын іздейтін. Оны жеңу үшін одан сайын жігерленіп, бастаған істі аяғына дейін жеткізетін. Сол кезеңде аудандағы өндіріс, құрылыс, транспорт, коммуналдық қызмет, әлеуметтік салалардың жұмысы да дамуда болды. Әрқайсысында жүздеген еңбеккерлер жұмыс жасаған тікелей Кеңес Одағы Геология Министрлігіне қарайтын өз елімізден басқа 13 шетелге өнім жіберетін Жосалы механикалық зауыты, Жосалы жол дистанциясы, Қазақстан бойынша үш өндіріс орнының бірі болған №42 рельс пісіру пойызы және су саласы мен күрделі құрылыс, транспорт мекемелері өз жоспарларын артығымен орындауға қол жеткізді. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, оларға қызмет көрсететін әлеуметтік салалардың жұмыстары жандана түсті, елді мекендер көркейіп өсті.
Бұл жұмыстардың барлығының басында тікелей атқарушы, үйлестіруші орган болып саналатын аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы Н.Ысқақов тұрды.
Туған жерге, елге деген қызмет жауапкершілік жүгін одан әрі арттыра түсіп, 1981 жылдың ақпан айынан Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өнімдері сапасын тексеру инспекциясының басшысы, 1982 жылдың наурыз айынан Жалағаш ауданы «Жаңадария» кеңшарының директоры, 1989 жылдың мамыр айынан Қармақшы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбеков мал шаруашылығын өркендетудегі кеңшар жұмысымен танысып, зор бағалап кеңшарда облыстық семинар-кеңес өткізіп, тәжірибесін бүкіл облыс шаруашылықтарына үлгі-өнеге етіп көрсетті. 1994 жылы қараша айында республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер ретінде демалысқа шықты. Халыққа мінсіз қызмет ете жүріп аудандық, облыстық партия комитетіне бірнеше рет мүше болып сайланды, аудан комитетінің бюро мүшесі болды. 9 рет аудандық, 7 рет облыстық Кеңестің депутаты болып сайланды. «Еңбегіне қарай құрметі» демекші, мемлекетке, ел-халыққа сіңірген елеулі еңбегі ескеріліп, қызмет еткен жылдары бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталды. «Еңбек Қызыл Ту», 3 мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» және бірнеше рет «Халық шаруашылығын дамытудағы үздік жетістіктері үшін», «Тыңға – 50 жыл», «КСРО азаматтық қорғанысының үздігі», «Еңбек ардагері», «С.Королев атындағы», «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 10 жыл», «1941-1945 жылдардағы ҰОС жеңісінің» бірнеше мерекелік медальдары мен төсбелгілерінің иегері болды.
Есімі «Дәуір» баспаханасынан шыққан «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты ғұмырнамалық жинақтар сериясына алтын әріптермен жазылды.
Ауданымыздың жан-жақты өсіп, өркендеуіне қосқан үлесі, халықтың сенімі мен қолдауы ескеріліп аудан бойынша төртінші болып «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағы және Жосалы кентінен көше атауы берілді.
Мемлекеттік қызметтен құрметті демалысқа шыққаннан кейін де дамыл тапқан жоқ. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында экономикалық дағдарыс орын алып, халықта күнделікті мұқтаждық мол болып, біздің егемендігімізге сызат түсіп жатқан уақытта ауданның ардагерлер қауымы Н.Ысқақовқа үлкен сенім артып, өздерінің көшбасшысы, яғни аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп сайлады. Ол кісі қабылдауға келгендердің өтініш, тілектерін байыппен тыңдап, жеке түсіндіріп, тиісті орындарда шешудің жолын қарастырып, ел ағасы ретінде өзінің біліктілігі мен тәжірибелігін көрсетті. Алда жүрген ағаларына да, артынан ерген інілеріне де сырлас, ақылшысы бола білді. Ауданның үлкенкішісінің басын біріктіріп, ынтымақты өмір сүрудің үлгісін көрсетті, тәуелсіз мемлекетіміздің абырой-беделін көтеруге атсалысты, елеулі үлес қосты.
«Адам ғұмыры ұзақтығымен ғана емес, мазмұнымен өлшенеді» деген қасиетті сөз Нәкеңе арнап айтылғандай. Елге жасаған еңбегі, іскер басшылығы, адамға қамқорлығы, белсенді жұмысы, қайбір іс болсын әділеттігі мен принципшілдігі онымен қызметтес, әріптес, сыйлас, ниеттес, тілектес болған қаншама жандардың көкейінде жаңғыруда. Батыл жүректілігімен, ер мінезділігімен, құйма құлақтылығымен, естігені мен оқығанын өмірі ұмытпайтындығымен де ерекшеленетін. Бір кісіні сұрасаң оның жоғары тегіне дейін, нағашысы мен жиеніне дейін талдап беріп таңғалдыратын. КСРО мен Қазақстанның Жоғарғы органдарында қаулы-қарарлардың қабылданған уақыты мен санына дейін жадында ұстап, жеткізіп отыратын.
Жеңгеміз Ұмсын Омарова екеуі 5 баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп, әртүрлі мамандықтардың иесі атанды. Отбасы берекелі, қай уақытта барсаң да дастарқаны жаюлы. Табалдырықтан аттағандарды ықылас-пейілмен қабылдайтын. Қасиетті шаңырағында талай абыз ақсақалдар, ел басқарған азаматтар, әскери басшылар мен өнер иелері болып, өздерінің игі тілектерін жеткізіп, ақ баталарын беріп кететін. Қазір соңына ерген, бірге жүрген азаматтар Нәкең дастарқан басында бірге отырып ас ішетін кісілер болмаса, шайды да іше бермейтін деп еске алады.
Нәкең 2010 жылы өмірден өткенде облыс әкімі мен облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы бас болып келіп, аудандық мәдениет үйінің алдында бірнеше жүздеген адамның қатысуымен қоштасу митингісі өтті. Мемлекет пен қоғам қайраткері, облыстың бас ардагері, ақсақалы Сейілбек Шаухаманов Нәкеңнің бүкіл елге еткен еңбегіне, адами қасиетіне, жалпы болмысына жан-жақты тоқталып, биік баға беріп «Нәке рухың естіп жатқан шығар бұл өмірдегі соңғы сағатыңа дейін төраға болып кеттің, мәңгілік жайыңда да жаның жәннатта болып, төрағалықта қалатын шығарсың» деп жүрекжарды көңіл айтуын бүкіл қауымға жеткізген болатын.
Елге кіршіксіз қызмет жасап, терін төккен, ақсақалдықтың үлгісін көрсеткен Нәкеңнің есімі – ел есінде мәңгілік сақталады деген осы болса керек. Ағаның жаны жәннатта, алды пейіш, арты кеніш болып, ұрпақтары өсіп-өркендеп биік мақсаттарына жете берсін демекпін.
Әбдірахман ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, аудандық
қоғамдық кеңесінің төрағасы
18 қараша 2024 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 098

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031