» » Такси: кәсіп пе, қызмет пе?

Такси: кәсіп пе, қызмет пе?

Бұрынғыдай емес, кентте күн сайын көлік тізгіндеушінің қатары артуда. Тіпті кей үйлерде бір емес, бірнеше автокөлік бар. Десе де, көлік көбейгенімен, оны тұтынушылар саны азайған емес. «Жол мұраты – жету» демекші, бүгінгі күні діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Өзім де бұл қызметтің тұрақты тұтынушысымын. Сондағы бір байқағаным, такси жүргізушілерінің арасында жасы келген егде кісі де, тепсе темір үзер бозбала да бар. Бұл қызметтің болашағы бар ма? Кенттегі таксилер қаншалықты талапқа сай әрі қауіпсіз? Көңілде түйткілді сұрақ көп. Ал жауабын саралап көрсек.
Қызмет талапқа сай ма?
Бүгінде көшеде қол бұлғап, такси тоқтатып тұратындар некен-саяқ. Өйткені, қалтафонның көмегі арқылы үйіңіздің алдына дейін такси шақыртуға болады. Ауданда арнайы таксопарк болмаса да, Телеграм желісінде арнайы бот, WhatsApp желісінде тұрғындарға арналған бірнеше чат бар. Онда мекен-жайыңызды жазсаңыз, өз қызметін ұсынатын көлік иелері хабарласып, әп-сәтте есігіңіздің алдында тұрады. Бұл біз үшін ең қолайлы қызмет түрі болғанымен, заң жүзінде талапқа сай ма?
Жалпы халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын бірнеше міндет бар. Олар – жүргізушінің қырағылығы мен сыпайылығы, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі, сондайақ такси жүргізушісінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің, диспетчер, таксометрдің болуы. Халықаралық стандартқа сүйенсек, мұның барлығы кез келген адам таситын көлікте болуы қажет. Ал біздегі такси қызметі бұл үдеден шыға алып жүр ме? Біздің ауданда да бірнеше такси тұрағы бар. Мақаланы жазу барысында жүргізушілермен жолығып, мән-жайды сұрастырдық. Кент ішіндегі қозғалыстан бөлек, қалаға, өзге ауыл, аудандарға қатынайтын көліктердің де қатары күн сайын артып келеді. Мұның басты себебі – қалайда отбасын асырау керектің қамы.
– Негізі Атырау қаласында тұрақты жұмысым бар. Ал демалысқа келгенде қала мен ауылдың ортасында адам тасымалдаймын. Осылайша отбасымның керек-жарағын қамтамасыз етіп отырмын, – дейді кезекті бір жүргізуші.
Құпиялылық сақталуын өтініп, аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Кірістер басқармасының мамандарының сөзінше, такси қызметімен айналысатындар, ең алдымен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс екен. Себебі салық төлемей, еш жерде тіркеусіз жүргендердің әрекеті – заңсыз. Ал заңды түрде тіркелген такси қызметі – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бір кепілі. Сондай-ақ, заңдастырылған такси жүргізушілері ай сайын салық төлеп тұруы керек. Жүргізушілер көліктің бұзылуы немесе басқа да жағдайға байланысты қызметті уақытша тоқтата тұруға шешім қабылдаса, ол жөнінде мерзімін көрсете отырып, салықтық өтініш тапсыра алады.
Ал әлемге көз тіксек, оларда бұл қызмет әлдеқашан жүйеленген. Ресейде жеке көлігімен жолаушы таситындар 2011 жылдан бері салық төлейді. Ал Манхеттенде бұл жүйе 1969 жылы енгізілген. Жүргізуші қауіпсіздігі де ойластырылған. Бір оқыс жағдайда жүргізуші көлігіндегі қызыл тетікті басып, диспетчерге хабар бере алады. Мұнда 2012 жылдан бастап жасыл түсті таксилер қолданысқа енген. Тек Манхеттенде емес, Квинс, Бронкс, Бруклинде де бұл қызмет түрі кеңінен тараған. Барлығында кредит картасын қабылдайтын терминал бар. Сонымен қатар, көліктердің 2 проценті мүгедектердің арнайы арбасына лайықталған. Бір қызығы, Америкада жалпы өз көлігіңмен жүргеннен гөрі, таксимен жүрген ыңғайлырақ. Кептелістен шығу жолын такси жүргізушілері анық білгендіктен, халықтың басым көпшілігі солардың қызметіне жүгінеді.
Такси атауы қайдан шыққан?
Тарихқа зер салсақ, ең алғаш таксиге ұқсас қызмет түрін ХVIII ғасырда француз кәсiпкерi ұсынған. Ол белгiлi бiр орында тұрып, ат жеккен пәуескемен адам тасу арқылы жалдамалы такси қызметiне жол ашады. Сол тұста қабылданған заңдылық бойынша аустралиялық тасымалдаушы арбакештер өздерiмен бiрге аттың аш қалмауы үшiн бiр үйме шөп алып жүрудi мiндет санаған.
Ал 1907 жылы 22 наурызда Лондонда ең алғашқы такси жүре бастаған. Көрсеткiш құралдары орналасқан алдыңғы тақтада жүру ақысы көрсетiлген құрылғының пайда болуымен такси сөзiнiң орнығуына негiз жасаған. Жол жүру қашықтығын көрсететiн «таксиметр» сөзi француздың «taxe» және гректiң «metron» деген бiрiккен сөзiнен шыққан. Кейбір деректерде ақылы адам тасу тәжiрибесi 1639 жылы басталған деседі. Оған арнайы лицензия берiлген. Атты күймеге «хэкни» деген атау берiлiп, ол араға 200 жыл салып, арнайы жабық экипаж «кабриолетке» ауыстырылған. Жол жүру қашықтығын өлшейтiн құрылғы болмағандықтан, жолақыны есептеу үшін мұнда қарапайым арифметикалық есеп жүргiзiлген. Экипаждың төменгi бөлiгiне майда тастар салынған жәшiк орналастырылған. Күйменiң доңғалағы толық бiр айналғанда жоғарыдағы жәшiктен бiр тас жанындағы келесi бiр жәшiкке түсiп отырған. Жолаушы өзiнiң қалаған жерiне келгенде жиналған тасты санау арқылы бекiтiлген ақысын төлейтiн болған.
Такси жүргiзушiлерiнiң Франция тарихында алатын орны ерекше. 1914 жылы бiрiншi дүниежүзiлiк соғыста немiстер Париж маңына жақындап қалғанда қаланы қорғау үшiн оларға қарай 1200 астаналық такси жүргiзушiлердi қарсы қоюы ел тарихындағы шешушi кезең болған.
Ресейде ең алғашқы такси 1907 жылдан жүре бастаған. 1924 жылы Москеңес шешiмiмен Рено және Фиат маркалы 200 автокөлiкті арнайы такси қызметі үшін сатып алған. 1925-1928 жылдары такси тек Мәскеу және Ленинград қалаларында жүрген. Ұлы Отан соғысынан кейiн отандық автомобиль өндiрiсi жолға қойылып, үлкен қалалардың бәрi таксимен қамтамасыз етiле бастаған. Ал КСРО-дағы ең алғашқы «Волга» таксилерi 1957 жылы пайда болып, қолданысқа енгізілген. Такси қызметiнде тәртiптi, тазалықты бiрiншi кезекке қоятын қалалар да бар. Мәселен, Ресейдiң Азов қаласының билiк орындары такси жүргiзушiлер қатарына сыртқы келбетi жарасымды, темекi тартпайтын, жаман сөздi аузына алмайтын адамдарды қабылдау ережесiн енгiзiптi. Осы талап үдесiнен шыққан адамдарға ғана лицензия берiлетiн болған. Бұл бір қарағанда қызық көрінер, бірақ бұл талапта әдептілік нормалары қатаң назарға алынған. Біздің елдегі жүргізушілерге де осындай ереже қажет-ақ.
Жолаушылар не дейді?
Статистикалық мәлiмет бойынша, адам баласының 70 пайызы жоқ дегенде айына бiр рет такси қызметiн пайдаланады екен. Қазір тіпті такси қызметі арқылы кез келген дүниені есігіңіздің алдына дейін алдыра аласыз. Ол киім де, тамақ та, сыйлық та болуы ғажап емес. Тұрақты тұтынушы ретінде мен үшін де чаттан такси шақырған қолайлы. Бұл оймен біршама тұрғынның келісері анық.
– Мен көбіне балаларымды балабақша мен мектепке апару үшін такси қызметін пайдаланамын. Бағалары қолжетімді, әрі тез келеді. Әсіресе, таңертең асыққанда барар жеріңе тез жетесің. Чатты ашқан адамдарға ризамын, – дейді кент тұрғыны Айжан Тәуекелова.
Тұрғындарға арналған чаттың бірі қала мен ауылдың ортасын жалғағандарға қолайлы. Қалаға қатынайтын арнайы автобус, пойыз болғанымен, таксиге жүгінушілер де көп.
– Мен қалаға бару үшін үнемі автобус билетін алатынмын. Соңғы кезде такси қызметін жиі қолданып жүрмін. Себебі қай кезде тапсырыс берсең де, әйтеуір көлік дайын тұрады. Тек бір айта кетерлігі, сол такси қызметінде жүрген кәсіпкерлерден басқа жолаушылар тасымалымен айналысатын жеке адамдар бар. Олардың заңды түрде тіркелгентіркелмегенін білмейміз. Кейде жол апаты болған жағдайларда жолаушылардың өміріне жауаптыларды табу қиынға соғады. Сол үшін алаңдаймын, – дейді ел ағасы Бекқали Ұзынжасов.
Иә, тұрғындар үшін арнайы чаттың бары көңіл қуантады. Ал заң, қауіпсіздік тұрғысынан келгенде ойлантпай қоймайды. Үлкен қалалардағыдай арнайы таксопарк арқылы жұмыс істейтін, сенімді такси қызметі күннен-күнге көбейіп, көркейіп келе жатқан кентімізге көрік берері анық. Кәсіпкерлерден қолдау болса, қиын шаруа емес секілді.
Кәсібіне деген адалдық
Такси қызметін ұсынушылар үшін де бәрі оп-оңай емес. Өйткені, түрлі адам, түрлі мінез, түрлі жағдай. Осыған орай, таксидің де түр-түрі бар. Кейбірі жолақысын сұрасаң «бергеніңді аламын, қалқам» десе, енді бірі көбірек алғанды құп көреді. Мұнысын «бензин қымбат, нан-пұлымызды ажыратуымыз керек» деп ақтап алады. Ал біз кездестірген такси қызметін ұсынушы жұма күні діттеген жеріңізге тегін жеткізіп, «Алла разылығы үшін» деп қолыңды қайтарады. Мешіт жанынан ұйымдастырылған қайырымдылық шараларына жәрдем беру үшін де аудан азаматтары ақысыз қол ұшын созады. Қайырымды жандардың қайырлы істері мұнымен бітпек емес. Күн суықта тоңып тұрған кісіні, баламен келе жатқан келіншекті тегін апарып жүрген таксилер де бар арамызда. Онан бөлек, жоғарыда айтылған чаттардың арасында «Автоволонтер» тобы жұмыс істейді. Бұл топтағы такси қызметін ұсынушылар мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті жеріне ақысыз апарып-әкеледі. Мұндай игілікті ісімен үлгі болып жүрген жандар қызметіне деген адалдығын, халқына жанашыр екенін аңғартады.
Келешегі қандай болмақ?
Таяқтың екінші ұшы тағы бар екені белгілі. Таразының бірінші жағы тұрғындар болса, екінші жағында такси кәсібінен нәпақа тауып жүрген адамдардың тағдыры бар. Бірі – тек қосымша жұмыс ретінде қарап, бос уақытында табыс табады. Ал енді бірі – зейнет жасындағы аға буын. «Үнемі жұмыс істеп үйреніп қалғандықтан, үйімде байыз тауып отыра алмаймын. Халыққа қызмет еткенім жөн» дейді олар. Тағы бірі – күші тасып, жалындап тұрған жас бозбала.
– 9-сыныпты аяқтаған соң, колледжде білім алдым. Кейін оны жалғастырып оқығым келмеді. Қазір өзіме қажетті күнделікті қаржыны таксиден тауып жүрмін. «Қой дейтін қожа» жоқ. Өзіңе-өзің бастықсың. Басқа жұмыс іздеуге ниетім де жоқ, – деді жас қызметін көрсетуші Арман.
Бір қарасаң, айтқаны жөн-ақ. Бірақ бұл жігіттің жалындаған жас уақытын білімге немесе қызметке арнамай, ертеңіне алаңдамайтыны қынжылтты. Себебі такси қызметінің ондаған жылдан кейін ешкімге қажетсіз қызметке айналмасына кім кепілдік бере алады? Біздіңше, ешкім. Өйткені заман өте жылдам қарқынмен дамуда. Бүгін қажет болған зат, ертең түкке жарымсыз дүниеге айналуда. Бірнеше жыл бұрын Жапонияда бағдарламамен жұмыс жасайтын автокөлік шықты. Әлгі көлікке отырып, «пәленше жерге бару қажет», деп бұйрық берсеңіз, роботкөлік сізді тиісті мекен-жайға жолда жүру ережесіне сай, жол апатынсыз жеткізеді екен. Ол ерте ме, кеш пе бізге де келері анық. Сондықтан, селқостық танытпай болашаққа да дұрыс бағдар жасау керек-ақ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
11 қараша 2024 ж. 147 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031