Такси қызметі тиімді ме?
Фото ашық дереккөз
Қазір қыс мезгілі. Күннің аязды кезі келіп тұр. Жер көк мұз. Таңертең жұмысқа, кешке үйге жұрт асыққан уақыт та қарбалас. Сондайда қоғамдық көлікті күтіп тұрмай қарапайым халық такси қызметіне жүгінеді. Сол сәтте таксидің де жедел табыла кеткенін құп көреді көп тұрғын.
Өзге аудандардағыдай емес бізде баға арзандау, қолжетімді. Қармақшыға 2017 жылы келін болып түскен шақта такси бағасы 150 теңгеден басталатын. Сол кезде мұндай бағаны көріп біраз таңырқап қалғаным бар.
Рас, бүгінде көшеде қол бұлғап такси тоқтатып тұрған адамды тіпті сирек кездестіресіз. Барлығы цифрланып жатқанда бұл қызмет түрі де ауданымызда қалысар емес. Әу бастан такси қызметінде жүрген Бек Құлшықбаевтың бастамасымен өткен жылы «Ауыл такси» сервері құрылған. Бұл кәсіп оның жанына жақын, әрі жан-жақты ізденгені, сапаға жұмыс істейтіні сырт көзге байқалады.
Осыдан 4-5 жыл бұрын WhatsApp желісінде тұрғындарға арналған бірнеше чат аштым. Ол кезде әр чатта ең көп дегенде 250 ғана адам сиятын. Солай бес бірдей чат болып көбейе бастады. Кейіннен оның бәрін жинақтап телеграмға тіркеп жинақтадым. Себебі онда 20 мыңға дейін адамның басын қосуға болатын. Қазірде екі сервер жұмыс жасап тұр, оның бірі – «Ауыл такси» болса, екіншісі Телеграм каналындағы «Қармақшы такси бот». Кәсібім заңды түрде жұмыс жасайды. Мемлекетке салықты уақытылы төлеп отырамын. Былтыр қараша айында арнайы қосымша жасадық. Қазір соның негізінде қызмет етудеміз. Осы жылы, Құдай қаласа, Индрайвер секілді картаға толық көшіруді жоспарлап отырмын , – дейді ол. Былай қарағанда, жұмысы жоқ адамдарға такси кәсіптің бір түріне айналып тұр. Расымен де бүгінгі таңда такси көптеген азаматтардың негізгі табыс табу көзіне айналды. Сондай-ақ жұмыс істейтін адамға да қосымша ақша алып келеді. Артық ақша кімге зиян дейсіз.
Бек Темірбекұлы такси жүргізушілерімен бірге жұмыс істер алдында келісім шарт жасайды. Оның негізінде тапсырысты қабылдағаннан кейін клиентке кешігіп баруға, қабылдаған тапсырыстан бас тартуға, көрсетілген бағадан артық сұрауға, дөреке сөйлеуге тыйым салынады.
Такси қызметінің сервері жайлы толығырақ білмек болып қосымшаны ұялы телефонға жүктеп көрдік. Төменде жазылған пікірлерді көзбен бір сүзіп өткеніміз сол еді. Арасындағы бірі ерекше назарымызды аударып, көңілге қона кетті. «Қалаға келсеңіздер екен. «Яндекс» секілді такси қызметін ысырып өзіміздің төл таксидің қызметін жандандырсақ жақсы болар еді. Бір тиын болса да қазаққа, өзімізге түскені жақсы емес пе?» деп пікір қалдырған екен.
Қосымшаны әрі қарайда дамытуды қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ осы айда бірнеше жерге аудан әкімдігімен 3 айға келісімшартқа отырып билборд іліп қойдым. Өзім қаражат шығарып, ең көп тапсырыс берген тұтынушыға Айфон ойнатқалы жатырмын. Бұл да бір ерекшелік болсын деп, әрі бір адамға қуаныш сыйлағанымыз жақсы дүние ғой, – дейді кәсіпкер.
Ашылғанына аз ғана уақыт болса да мұнда жұмыс жүйелі, қызмет сапалы. Бүгінде жаңа бастамаға білек сыбана кіріскен кәсіпкердің бұл ісіне тәнті болып, таксистер мен тұтынушылар қосымшасының ыңғайлылығына дән риза.
«Ауыл такси»-дің қызметін біраз уақыттан бері қолданамын. Бұл біз үшін ең қолайлы қызмет түрі болып тұр. Әсіресе таңертең асыққанда барар жеріңе тез жетесің. Осы мобильді қосымшаны ашқан адамға ризамын. Сондай-ақ тапсырыспен зат алуға да өте ыңғайлы, – дейді такси қызметін қолданушылардың бірі.
Таразының бір басында таксист болса, екінші жағында қызмет қолданушысы тұр. Түрлі адам, түрлі мінез, түрлі жағдай. Бірінші тарапта кейбірінен жолақысын сұрасаңыз «бергеніңді аламын» дейді, енді бірі көбірек алғанды құп көреді. Мұнысын «бензин қымбат» деген желеумен ақтап алғысы келеді. Жалпы біздің ауданда бірыңғай бағаның ізі бар. Кейде жары жолдан соғып, такси жүргізушісін күттірген жағдайлар жиі ұшырасып жатады. Мұндайда бірі – қосымша ақы сұрайды, келесісі баратын бір бағыттың ғана ақшасын алады. Ал енді қолданушы тараптың таксистке өктемдік танытып дөрекі сөйлейтіні, тапсырыс беріп болған соң телефон тұтқасын көтермей, кейде бас тартатын жайлары да бар. Мұндайда қызмет көрсетуші қара тізімге салатынын ескертіп жатады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ