«Tezdet» такси қосымшасы
Қазір күн сайын көлік тізгіндегендердің қатары артуда. Қарбалас тірлікте діттеген жерімізге тез жету үшін көбіне такси қызметіне жүгінеміз. Қызығы сол, бұрынғыдай көше бойын жағалап емес, үйде отырып батырманы басу арқылы кез кезген такси қызметін алуға болады. Мұндай тек үлкен қалаларда дерсіз. Жоқ, байқоңырлық Нұрасыл Алдан «Тездет» қосымшасын ойлап тауып, қазір бағдарлама бір айдан аса уақыт бойы халыққа қызмет етіп тұр.
Программист мамандығы бойынша білім алған бүгінгі кейіпкеріміз біраз жылдар бойы тәжірибесін шыңдаған. Үлкен қалалардағы үлкен компанияда қызмет еткенімен кейбір жобалары қолдау таппапты. Ал талапты жас тап болған талай қиындыққа мойымай, көздеген нысанасына дөп түсуді жоспарлаған. Солай 25 жастағы ІТ маманы «Tezdet» такси қосымшасын «дүниеге әкеліп», жаңа бастамаға білек сыбана кірісіпті. Бүгінде осы қосымшаны пайдаланып отырған байқоңырлық таксисттер мен тұтынушылар жобаның ыңғайлылығына дән риза.
– Байқоңыр қаласындағы сурет мектебінде оқып жүріп түрлі шығармашылық өнермен айналысатынмын. Соның көп көмегі тиіп, қазіргі қосымшамның логотипін жасауда еш қиналмадым. 2012 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне программист мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2016 жылы бітіріп шықтым. Содан Алматы қаласына арман қуып барып, ІТ компаниялардың бірінде жұмыс істедім. Бертін келе жаңа жоба әзірлеуді қолға алып, барлығын ақ парақтан бастадым. Солай қала ішінде қатынайтын мобильді қосымша ойлап тауып, оны жүзеге асыра бастадым. 2 айға жуық уақыт болды. Қазір осы қосымша арқылы такси қызметін ұсынғандар мен такси қызметіне тапсырыс берушілер күн санап көбейіп келеді. Жалпы программа смартфондағы PlayMarket жүйесі арқылы жүктеледі. Ал айфонға арналған AppStore жүйесіне енгізуге өтінім беріп қойдым, –дейді Нұрасыл Алдан.
Такси қызметіне арналған «Tezdet» мобильді қосымшасы Baiksoft компаниясына қарасты. Атауы айтып тұрғандай қосымша қызметі де жылдам, ыңғайлы, әрі тұрғындарға қолайлы. Онда тұтынушы көшесі мен ұсынатын бағасын жазып такси іздесе, жақын маңда жүрген такси өз қызметін ұсынады. Барлығы қосымша ішінде картадан көрініп тұрады. Нұрасыл Алдан алдағы уақытта тек Байқоңыр іші емес, сырт аудандарға, одан қалды үлкен қалаларға дейін қосымша ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Онымен қоса кэшбэк сервисін, GPS орнатамын десе, сұлулық салондарына арналған мобильді қосымша да ойлап таппақ ниетте. «Содан соң қайырымдылық қорын ашқым келеді» дейді ІТ маманы сөз арасында. Статистикалық мәлiметке сүйенсек, адам баласының 70 проценті жоқ дегенде айына бiр рет такси қызметiн пайдаланады екен. Ал тұрақты тұтынушылардың айтуынша, қосымшадан такси шақырған әлдеқайда тиімді.
– Көбіне осы такси қызметін пайдаланамын. Бағалары қолжетімді, әрі тез келеді. Әсіресе, таңертең асыққанда барар жеріңе тез жетесің. Осы мобильді қосымшаны ашқан адамға ризамын, – дейді байқоңырлық Бағдат Асқарұлы.
Талапты жастың талпынысына қарап болашақта өзімізден Билл Гейтс, Цукербергтердің шығарына сенім білдірдік. Сенім білдірдік те сәттілік тіледік.
Айнұр ӘЛИ