САПА – БАСТЫ НАЗАРДА
Апта басында аудан әкімі Жандос Еркінбек ел аумағындағы бірқатар маңызды құрылыс нысанын аралап, олардың қарқыны мен сапасын қадағалады.
Алдымен аудан басшысы Ақай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Бұл кешен ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Дегенмен, құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқаны және белгіленген уақыттан кешіктірілуі аудан әкімі тарапынан сынға алынды. Мердігер мекеменің басшыларына құрылыс қарқынын жеделдету және сапаны арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Одан кейін аудан әкімі Байқоңыр қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған жаңа полигонның жағдайын бақылады. Аталған полигон Байқоңыр қаласына жақын орналасқан Төретам, Ақай елді мекендерінің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Аудан басшысы Жосалы кентінде облыс әкімінің бастамасымен салынып жатқан «Руханият орталығының» құрылыс алаңына да барып, жұмыс барысын көзбен көрді. Мердігерлерге сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Аудандық аурухананы да назарға алған аудан әкімі Жандос Еркінбек ғимараттың ішкі жай-күйін тексерді. Ауданның бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев медицина саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Одан кейін ІІІ Интернационал, Жаңажол ауылдарында бой көтеріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс барысын бақылаған аудан басшысы жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы және сапалы орындалуы бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ құрылыс үдерісін тұрақты бақылауды қамтамасыз ету үшін тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне міндеттер жүктеді.
Одан кейін Қармақшы ауылында салынып жатқан жаңа фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылыс жұмыстарын көрді. Аталған медициналық мекеме ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттырады. Аудан әкімі нысанның белгіленген мерзімде іске қосылып, заманауи стандарттарға сай жабдықталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар, «Марал ишан» кесенесіне апаратын автожолдың құрылыс жұмыстарын тексерді. Жол құрылысының сапалы жүргізілуі – тұрғындар мен баба кесенесіне зиярат етушілер үшін қауіпсіз және ыңғайлы қозғалыс жолын қамтамасыз етудің маңызы зор.
Аудан басшысы әрбір құрылыс нысанының уақытында әрі сапалы пайдалануға берілуі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті. Мердігер ұйымдар мен жауапты мекемелерге қатаң бақылау орнатуды және нысандардың мерзімінде тапсырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«ҚТ» ақпарат