Қармақшы ауданы әкімі бірқатар құрылыс нысандарын аралады
Аудан әкімі Жандос Еркінбек аудан аумағындағы бірқатар маңызды құрылыс нысандарын аралап, олардың құрылыс қарқыны мен сапасын қадағалады.
Алдымен аудан басшысы Ақай ауылында салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Кешеннің құрылысы ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Дегенмен, құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқаны және белгіленген уақыттан кешіктірілуі аудан әкімі тарапынан қатаң сынға алынды. Мердігер мекеменің басшыларына құрылыс қарқынын жеделдету және сапаны арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Содан кейін аудан әкімі Байқоңыр қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған жаңа полигонның жағдайымен танысты. Аталған полигон Байқоңыр қаласына жақын орналасқан Төретам, Ақай елді мекендерінің санитарлық-экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Одан әрі, Жосалы кентінде облыс әкімінің бастамасымен салынып жатқан «Руханият орталығының» құрылыс алаңына барды. Құрылыс нысанында жұмыс барысын бақылап, мердігерлерге сапа мен мерзім талаптарын қатаң сақтауды тапсырды.
Сапар соңында аудандық аурухананың қызметімен танысты. Ауданның бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев медицина саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын баяндады. Аудан әкімі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажет екендігін атап өтті.