» » АРДАГЕР АҒА ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

АРДАГЕР АҒА ҰРПАҚ ЖАДЫНДА

Нажмадин Ысқақов 1934 жылы ауданға қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Әкесі – Ысқақ Азанбаев 1885 жылы туылып, 1957 жылы қайтыс болған. Шешесі – Көкіш Қыдырбайқызы 1906 жылы туылып, 1953 жылы қайтыс болды. Ата-анасы – ұжымшар шаруашылығының түрлі саласында күн-түн демей еңбек еткен ауыл адамдарының бірі. Қиын да қызығы мол шопандықтың ақ таяғын әкесі ұстаса, анасы үйдегі таусылмайтын тірліктермен қатар, мал басын өсіріп, қой қоздатқан, шопанға шын мәніндегі көмекші бола білді.
«Елге аға болдық, қолдан келген қызметті абыроймен атқардық-ау деп ойлаймын. Өкінішім сол, ата-анам алдында балалық борышымды толық атқара, оларды алақанға салып күтіп, құрмет жасай алмадым-ау, әттең, жас болдым ғой деп кей-кейде ойланамын, толғанамын» дейтін.
Нажмадин Ысқақовтың өзі туған ауылындағы орта мектепті 1953 жылы өте жақсыға бітірісімен кедейшілік қолын байлап, алыс-жақын жердегі жоғары оқу орындарына бара алмады. Екі жыл бойы ауылда қалып, жұмысшы болып істеді. 1955 жылы жігері жалын атқан жас жігіт бір топ ауыл жастарымен бірге Барнауылға жолға шығады. Арманы оны алдамапты. Барнауылдағы ауылшаруашылық институтының зоотехникалық факультетіне оқуға түсіп, оны 1960 жылы «ғалым-зоотехник» атағымен бітіріп шықты. Елге білдей маман болып оралған ол алғашқы жылдарда аудандық ауылшаруашылық инспекциясында, «Октябрь», «Коммунизм» кеңшарларында зоотехник болып еңбек етті. Осында өсті, білім мен тәжірибесі арта түсті. Сырттай Алматы Жоғары партия мектебін де бітірген.
Оның білікті маман, іскер-ұйымдастырушылық қабілетін танып, білген ауданның басшы органдары 1964 жылы аудандық өндірістік басқарма бастығы етіп тағайындайды. Ал 1971 жылдың мамыр айында аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланады. 1964-1981 жылдары Н.Ысқақовтың ауданды басқарудағы ілкімді істері нәтижесінде аудандағы ұжымшар, кеңшарлардың экономикасы мен әлеуметтік бейнесі артып, мәдениеті өркендеді. Ауданда егіс көлемі артып, күріштен алынатын өнім сапасы, гектар өнімділігі арттырылды. Артта қалып келген мал шаруашылығы дамыды. ІІІ Интернационал, Қармақшы, Жаңақала, Қуаңдария кеңшарлары алдыңғы қатарға шықты. Сондай-ақ көрші жатқан Байқоңыр әскерилерімен байланыс жақсартылды. Байқоңырлықтарға ІІІ Интернационал кеңшары және Октябрь кеңшары қызмет көрсетіп, әскерилерді көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етті. Осылайша екі жақты байланыстың нәтижесінде Байқоңырдың құрылысшылары Қармақшының мектептерін жөндеуге көмектесіп, бірнеше жаңа жобадағы мектептер салып берді. Осынау үлкен істің басы-қасында әрдайым өзі жүретін.
Ел тірлігін басқарудағы елеулі еңбегі еленіп, үш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше мерекелік медальмен марапатталып қана қоймай, Халық шаруашылығы көрмесінің «Қола» және «Ғарышты игеруге қосқан үлесі үшін», 1966 жылы академик Королев атындағы медальдарға ие болды. 1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.
Білікті де білімді азамат басшы ұйымдар қайда жұмсаса, сонда барды. Құрметті үлкен-кіші деп бөліп қарамады. Әрдайым ел-жұртымен бірге болып, қиындық пен қызықтарды бірге атқарды. Оны өмір жолынан-ақ аңғаруға болады.
1981 жылы Қызылорда облыстық ауылшаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылайтын инспекциясының бастығы, 1982 жылы Жалағаш ауданының «Жаңадария» кеңшарында директор, 1987-1994 жылдар аралығында аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры болып абыроймен қызмет етті, сол абыроймен республикалық дәрежедегі зейнеткерлікке шықты.
Зейнеттемін деп қарап отырмай ауданның қоғамдық, саяси тынысына белсене араласты, жастарға тәрбиеші болды. Аудан ақсақалдары 1999 жылы Нажмадин Ысқақовты өздеріне басшы етіп сайлады. Жерлестері 2005 жылы ауданның «Құрметті азаматы» деген абыройлы атақ берді. Өзі туып-өскен ауданның өркендеуіне, әсіресе мал шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосты. Сол кездегі биік беделі бүгінгі күні өсе түспесе, кемімегені қандай ғанибет. Бұл сөз жоқ, екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін жоғары адами құндылық. Елу жылдан аса бас қосқан қосағы Ұмсын апаның үлкенге ізет, кішіге құрмет, ағайынға қамқорлық көрсетіп, адамдарды бірдей көріп, жатырқамай күліп тұрып, ықылас көрсетіп, ақжарқын көңілмен қарсы алуында, ағайындардың қуанышы мен қайғысына шын жүрегімен ортақтаса білуінде болса керек. Ағамыз ел-жұрт пен қармақшылықтардың сеніміне ие болған азамат. Ол осы сенімді қай кезде де ақтап келді және мұның сыры оның артық уәде бермейтіндігінде, шындықтың бетіне тура қарауында, ар-ождан тазалығында, ешкімге жалтақтамай, жағымпазданбай өмір сүріп, кейінгілерге өнеге көрсетуінде. Ұмсын апа екеуі ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырып, өсіп келе жатқан немерелерді тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы болды. Ол қазақтың көркем сөзді, көсем ойларын кейінгі толқынға жеткізіп, ұрпақ жадында ұялатуды өзіне парыз санаған. Бүгінде ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан экономикасы мен ауылшаруашылығын дамытуда адал еңбегі үшін ел азаматына көше атауы берілді.
Қазақ қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен ел. Біз – өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай білетін халықтың ұрпағымыз. Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, туған жерінің өркендеуіне қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Нажмадин Ысқақовтың нар тұлғасы уақыт өткен сайын биіктей береді. Еңбектің ерен үлгісін көрсетіп, артына өшпестей із қалдырған ер есімі қай кезде де ұмытылмақ емес, халық құрметімен мәңгі жаңғыра береді.
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандың тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
02 қараша 2024 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031