ТikТоk-қа тыйым бар ма?
Сәт санап интернет қарыштап дамыған сайын әлеуметтік желі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, ТikТоk желісіне желімдей жабысқан жандардың қатары еселеніп келеді. Статистикаға сүйенсек, ол Instagram мен YouTube-ты қуып жетті. Кәрі демей, жас демей бәрі бірдей құмартатын ол қандай ерекшелікке ие екенін қайдам, сағаттап уақытын сарп етіп жатады.Кейінгі кездері ғалымдар TikTok-тың зиянын айтып, дабыл қағуда. Тіпті Үндістан, Америка Құрама Штаттарында, көршілес Өзбекстанда тыйым салынып, қатаң шектеулер енгізілген. Неге десеңіз, жастардың санасын улап, күнделікті өмірін виртуалды ғаламға алмастыруда. Себебін саралар болсақ, TikTok пайдаланушысын қысқа видеоүзіктер арқылы виртуалды әлемге жетелейді. Бір сөзбен айтқанда бүкіл әлем сіздің алақаныңызда. Іздегеніңізді әп-сәтте табасыз. Мұның жаман не жақсы жағының аражігін ажыратып алуға болады. Әрине, әркім онда өз ойын ашық айта алады, тіл үйреніп, білім-білігін жетілдіруге де мүмкіндік бар. Тауарын жарнамалап, өзіне қажетті нәрселерді үйренеді. Онда ақша тауып, еңбектенеді. Тіпті, болмаса жай демалып, көңіл көтереді.
Артықшылығын санамалап, таразыға қойсақ, бәрібір жаман жағының салмағы басым. Физиология тұрғысынан алсақ, TikTok диванда «жабысу» гиподинамиясын тудырады. Жамбас сүйегінің зақымдануына әкеліп, көз бұлшықеттерінің шамадан тыс жұмыс істеуі салдарынан көру қабілетін төмендетеді. Себебі ондағы таусылмайтын шексіз видеоларды тамашалап отыра беріп, қаншама уақытыңызды кетіргеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Бір сөзбен айтқанда қоршаған ортаға деген шынайы қарымқатынасты жоғалтады.
Ақпараттың үздіксіз ағыны миға әсер етіп, нейрофизиологиядағы нейрондардың сарқылуына немесе «шектеулі тежелуіне» әкеледі. Сонымен бірге есте сақтауға да теріс әсер етіп, ойлау жүйесін шектейді. Расында адамды артық ой ойлауға да мұрша бермейтін бұл желі адамды өзіне жіпсіз-ақ байлап отыр.
Психологтар қазіргі заман балалары бейнеүзікпен ойлауға бейім екенін, олар айналасындағы жайттарды қысқа бейнеүзік түрінде қабылдайтынын айтады. Демек, кез кезген нәрсе ол үшін біртұтас емес, тек үзінділер ғана. Бір-бірімен байланысы жоқ идеялар тізбегі. Дәл TikTok-та балалар өмірді осылай көреді. Бірінен кейін бірі жалғасып кете беретін қысқа бейнеүзіктер тізбесі жасөспірімдерді еріксіз осыған итермелейді. Балалар күні бойы жалықпай ТikTok-ты ақтаруға дайын. Ол жақтағы ақпарат жақсы, яки жаман болсын бәрін де қабылдай береді. Яғни, белгілі бір шектеу, «сүзгі» жоқ. Нәтижесінде эмоционалды қабылдауы шаршап, миы тек тұтыну үшін жұмыс істейді. Ең қауіптісі – кез келген дүниеден жылдам әсер күтіп, лезде нәтиже көргісі келетін ұрпақ жетілуде.
Бұл желінің тағы бір келеңсіз тұсы – жазылушысы көп блогерлердің әрекеті. Хайп үшін кейде қауіпті челлендж бастап, артынша оқырмандары қайталап видео түсіреді. Әлеуметтік желінің өкілдері қанша қадағалап, тосқауыл қойғанымен, жаңа хэштегтермен қайта пайда болады.
Қытайлық ғалымдардың өзі TikTok жастардың есте сақтау қабілетінің бұзылуына, депрессияға, стреске алып келетінін ескертеді. Зерттеушілер TikTokта үнемі отыратын 3036 мектеп оқушысы арасында сауалнама жүргізген. Бұл желіге тәуелділігі жоғары қатысушылар депрессия, мазасыздық және стресс шкаласы бойынша жоғары ұпай жинаған. Жұмыс жады тестінде басқаларға қарағанда нашар нәтиже көрсеткен. Бір қызығы, жігіттерге қарағанда қыздар TikTok-қа көбірек тәуелді болып шыққан. Ал қыз дегеніңіз болашақ ұрпақты тәрбиелер ана емес пе?
Ал енді бұл желіден жақындарымызды қалай арылтамыз? Тиісті шара қабылданып, түбегейлі шектеу енгізілгенше балаға да, үлкенге де тыйым сала алмаймыз. Солай болған күннің өзінде олар басқа амалын тауып, қайта кірудің жолын іздейді. Санасын улап жатқан смартфоннан арылту үшін алдымен ата-ана баламен көбірек уақыт өткізу керек секілді. Виртуалды әлемнен шынайы өмірдің әлдеқайда қызықты екенін сезіндіретін пайдалы қадамдарға баруы тиіс. Бала болашағын бейжай қалдырмай, ұрпақ келешегі кемшіліксіз болсын десеңіз, бала назарын басқаға бұруды бүгіннен бастаңыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ