» » Алданған арман

Алданған арман

Өмірде түрлі жағдай болады. Біріне тағдырдың салғаны дерсіз, енді біріне маңдайына жазылғаны сол болар деп қоярсыз. Иә, жазмыштан озмыш жоқ. Бұл сөздің ақиқатына енді көз жеткендей. Адамның дегені бола берер дейсіз бе? Осыдан біраз бұрын естіген мына бір әңгіме ойға қалдырды. Қанша жерден ойламайын, еске алмайын, ұмытайын дегенмен сол бір әңгіме құлақ түбінде тағы да шы-ы-ың ете қалғаны. Абзал – үйдегі жалғыз ұл. Ата-анасы «Жасаған берген жалғыз ұлым» деп бетін қақпай, таршылық көргізбей жетілдіреді. Қазақта «жалғыз ұлы бардың шығар шықпас жаны бар» демей ме?! Тумысынан жалғыз болғандықтан, өзіне серік болар баланы қалаушы еді. Достарының бауырымен бірге ойнап жүргеніне қызыға қарайтын.
Ол кішкентайынан қатарластарынан дара боп өсті. Себебі де жоқ емес. Өзгелер сүйсіне қарайтын оның тәртібі тым тамаша-тын. Тектілігі де бір төбе. Ауылдағы мектепті аяқтаған соң алып шаһарға келіп, жоғары оқу орнын үздік бағамен тәмамдайды. Өмірлік жарын университет қабырғасында жүргенде жолықтырады. Студенттік кезден өмір баспалдағының қиындығына мойымай бірге қол ұстасқан екі жастың махаббаты да бекем болатын. Сүйікті жарымен араға жылдар салып екі бірдей қызғалдақтың әкесі атанады. Әкеден көрген тәрбие ізімен қос қызын қатарынан кем етпей, бар тәттісін, жиған-тергенін алдына қойып өсіреді. Өзі жалғыз өскендіктен, көпбалалы әке атанып, мұрагерінің болуын армандайтын. Тағдыр ғой. Мұндай бақ Абзалға бұйырмаған-ау, сірә?! Арманы көкейін кернеп қала берді.
Уақыт сырғып өтіп жатты. Екі қызы бойжетті, өз теңін тауып тұрмысқа шықты. Бірақ қазаққа емес, шетел асып, сол елдің азаматының қолынан ұстап кете барды. Немерелері де сол жақта.
Иә, қазіргі таңда қазақ қыздарының шетел азаматына тұрмысқа шығуы алаңдатарлық жағдай. «Жетi атасын бiлмеген – жетесiз» дейдi. Ал өзге ұлтқа күйеуге шығып кеткен қыздардың баласы ертең жетi атасын қалай айтады? Абзалдың қынжылатыны сол, артында қалып, ізін жалғар тұяғының болмағаны жанын жегідей жеуде.
Қыздарын жиі көре алмайды. Елде тұрғандай болады деймісіз? Ауыл іші болса арагідік кеп тұрушы еді. Көзқуанышының көз алдында емес, жырақта жүргені жанына батушы еді. Ішкі дүниесін ақтара айтып, сырласатын бауыры да жоқ. Өйткені әкеден жалғыз.
Абзалдың жасы бүгінде алпыстан асты. Бас ауырып, балтыр сыздаған шағында қарайласып, жанынан табылатын балаларын іздейді ғой. «Жаратқан маған бір ұл бергенде, соның қолында немеренің қызығын көріп отырар ма едім. Қартайған шағымда бабымды жасар баламның болмағаны-ай» деп өмірге өкпелейтіні бар.
Ағайын-туыспен байланысы да үзіліп барады. Қонаққа барған сайын үй ажарын кіргізген сәбидің сыңғыр күлкісін естіп, өзін іштей мүжи беруші еді. Жақындар да жұбату сөз жиі айтады. Бұл оған жараның аузын тырнағандай көрінетін, көңіліне қаяу салатын. Содан жүрегіне ауыр салмақ түсірді.
Бүгін міне, тағы да далада жаңбыр жауып тұр. Терезедегі жаңбыр тырсылынан Абзалдың кеудесін сағыныш кернеп, жүрек түкпіріндегі арманын аңсап, жанарынан жас ытқып шықты. Әжім-әжім бетінен сырғи түскен моншақ жасының астарында балаға деген, сәбиге деген үлкен сағыныш жатыр еді. Біреуге бақыт сыйлап, біреуді жылусыз қалдырған бір кем дүние-ай...
А.АХМЕТ
17 қазан 2024 ж. 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031