» » Кітап құны қашанда жоғары

Кітап құны қашанда жоғары

Қазір кітапханаға баратын жандар азайды. Кітапқұмар оқырмандар болмаса, құнттап баратындар санаулы ғана. Бәріміздің айтар сылтауымыз да, себебіміз де – уақыт жоқ. Өзімізге сырттай сын көзбен қарар болсақ, уақытымыздың біршама бөлігін телефонға арнайтынымыз анық көрінеді. Демек таңдау өзімізде екен ғой. Телефонға бөлетін уақыттың кем дегенде 20 пайызын кітапқа арнау да өз қолымызда екен.
Түркі жұртының ұлы ақыны, ойшыл Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын ең құнды қазына» десе, жазушы Әбіш Кекілбаев «Мен кітапханаларды ақыл, білім, адамгершілік, парасат, иман ордасы деп білемін, ал кітапханашыларды – сол ешқашан жоғалмауға тиісті ең асыл құндылықтың жанкешті сақшылары ретінде санаймын» деп жоғары баға береді. Осы сынды кітап пен кітапхана туралы құнды пікірлер жетерлік. Расымен қай ғасырда да кітаптың алатын орны бөлек. Кітап кемелденуге көмектеседі. Қаншама технология шықса да, бұлардың бәрі кітапты алмастыра алмасы анық. Оқыған адамның күні қашан да жарық. Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызықты өткізу ғана емес, сонымен қатар, тұлға болып қалыптасуға орасан зор көмегі тиетін өте пайдалы іс. Адамдар барлық жинақтаған білімін жаңа ұрпаққа кітап арқылы таратады. Олар әр адамның өміріне енген заңдылық десе болады. Осы орайда, біз сіздерге кітап оқудың пайдасы жөнінде айтып өтпекпіз.
Біріншіден, кітап оқу – қоршаған ортаны, дүниені және өзін-өзі тануға көмектеседі, оны оқу арқылы өткен тарихыңызды, болашағыңызды біле аласыз. Екіншіден, есте сақтау қабілетін және логикалық ойлауды дамытады. Яғни, көп оқыған адамның жады мықты, тез ойлап, тез қорыта алады. Үшіншіден, оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың. Төртіншіден, көңіл-күйің болмағанда кітап оқу бір сәт жабырқаудан арылтып, тіпті уайымыңды басады. Бесіншіден, талдауға, сараптауға, пікір қалыптастыруға үйретеді. Бұл қатарды әрі қарай да толықтыра беруге болады. Ал ми үшін кітап оқу – бұл да денеге жасалған физикалық жаттығу есебі. Ең бастысы, кітап оқу – табыс пен жетістіктің негізі. Адамдармен дұрыс қарымқатынас жасауға үйретіп, әдемі сөйлеу дағдыларын қалыптастырады, сөздік қоры көбейе түседі. Сауаттылық деңгейін арттырады.
Қазіргі уақытта керек ақпаратты табу үшін аудио, видео, ғаламтор секілді жеңіл жол табылып тұрғанда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Меніңше бала ерте жастан кітаппен дос болса, кітап оқыса болашақта ол көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Мысалы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өз білімін жетілдіруінде кітапты көп оқуының арқасында бірнеше тілді меңгерді. Сол секілді кітап оқудың еш кеші жоқ. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұратміндеттердің ең бастысы – саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани байлығын, ой-өрісін дамытуда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы – кітап деп айтсам артық болмас.
Осы ретте кітап оқу туралы қызықты дерекпен бөлісе кетсек. Кітап оқу өмірді 2 жылға ұзартады десек сенесіз бе? Иә, бұл Йель университетінің ғалымдары дәлелдеп, зерделеген бір дерек. Кітап оқығанда ми жасушалары арасындағы байланыс күшейеді. Бұл өз кезегінде нейродегенеративті аурулардың пайда болуын тежейді. Сондай-ақ күйзеліспен күресудің ең тиімді әдісі болып саналады. Оқу күйзелісті төмендетеді. Ғалымдар мен дәрігерлер күйзеліс адам бойындағы аурулардың 60%- на себепші болатынын айтады. Ұзақ уақытқа созылған күйзеліс инсульттің қаупін 50%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуын 40%-ға арттырады. Ал кітап оқу күйзеліс деңгейін 68%-ға төмендете алады екен. Небәрі 6 минут кітап оқу жүрек соғысын бәсеңдетіп, бұлшық ет қызуын төмендетеді. Сонымен қатар, оқу ұйқысыздықтан емдейді. Көптеген адамдар ұйықтар алдында планшет пен телефонды қолданады. Олардан шығатын көк түсті жарық ағзадағы мелатонин (ұйқы гормоны) гормонының шығу қабілетін әлсіретеді. Ал жатар алдында кітап оқу ұйқы шақырады екен. Кітап оқу қиын жағдайлардан шығуға көмектеседі.
Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ордасы кітапхана ешқашан мәні мен маңыздылығын жойған емес. Кітапханашы да осы киелі орданың мәртебелі иесі болып қала бермек.
Ойымды түйіндер болсам, өмірде барлық нәрсе өзгереді, тек кітапхана халық қажетіне жарап, ғасырлар бойы жасамақ. Осы құндылығымыз ешқашан жоғалмай келешек ұрпақ асыл қазынамыздан нәр алып, сусындай берсін.
11 қазан 2024 ж. 134 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031