» » Оқушы телефонындағы ойын

Оқушы телефонындағы ойын

Біз кейде балалардың өмірі қайғысыз, қамсыз өтіп жатыр деп қызығамыз. Бір сәт бала болғымыз келетінін қайтерсіз. Әйтсе де қазіргі баланың қызығушылығы тым басқа. Ойнайтын ойыны да бөлек. Сақ болмасақ, соңы қайғылы жағдайға әкеліп жатқанын көз көріп жүр. Бала болашағымыз, ертеңіміз дейміз. Ал сол ертеңіміз алаңсыз өтсін десек, солардың еркіндігіне жауап беруіміз қажет.
Жасыратыны жоқ, жаңа оқу жылы бастала салысымен мектеп оқушыларының арасында суицид жасау дерегі жиіледі. Телефонға телмірген балалар үшін тағы бір қауіп төнді. Соңғы уақытта ата-аналар аса алаңдап, үрейлі үндеу жасап жатыр. Әлеуметтік желі топтарындағы хаттарға сенсек, жаңа қауіпті ойын пайда болған. Қосымшада балаға түрлі тапсырма беріледі екен. Басым бөлігінің мәні – ата-анаға деген агрессияны тудырып, үйден қашып, түрлі қатерлі қадамдарға баруға итермелейді. Осы орайда білім ордаларында нендей жұмыс жүріп жатыр? Ата-ана қауіпті ойыннан алыстата ала ма? Бала қауіпсіздігін қалай қорғауымыз қажет? Саралап көрсек.
Ойыннан от шығады
«Шатырдан секір, үйден қаш». «Сен батырсың!». Бүгінгі балалардың онлайн ойында естіп жүрген тіркесі осындай. Қазір қоғамда балаларды онлайн ойыннан құтқару міндеті туды. Бұған дейін «Көк кит» деп алатын ойын біраз әуреге салған. Енді жеткіншектерді қашуға, биіктен секіруге итермелейтін тағы бір қосымша үрейлендіріп отыр. Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі деген мәселе соңғы уақытта қатты алаңдаушылық тудырды. Себебі интернеттегі ойындар санасына кері әсер етудің салдарынан балалар арасында суицид жиілеген.
Ойынның атауы «SchoolBoy Runaway», қазақшалағанда «үйден қашу» деген мағынаға саяды. Әрі қарай, көше кезген балаға онлайн теріс тапсырма, бұрыс бұйрықтар беріледі. Қосымшаның құрығына түскен баланың әр қадамы қауіпті.
Бала – білсем, көрсем деп тұрады. Неге болса да қызығушылығы жоғары болады. Сондықтан түрлі зиянды қосымша мен ойындар баланың зейініне зілдей батып, санасын уламасын десек, шектеу қажет.
Аталған ойынның іске қосылғанына екі айдың жүзі болған. Анықталғандай, оны iOS және Android платформаларында оңай жүктеп алуға болады. Сонымен қатар ойын барысында телеграм мессенджеріне және YouTube каналына тікелей сілтеме көрсетілген. Қосымшаны 10 миллионнан артық адам ұялы телефонына жүктеген екен.
Құрдымға құлатар қауіпті ойын
Ойынның бас кейіпкері – Андрей есімді оқушы. Сюжетке сәйкес оның мектептегі үлгерімі төмен, тәртібі нашар. Сол үшін де ата-анасы оны үйге қамап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Ал Андрейдің ата-анасының қыспағынан қашып шығуына көмек қажет. Ең сорақысы, ойындағы жағымсыз кейіпкер – баланың ата-анасы. Ойынды жүктеп алған жеткіншек түрлі тапсырманы орындап, Андрейдің ата-анасының көзіне түспей, шатырдан секіріп немесе басқа да жолдармен үйден қашып шығуына жәрдемдеседі. Оның негізгі шарты үйді барлап, қашып кетуге болатын жоспар құру. Ол үшін түрлі әркеттерге баруға тура келеді. Ойынды ойнап отырған балада ұрлық жасауға болады деген ой қалыптасады. Өйткені ойында бала әкесін алдап, көліктің кілтін ұрлап алуы керек.
Егер Андрей қашып құтыла алмаса және ата-анасына ұсталса, жазаланады. Мысалы, үйді айнала жүгіреді немесе есіктің алдын сыпырып, еденді тазалауы мүмкін. Сонымен қатар үй тапсырмасын орындап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Егер ол ата-анасына осылайша үш рет ұсталса, ойын аяқталады. Сосын барлығын қайтадан бастау керек болады. Әрине, бұл барлық ойынды басынан аяғына дейін мінсіз аяқтағысы келетін ойыншылардың түрлі қулықпен жеңіске жетуіне шабыттандырады.
Бұл ойынға қатысты психологтар да алаңдаушылық танытып отыр. Олар «баланың санасы улануда» деп дабыл қағады. Өйткені ойын сюжетінің өзі бала мен ата-ананың қарымқатынасын алшақтатуға негізделген. Ойындағы Андрейдің өзі қалағандай өмір сүруіне ата-анасы кедергі. Оқушылар ойын кейіпкері Андрей сияқты ата-анасын жек көре бастайды. Олардың «сабағыңды жақсы оқы», «тәртіпті бол» деген талабын дұрыс емес деп қабылдайды. Ойынмен ойы қалыптасқан бала үшін шынайы өмірде де ата-ана басты «құбыжыққа» айналады.
Психологтар бұл ойынан тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілерін көрген. Сонымен қатар Андрейдің әкесі мен шешесінің образы психологтарды алаңдатып отыр. Өйткені, анасы үнемі ештеңеге көңілі толмайтын, күні бойы ас үйден қолы босамайтын долы әйелдің бейнесінде көрсетілген. Ал әкесі уақытын футбол көруге арнап, диванда жатып алып сыра ішіп, аузына келгенді айтатын кейіпкер ретінде сипатталған. Бұл, әрине, баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Санасы енді ғана жетіліп келе жатқан жасөспірім бұл ойын арқылы өтірік айтуды, ұрлық жасауды, үйден қашу үшін айлашарғы ұйымдастыруды дұрыс деп санай бастайды.
Осылай түрлі құйтыртқы әрекеттерді жасау арқылы бала үйінен қашып, өзінің ойындағы бостандыққа шығады. Бұл – ойынның тек бірінші кезеңі ғана. Одан кейінгі кезеңдері бұдан да қорқынышты.
Басты кейіпкер Андрейдің прототипіне қатысты қызықты деректер айтылады. Ойынның сюжеті 2015 жылы Ресейдің Губаха қаласында тұратын Андрей деген баланың үйінен қашып кетіп, өзен жағасынан өлі денесі табылған оқиғаға негізделгенмыс. Алайда ойынның авторлары бұл болжамға қатысты пікір білдірмеген. Олар бұл деректерді растамаған және жоққа да шығармаған.
Ал Қазақстанда бұл ойын жайлы балабақшадағы балаға дейін білетін болып шықты. Мұғалімдердің айтуынша, ойынды 7-сыныптан жоғары балалардың ойнап жүргені анықталған.
Оқушының оқыс өлімі
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, өткен жылы өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілері бар 16 материалды анықтаған. Олар бойынша бұзушылықтарды жоюды талап ететін онлайн-платформа мен интернет-ресурстың иелеріне 7 ескерту хаты жіберілген. Ал биыл жылдың басынан бастап өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілері бар 52 бұзушылық фактісі анықталған, оның ішінде Telegram – 20 (19 жойылды), Тикток – 20 (барлығы жойылды), Youtube – 8 (қолжетімді), Facebook – 1. 40 заңсыз материалды жою бойынша шаралар қабылданып, олардың 16-да «Қызыл дельфин» және «Schoolboy Runaway» ойыны туралы ақпарат бар, олардың 13-і жойылды.
Schoolboy Runaway ойыны App Store, Google Play және Yandex.kz қосымшаларында қолжетімді. Осы платформаның иелеріне заңнаманы бұзу туралы 3 хабарлама жіберілген екен.
– Жоғарыда аталған бұзушылықтың барлық фактілері онлайн-платформаларда және танымал интернет-ресурстарда, соның ішінде жоғарыда хабарланғандай, хабарлама жұмысы жүргізіліп жатқан мобильді қосымшалар дүкендерінде анықталды, – деп министрлік атап өтті.
Ата-ананың алаңы
Қазір ата-ана балаға келгенде аса қырағы болуы керек. Сол себепті ана-ананың басты міндеті – балалар тұтынатын контентті бақылау және сүзгіден өткізу. Осылайша баланың ұялы телефонын үнемі тексеріп, қандай желілерге тіркелгенін және кімдермен байланыс ұстайтынын үнемі назарда ұстап, әрдайым қадағалап отыру қажет. Көп ата-ананың басты қателігі – жұмысбастылық, уақытылы қадағалаудың болмауы, бала тәрбиесіне атүсті қарап, салғырттығы.
– Қызыммен бірге теледидар көріп отырғанбыз. Жаңалықтардан әлгі қауіпті ойын туралы көрсетіп жатты. Телефонды мүлде қолына алмайтын қызымның «мен бұл ойынды білемін» дегенінде жағамды ұстадым. Бірден ашуға салмай, ашық сөйлесіп бұл ойын туралы қайдан білетінін сұрадым. Демалыста бір күн компьютер ойнауға рұқсат беретінмін. Сонда YouTube каналынан ойын жайлы видео көрген екен. Бәзбіреулер ойнаған видеосын сонда жүктеп қоятын болуы керек. Сол арқылы білетін болып шықты, – дейді Назира Дүкенбаева.
Мамандар баланың телефонмен қандай қосымшаны көргенін біліп отыру үшін ата-аналарға бақылау бағдарламасын жүктеуге кеңес береді. Сақтықта қорлық жоқ. Алайда ата-ана шектеу қойса да, жеткіншектердің түрлі айла тауып, желіден көңілі қалағанын табатыны жасырын емес. Мамандар да тыйымның жағдайды одан әрі ушықтыратынын айтады. Сондықтан, баланы қорғаудың жалғыз жолы – ашық сөйлесіп, тілін табу.
Егер баланың телефонынан осы ойынды көрген жағдайда не істеу керек? Психологтардың айтуынша, бірден байбалам салып, балаға дауыс көтеру орынсыз. Мұндай жағдайда ақылмен шешім қабылдап, баламен ақырын сөйлесу қажет. Баланың сеніміне кіре отырып, оны ойыннан алшақтатуға болады.
Түйін Рас, бүгінде бәрі жұмысбасты. Баладан бұрын жұмыс маңызды боп кеткендей. Әрине, баланы асырау үшін жұмыс керек. Десе де ол қаншалықты қауырт болса да, қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де ата-ана бала тәрбиесін басты назарда ұстауы тиіс. Қарбаласқа толы тірліктен қолы босамайтын ата-ананың бір сәт бала жанында болғаны оған қуаныш сыйлап, көңілін шаттандырады емес пе?! Жәй ғана жылулық пен қамқорлық танытудың өзі қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін. Сол үшін баламен балаша сырласуды ұмытпайықшы!
Ақнұр САҒЫНТАЙ
11 қазан 2024 ж. 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 044

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031