Маңызды қадам көппен бірлесіп жасалуы тиіс
Осы жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жасады. Онда жалпы еліміздің саяси ахуалы, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, оның қарқынды даму жолдары және алда атқарылатын жұмыстары туралы айтылды.
Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Бұл тенденция әрі қарайда сақталуы тиіс. Ол үшін еліміздің, әр өңірдің экономикасын тұрақты түрде дамытуға бағытталған іс-шараларды іске асыруымыз керек. Ол үшін бюджетаралық қарым-қатынастарды ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді.
Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыру қажеттігін айтты. Қордың қаражатын ең алдымен мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді. Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шараларын қолға алу керектігі айтылды. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – маңызды болмақ. Бұл мәселе реттелген жағдайда бөлінген қаражат бюджетке еселеп қайтатыны сөзсіз. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керектігі ұсынылды. Осы кезге дейін банктерге мемлекет тарапынан үнемі қолдау жасалып келді. Ендігі жерде олар да ел экономикасына тиімді инвестициялар салатын уақыт келді.
Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екені айқын. Басқа да көршілес елдердің мамандарымен осы ауқымды жобаның нақты керектігі жан-жақты зерттеліп, бізге атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керектігі нақты айтылды.
Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе екені белгілі. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз керек екендігі де жолдау барысында қамтылды. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру да өзекті болып табылады. Бұл ең алдымен, ауылшаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауылшаруашылығында кеңінен қолдану қажеттігі назарға алынды. Расында да біздің жағдайда біз топан судан зардап емес, пайда көруіміз керек.
Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті мәселе. Ең алдымен су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою Президент жолдауында аталып өтті. Мемлекет басшысы келесі жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп белгіледі. Өте орынды және уақытылы көтеріліп отырған мәселе деп есептейміз. Біз елде жұмысшы мамандықтардың оң имиджін қалыптастыруымыз қажет. Сол арқылы білікті де бәсекеге қабілетті, өз өзін сұраныс және табыспен қамтамасыз ететін орта класс пайда болады.
Көтерілген келесі мәселе – әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету болды. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталуға жақын. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз.
Телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керектігі де қабырғалы құжатта айтылып өтілді.
Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру зор маңызға ие. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасының елге тиер пайдасы көп екенін білеміз. Бүгінгі күні ауданымызда бұл жоба белсенді іске асуда. Облыс орталығынан сарапшы мамандар келіп, алты курс оқу өтіп, барлығы 518 тыңдаушы қатысты. Қазан айында бұл оқулар жалғасын табады. Қазіргі таңда елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» акциясының аймақтарда сапалы жүзеге асуына, бірауыздан ел болып атсалысуға шақырамын.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін Мемлекет басшысы әрдайым айтып келеді. Болашақта бұл қалыпты жағдайға айналады. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Биыл Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты Жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетіні нақтыланды. Сондықтан алдағы өтетін референдумға ел болып бірауыздан қолдау білдірейік дегенді айтқым келеді.
Әділ ҚОШАЛАҚОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы