«Хиуаз – ұлы дала қыранысың»
Жақында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі мен «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының» ұйымдастыруымен Мәскеу төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, әнші, композитор Сәуле Жанпейісованың Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» атты авторлық әндер кеші өтті. Елдік пен патриотизмге толы шараның басты мақсаты – Халық Қаһарманы, қазақтың аты аңызға айналған тұңғыш әрі жалғыз ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың ерлігін ұлықтау мен оған арналған әннің тұсаукесері болды.
«Қылқалам ұшында – батыр бейнесі»
– Батыр анамыздың портретін алғаш рет осыдан 16 жыл бұрын салдым. Онда ұшқыштың бейнесін қара түсті қаламмен бейнеледім. Араға тағы он шақты жыл салып, Халық Қаһарманының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында тағы бір портретін жасадым. Бүгінгі Мәскеудегі көрмеге осы соңғы картинаны алып келдім, – деді суретші ашылу салтанатында.
«Дала әуендері» деп аталатын көрмеде ұшқыштың портретінен бөлек, қылқалам шеберінің қазақ халқының табиғаты, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары бейнеленген 30 шақты картинасы көпшілікке ұсынылды. Бір ерекшелігі – аталған туындылардың барлығы жібекке салынған.
Камила Жапалова – жібек матаға сурет салу техникасын меңгерген тұңғыш қазақстандық суретші, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, Қазақстанның мәдениет қайраткерi, Қазақстан Суретшілер одағының, Қазақстан Республикасының көркем академиясының, Ресей суретшілері кәсіби одағының, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. Бүгінде Атырау қаласының мәслихат депутаты ретінде өнерден бөлек, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласып келеді.
– Картинадағы әскери киімде тұрған жас қыздың көзінен нәзіктік пен мейірім, қайсарлық пен өжеттік аңғарылатындай. Маңдайы жазық, аясы кең қара көздерін сәл қыса қарап, ойланып тұр. Тосын бір шешім қабылдап тұрған сәті тәрізді. Хиуаздың артындағы фонда майдан даласы, айқұш-ұйқыш ұшқан самолеттер мен танкі көрінген. Кеудесі толған орден мен медаль. Осының бәрі оның мінезіндегі бірбеткейлікті, өрлікті паш еткендей. Қаншама әскери киім киіп тұрғанымен, гүлдей үлбіреген сұлулықты ел көзінен жасыра алмапты. Мойылдай төгілген қара шашы өзіне сондай жарасымды. Алапат майданда жүргеніне қарамастан жүзінде болар-болмас, білінер-білінбес күлкінің табы бар. Батырлық пен нәзіктік, сұлулық пен қайсарлық, мейірім мен өжеттік портретке керемет бір тартымдылық беріп тұрғаны даусыз. Бұл еңбек жас ұрпақты Отанды сүюге, намысты, батыр болуға үндейтіндей, – дейді осы көрменің ашылу салтанатын жүргізген сырбойылық журналист Нұрсұлтан Мықтыбай.
Көрмеде «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдайтын «Астана» қорының» басқарма төрағасы Роман Болховитин мен осы қордың президенті Жарқын Өтешова, профессор Сәуле Жанпейісова сөз сөйлеп, Ресей астанасында білім алып жүрген қазақ студенттері Заид Шман, Әйгерім Темірбаева, Мадина Әлменова, Әйгерім Құрметқызы өнер көрсетті.
Ерекше атап өтерлігі, Камила Жапалованың Хиуаз Доспановаға арнап салған картинасына мәскеуліктер ерекше қызығушылық танытқанымен, осы шараға Қызылорда қаласынан арнайы барған «Торғай-Петролеум» АҚ бас директоры Дәурен Әбілқайыров суретшіге қолдау көрсетіп, «Хиуаз апамыздың бейнесі еліміздің маңдайалды музейлерінің бірінде тұруы керек» деген пікірін білдірді.
«Хиуаз» – ерекше толғаныстан туған ән»
Сахна шымылдығын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Бейбіт күн тілегі» әнімен ашқан Сәуле Стаханшылқызы осынау кештің маңызы ерекше екендігіне тоқталды:
– Осыдан тура 83 жыл бұрын, яғни, 1941 жылдың 22 маусымында адамзат баласына үлкен қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталды. Жер жаһанды соғыс өрті шарпыған тарихымыздың осы бір ең қаралы, ең ақтаңдақ кезеңінде Кеңестер одағында сұрапыл соғыстың зардабы тимеген отбасы жоқтың қасы. Қаншама ұл-қыз жетім, қаншама ана жесір қалды, бүтіндей әулеттердің ошағы өшті. Қан майданда қаншама тағдыр қиылды, қанша адамға туған жерінен топырақ бұйырмады. Біз бейбіт күнді мәңгілікке қанымен, жанымен сыйлап кеткен, Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Мәскеу төріндегі бүгінгі кеш – сол батыр бабаларымызға арналған тағзым кеші болмақ, – деді әнші, композитор.
Бұдан соң экраннан көрермендерге Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы шағын бейнефильм көрсетіліп, даңқты ұшқыштың құрметіне арналған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әнінің тұсауы кесілді. Осы әннің сөзін жазған Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, ақын Нұрсұлтан Мықтыбай кешке арнайы қатысып қана қоймай, аталған кештің тізгінін ұстады. Әнді Хиуаз Қайырқызының жерлесі әрі композитордың шәкірті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі Шыңғыс Нұрғалиұлы орындады.
– Адамзат баласына Ұлы Отан соғысы әкелген қайғыны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мыңдаған боздақтарымыздың ерлігі ескерілмек түгілі, көбісі майдан даласынан оралмай, із-түзсіз кетті. Осындай есімі мен ерлігі ескерілмей келген батырлардың арасында сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен ержүрек, қайсар қазақ қызы Хиуаз Доспанова да бар. Ол – жаулары «түнгі мыстан» атап кеткен, әуе шайқасында 300 рет болып, ұшақтан 14 рет құлап, төрт мәрте ауыр жарақат алғанына қарамастан, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған, әйгілі Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық ұшқыштар полкінде түнгі бомбалаушы – штурман қызметін атқарған халқымыздың даңқты қаһарман анасы. Қан майданда жаумен алысып, талай мәрте өлім аузынан аман қалған Хиуаз апамызға арналған ән осыдан екі жыл бұрын 100 жылдық мерейтойына орай шыққан болатын. Бірақ, халыққа ұсынудың сәті бүгін түсіп отыр, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
– Бір өкініштісі, соғыстан ІІ топ мүгедегі болып оралған батыр анамыз Хиуаз Қайырқызының есімі көпке дейін ұмытылып, оның ерлігі еленбей келді, – дейді әннің сөзін жазған Нұрсұлтан, – Тек атақты жазушы, Ұлы Отан соғысының батыры Әзілхан Нұршайықов ағамыздың арқасында ғана тарихи әділдік қалпына келіп, соңғы жылдары Мәскеу тарапы қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыздың ерлігін мойындай бастады. Иә, ашығын айту керек, Хиуаз Доспанованың ерлігі Кеңес Одағының батыры атағын алуға лайық болғанымен, одақ бұл атақты қазақтың қызына қимады. Мәселен, Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына 305, Леонид Беда 211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Ал, «қанатты қыз» атанған Хиуаз апамыз жер бауырлап ұшатын кішкене ғана фанера ұшақпен 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы берген. Оның туған елі үшін өз жанын шүберекке түйген көзсіз батыр болғандығы соншалық, соғыстан ауыр жарақат алып, 6 ай төсекке таңылғанына қарамастан, есін жиған соң балдаққа сүйеніп жүріп, қайтадан ұшақтың рөліне отырады. Дәрігерлер Хиуаздың тұла бойын түгел гипстеп, аяқтарының сүйектері түзу бітуі үшін сындырып, қайта салыпты. Жарақаты ауыр болғандығы сондай, оны ұшақтың кабинасына 4 адам көтеріп мінгізіп, түсіріп жүріпті. Ұшаққа мініп-түсуі қиын болғандықтан, қыздарға салмақ салмау үшін талай мәрте кабинада түнеп шығады. Шабуылдардан кейін кабинада қалып, сол жерде тамақтанып, рөлде отырып ұйықтайды екен де, қайтадан шабуылға ұшып кете береді екен.
Нұрсұлтанның айтуынша, әннің өзі де, сөзі де ерекше тебіреністен, толғаныстан туған көрінеді. «Себебі, өмірі өнегеге толы Хиуаз Қайырқызы соғыстан мүгедек болып оралса да, елге келгеннен кейін мемлекеттік маңызды қызметтерді атқарды. Қазақстан Комсомолының Орталық Комитетін басқарып, Алматы қалалық партия Комитетінің хатшысы қызметінде болды. Осы кезеңде Хиуаз апамыздың түрткі болуымен «Медеу» мұз айдыны бой көтеріп, «Горный гигант» алма бағы, «Ғалымдар үйі» тұрғызылды. Ер азаматтармен иық тірестіре жүріп, көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына араласты, сан алуан игі жұмыстардың ортасынан табылды. «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға мұрындық болғанының өзі – оның елін сүйген ерекше жан болғандығын көрсетеді», дейді ол.
«Соғыстың қиындығын айтып тауысу мүмкін емес. Ойласам, түнімен кірпік ілмеймін, жаным түршігеді, ешкімге тілемеймін», депті бір сұхбатында қазақтың жалғыз ұшқыш қызы. Айтса айтқандай, Мәскеу төрінде тұсауы кесілген «Хиуаз» әніне көрермен тік тұрып құрмет көрсетті.
«Жауына атой салған қара аспаннан»
Енді аталған «Астана» қоры» туралы бірер сөз. Қор басшысының айтуынша, оны құру мұқтаждықтан туған көрінеді. «Мәскеудегі аталған шара да осы мұқтаждықтың орнын толтыруға аз да болса сеп болады», дейді ол.
– Өзіңізге белгілі, 15 миллион халқы бар алып мегаполис Мәскеудегі отыз мыңдай қазақтың түйіні шешілмеген мәселелері жетерлік. Соның ең бастысы және үлкені – түрлі жағдайлармен Ресейге тап болған қазақтардың ана тілін, ұлттық болмысын, салт-дәстүрін ұмытуларына жол бермеу және соған жағдай жасау. 2008 жылы құрылған «Астана» қорының» да басты мақсаты осы: Мәскеудегі барлық қазақстандықтарды жинай отырып, халқымыздың тілін, ұлттық құндылықтарын, мәдениетін ұрпақ бойына сіңіру, сақтау, «қазақ» екенін естен шығармауларына үлес қосу, – дейді Ж. Өтешова.
Аталған қор 16 жылдан бері Ресейде тұратын, өз елінен жырақта, шетте жүрген ат төбеліндей аз ғана қазақтың басын қосып, түрлі мәдени, әдеби іс-шараларды ұйымдастырып, әсіресе, жастардың, осында туылған ұл-қыздардың өз тарихын танып-білуіне арналған көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Қазақ елінен шыққан даңқты батыр бабаларымызды, қазақтың атын әлемге танытқан тұлғаларымызды қиын да болса Мәскеу төрінде кеңінен насихаттап, ондағы ұрпақтың жадынан өшірмеуге үлкен еңбек сіңіріп жүр.
«Мәскеудегі қазақ жастары ұйымшыл»
– Мәскеудегі қазақ жастары сондай ұйымшыл. Ерекше елжанды. Гүлбану Нариманқызы бастаған Заид, Динара, Абзал, Асхат секілді замандастарымыз алып мегаполиске табанымыз тиген алғашқы күннен бастап жанымызда болып, Сәуле апамыздың кешінің басы-қасынан табылды. Туған жерінен жырақта жүрген олардың атамекеніне деген сағынышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өздері де қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін кеңінен насихаттап, Наурыз, Ұлттық домбыра күні секілді мерекелерді ерекше атап өтеді екен. Бірі күй тартады, бірі ән айтса, енді бірі би билейді. Бұл үшін оларға ақы төленбейді. Бірақ, «қазақ» екендіктерін бәрінен жоғары қояды, – дейді Н. Мықтыбай.
– Жыл сайын майдангерлердің қатары сиреп келеді, – дейді осы шараға арнайы қатысқан қызылордалық халық қалаулысы Гүлшат Мұсаева, – Ұлы Жеңіс – біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен келген қасіретті арифметикасы. Олардың ерлігін ұлықтау – біздің аға ұрпақ алдындағы парызымыз. Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жандардың ерлігіне қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Мәскеу төріндегі шара – Хиуаз апамыздың ерлігін дәріптеген сондай шаралардың бірегейі болды.
Ал, Дәурен Әбілқайыров болса, даңқты ұшқыштың тек соғыс жылдарындағы ғана емес, бейбіт өмірдегі де ерлігі ұлықталуы керек деп есептейді.
– Хиуаз апамыздан бір сұхбат кезінде: «Неге сіздің ерлігіңіз ескерілмей келді?» деп сұрағанда, «Жазығым тірі қалғанымда шығар. Соғыста өліп қалсам, мені де көбірек білетін еді» деп жауап беріпті. Бірақ, соған қарамастан Хиуаз апамыздың бейбіт өмірде де жасаған еңбегі ұшан-теңіз болды. Қиын саналатын құрылыс саласында ер адамдарша еңбек етіп, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласты. Сондықтан да оның тек соғыс жылдарындағы ғана емес, одан кейінгі кезеңдердегі де ерен еңбегі ескеріліп, дәріптелуі қажет, – дейді ол.
P.S: Айтпақшы, Мәскеудегі шараға Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Хиуаз ауылы демеушілік көрсетті. Осы себепті де, Ресейде басталған шара артынша Халық Қаһарманының кіндік қаны тамған туған жерінде жалғасты. Хиуаз ауылының мәдениет үйінде қазақтың қанатты қызына арналған Нұрсұлтан Мықтыбайдың сөзіне жазылған Сәуле Жанпейісованың «Хиуаз» әні орындалған сәтте зал толы көрермен орындарынан тік тұрып, ыстық ықыластарын білдірді. Осылайша, бұл жаңа туынды Мәскеуден кейін батыр анамыздың туған жерінде орындалды.
Айдын ӘБДІХАЛЫҚ