» » Базар VS онлайн сауда: тиімдісі қайсы?

Базар VS онлайн сауда: тиімдісі қайсы?

Бірде құрбым өзіне қажетті бір затты қай дүкеннен алуға болатынын сұрады. Ойланып жатпадым. «Каспийден қарап көрсеңші» дедім. Себебі мұнда қазір бәрі бар. Бағалары да тәп-тәуір. Бастысы дүкен жағалап уақытыңыз мен энергияңызды босқа кетірмейсіз. Арзанын іздеп әлек те болмайсыз.

Рас бүгінде базар аралап, дүкен жағалап жүретін заман емес. Телефонның түймесін түрте қалсаңыз болғаны  керегіңізді үйіңізге дейін алдыруға болады. Онлайн сауданың нендей пайдасы бар, келтірер кедергі бар ма? Қазақстандықтар қайсысын таңдайды? Саралап көрсек.
Елімізде көптеген интернет сатып алушының қалыптасқан мынадай тәртібі бар екен. Ең бірінші кезекте олар Kaspi қосымшасы арқылы сатып алады. Ал сатып алушылардың көбі ірі қалалардың, соның ішінде Алматы қаласының тұрғындары екен. Олардың басым бөлігі сатып алуды смартфон арқылы жүзеге асырады. Бөліп төлегенде қымбатқа ұрынады. Ал артық төлем жасамас үшін көбіне арзан тауарларды алатын көрінеді. Сондай-ақ постамат пен тапсыру нүктесін емес, жеткізу қызметін көбірек пайдаланады.

Базардағы бизнес
Қазір оқу жылына дайындық деп адамдардың басым бөлігі базарда жүр. Бірақ бұл тек осы маусымда ғана болатын қарбалас. Жай күндері базар маңынан тынымсыз қозғалысты көргенімізбен, ішінде мүлгіген тыныштық орнағандай дерсіз. Мұндайда киім-кешектен гөрі тұрмыстық техника алу мақсатында келген сатып алушылар жиі ұшырасады.

Онлайн саудамен айналысатындардың дені – жастар. Себебі олар заман ағымына сай тез бейімделеді. Ал базарда кәсіп қылатын сәйкесінше үлкен жастағылар. Бірақ бес саусақ бірдей емес, заманға ілесемін дейтін үлкендер де табылады. Ал сырттан тапсырыс беруге қорқа қарайтындар да бар арамызда.

Базардағы сауда деңгейінің төмендеуіне онлайн қосымшалар әсер етпейді деп ойлаймын. Себебі суреттің бәрі сапаны толық көрсете алмайды. Қолмен ұстап, көзбен көргісі келген әрбір тұтынушы міндетті түрде базарға келіп, керегін өзі таңдап алуды құп көреді. Адам бар жерде тіршілік бар. Ал оның тұрмысына қажетті заттарды базардан алуға болады, – дейді саудагердің бірі.


Саудаңыз болса онлайн, өзгеріске бол дайын
Елімізде онлайн сауда қызып тұр. Сәйкесінше, базар мен дүкендерде табыс күрт азайған. Электронды сауда тіршілігімізге дендеп еніп жатыр. Онда не жоқ десеңізші – азық-түлік, киім-кешек, күнделікті тұтынатын заттар, жиһаз, техниканың да түр-түрі бар. Мейлі қала болсын, ауыл болсын тапсырыспен кез келген дүниені алдыруға болады.
Маржан есімді кәсіпкер сауда-саттықтың қай түрін болсын бәрін сынап көргісі келеді. Өйткені қазір нарық заманында «алма піс, аузыма түс» деп жататын кез еместігін жақсы біледі.

Бұрын тұтынушылар өзі базарға тауар іздеп келетін еді. Ал қазір барлығы әлеуметтік желі арқылы онлайн базарға көз тігеді. Бұл да тынымсыз еңбекті талап етеді. Тауарға бір рет жарнама жасап қойдым екен деп қарап отыруға болмайды. Базарда 2-3 айда табатын қаражатты 1-2 сағат Инстаграм, Тик-ток қосымшалары арқылы тікелей эфирге шығып тауарымды өтікізіп жіберемін, – дейді ол.


Таразының бір басында онлайн саудамен айналысатындар болса, екінші жақта тапсырыс берушілер тұр. Олар қандай пікірде? Құлақ түріп көрелік.

Адам бүгінгі күннің тіршілігіне, сұранысына сай бейімделеді екен. Қазір үйде отырып, кез келген затты алдыруға мүмкіндік бар. Қаласаңыз шет елден де тауар алдыруға болады. Бұрын базар жағалап Түркияның көйлектерін іздесек, қазір интернет арқылы сол елден тапсырыс беріп алдыра қоямыз. Тіпті азық-түлік пен тамаққа да тапсырыс беруге болады. Мәселен, мен аптасына бір рет дүкендерден азық-түлік алдырамын. Уақытылы жеткізеді. Төлемді онлайн аударамын. Бұрын базарға такси жалдап, қаншама затты арқалап қайтсақ, қазір онлайн саудаға үйрендім. Үйден шықпай азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін тапсырыс бере аламын. Кеше ғана мен өзіме телефон тапсырыс беріп, үйге дейін жеткізді. Тиімділігі сол – ешқайда шықпайсыз, үйде өз шаруаларыңызды жасап жүресіз де өзі әкеп береді, – дейді Замира есімді келіншек.

Аудан орталығының өзінде фастфуд өнімдерін сататын дәмханалар мен киім-кешек сататын дүкендер әлеуметтік желі арқылы өнімін сатып, онлайн сауданың көркін қыздыруда. Бұл үйде отырған халыққа да ыңғайлы болды. Үйден шықпай-ақ, телефонмен тапсырыс береді, кәсіпкерлер өздері үйге жеткізіп тастайды. Бұл әдіс кәсіпкерлерге де тиімді.
Ауылдықтар да онлайн саудаға көшкен
Онлайн-саудаға ауыл азаматтары да машықтанып келеді. Ауылда тұратын Айнұр балаларына қажетті киім-кешекті маркетплейс арқылы алатын болған. Бір жағы уақытқа, екінші жағынан ақшаға үнем дейді.

Бұрын қалаға барып жүретін едік. Осы тауарымыз келді ме екен деп, барып-келіп. Қазір ауылға да арзан бағамен алдыра аламыз. Екі есе арзан келеді. Себебі дүкен-базардағылар жалға алатын орынның ақысын, коммуналдық төлемі, сатушының айлығын тауар құнына үстемелейді. Бүгінде Қытайдан да, Түркиядан да тауарды емін-еркін алдыра беремін. Тіпті үйде отырып табыс тауып отырмын, – дейді ол
.

Шағым да шаш етектен
Елімізде онлайн сауда қызып тұр. Былтыр айналымы 2, 2 триллион теңгеге жеткен. Онлайн сатушылардың кейбірі қулыққа басатынын да айтады. Сайттардағы әдемі суреттермен алдап, қымбат баға қойып, соңында сапасы нашар тауарды жібереді. Бірақ көпшілік шет жерден интернет арқылы алдыртқанды тәуір көреді.

Бірақ кәсібін электронды түрде жүргізетіндердің үстінен түсіп жатқан шағым да шаш етектен. Былтыр тұтынушылардан 8 мыңға жуық талап-арыз түсіпті.  ҚР СИМ тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, өткен жылдың өтініштердің талдау нәтижесіне сәйкес 55%-ға жуығы ол алаяқтықпен байланысты. Яғни әлеуметтік желілердегі, интернет сайттағы сатушылар, инстаграм, фейсбук парақшаларын алатын болсақ соған қатысты өтініштер келген. Екіншісі сауда желілердің интернет сайттары, бұл жерде 34%-ға жуық өтініш. Үшіншіден маркетплейстарға келген өтініш 11%-ды құрайды.

Алаяққа алданып қалмаңыз
Бұл бизнестің тұтынушы тарапқа келтіретін кедергілері де жоқ емес. Бірінші кезекте тұтынушы тауарды виртуалды сатып алады. Нақты тауарды көре алмайды, сондай-ақ ол сатылымда бар ма, оның техникалық жай-күйі қандай, мәлімделген сипаттамалар мен фотосурет шындыққа сәйкес келетінін біле алмайды. Сол себепті  жалған сатушылар әлеуметтік желіде ойдан алынған сату сайтын ашып, жоқ тауардың фотосуретін қойып жазылушыларды тіркейды. Ең алдымен,  тауардың өте төмен бағасына назар аудару қажет. Егер баға нарықтық бағадан өзгеше болса, сізге өтімсіз немесе жарамсыз тауарды ұсынуы ықтимал. Басқа интернет-дүкендердегі ұқсас заттың құнын, орташа бағасын біліп алғаныңыз артық болмайды. Бәсекелестік тұтынушы үшін пайдалы болғанымен, бағада өте үлкен айырмашылық болмауы тиіс.

Екіншіден – ресурстың беделі. Әдемі фото суреттермен безендірілген, сатушы сенімді деп сендіретін интернет-дүкен экрандағы жай бейне ғана. Қазіргі заманғы технологиялардың көмегімен мұны кез келген азамат істей алады. Сайттың сыртқы түрі – көрсеткіш емес. Сатып алмас бұрын өзіңіз зерттеу жүргізіңіз. Қосымша ақпараттармен қанығыңыз. Орналасқан мекен-жайы, нақты байланыс деректеріне зер салыңыз. Егер интернет-ресурс ұзақ жұмыс істегісі келсе, «Байланыстар» деген бөлімде нақты пошталық мекен-жай, бірнеше телефон нөмірі, факс, банк шоттарының деректері, есепке қойылғаны туралы куәлік болады. Мекен-жайдың көрсетілуі де сатушының адалдығына кепілдік бермейді. Дүкен іс жүзінде болмауы да мүмкін. Кейде алаяқтар жалған мекен-жайды көрсетіп, басқа компанияның мекен-жайын хабарлайды.

Түйін
Қазір еліміздегі белсенді онлайн-сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жетіп отыр. Иә, онлайн сауда – қаржы мен уақыт үнемдеудің жаңа жолы. Өз кәсібін ашуды ойлағандар да осы салаға қаржы салуды құп көреді. Онлайн сауданың айналымы да күн сайын көтеріліп келе жатқанын байқаймыз. Қалай десек те онлайн жүйедегі сауда-саттықпен айналысу, жаһандық экономикадағы жаңа трендіне айналды.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
20 тамыз 2024 ж. 156 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930