» » Жаз - жаңа дағдылар игеру мезгілі

Жаз - жаңа дағдылар игеру мезгілі


Ақын Әбдірахман Асылбектің өлең жолдарында «Өмірдің көбі кетіп, азы қалды» дегендей, көзді ашыпжұмғанша жаз айлары да сырғып өте шығуда. Кеше ғана үш айлық жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушылары ауылдағы ата-әжелерінен, қаладағы туыстарынан, түрлі демалыс лагерьлерінен оралып, жаңа оқу жылына дайындықты бастап та кетті. Алайда оқушыдан бұрын толқитын да, ерекше дайындалатын да атаана. Баласының қағаз-қаламынан бастап, киімін ойша түгендеп, білімді болып жетілуі жолында түрлі қосымша білім беру орындарын түгендеп шығатыны айдан анық.
Қазіргі таңда үйден шыға салып мектепке баратын, мектептен тура үйге тартатын оқушы некен-саяқ. Сол екі ортада олар қосымша білім беру орталықтары мен үйірмелердің есігін тоздырады. «Балада бос уақыт болмауы тиіс, үнемі белгілі бір іспен шұғылданған бала басқа нәрсеге алаңдамайды» деген оймен ата-ана қалтасын қағып, баласын жан-жаққа тасып жүргені. Мектеп табалдырығын енді аттайтын бүлдіршіннен бастап, алдағы оқу жылы алтын ұя білім ордасынан қанат қағып ұшатын әрбір түлектің басындағы жағдай осы.
Жоғары сынып оқушылары үшін мұның бәрі орынды делік. Пән күрделеніп, ақпарат қоры молайған сайын қосымша уақыт, қосымша білім қажет. Алайда әлі оң-солын танып білмеген, бұғанасы қатпаған ойын баласын бірде ана қосымшаға, бірде мына қосымшаға сүйрелей беру дұрыс емес. Ең алдымен, оның жазғы демалысы жүйелі ұйымдастырылуы тиіс. Күніне белгілі бір мөлшерде кітап оқып, қолын жазуға жаттықтырған бала қосымша оқуды қажет етпейді.
Жазғы демалыс – өзін-өзі дамытуға және жаңа дағдыларды үйренуге тамаша уақыт. Осы уақыт ішінде бала бойында жаңа дағдыларды қалыптастыруға барынша әрекет еткен жөн. Жүзу, таза ауада серуендеу, денені шыңдау секілді баланың физикалық күшін жұмсауды қажет ететін, сонымен бірге оның дені сау, сергек ойлы азамат болып қалыптасуына септігін тигізетін өмірлік әдеттер оның көңіл-күйіне да әсер етеді. Ұялы телефонға, теледидарға үйір болудан бір сәт болса да алшақтатып, ата-ананың алаңдаушылығын азайтады. Бастысы, қауіпсіздік басты назарда болуы тиіс.
Жазғы демалыс басталған сәтте төрт баланың анасы ретінде жоспар құрып, балаларымның демалысының сәтті, есте қаларлықтай өтуін тіледім. Қыздарым би үйірмесінен қол үзген жоқ, үлкен ұлым бассейнге баруға өтініш білдірді. Тілегін орындап, бассейнге жүзуге қатыстырдым. Нәтижесінде бір айдың ішінде суда жүзуге дағдыланды. Арнайы демалыс орнына барған кезде суға сүңгіп, жүзгендерін көріп, көңілім марқайып қалды. Қай ата-ана болса да баласына жұмсаған әрбір тиынының босқа кетпегенін, баланың жақсы әдетке бой үйреткенін қалайды емес пе?!
Кешкі уақытта баламен таза ауада серуендеп, олардың әңгімесіне құлақ түру де өз алдына қызық. Әсіресе, жақында ғана өткен футболдан Еуропа чемпионаты мен қазіргі сәтте әлем көз тігіп отырған жазғы олимпиада ойындарына бала көзімен қараған дұрыс. Балалардың өзара талас-тартысы, жанкүйерлігі, спорттың сан түріне түрліше көзқарасы, уақыт санап, өз қызығушылығына сай сайыс түрін күтіп отыруы, сайыс біткен сәттегі көңіл-күйі – бәрі оның бойындағы өзгерістерге жол ашатын, оның таным көкжиегін кеңейтіп, өзіндік ой-пікірін айтуға мүмкіндік береді. Тек осыған ата-ана тарапынан сәл түсіністік танытып, қолдау көрсету қажет деп есептеймін. Бұл бір жағынан, ата-ана мен бала арасындағы алтын көпір. Ортақ әңгіме болған кезде шынайы сезімдер ашыла түседі.
Жаз мезгілінің соңғы айы әрбір адамның өзіне есеп беретін кезеңі іспетті. Үлкендер қысқы дайындық қамын жасап, үй ішінің тазалығына айрықша мән берсе, балалар жағы жаңа оқу жылында киетін киімін ойша елестетіп, жаңадан қосылатын пәндерді уайымдап, іштей қарбалас күйді бастан кешіреді. Бұл – үздіксіз, алма-кезек жүріп отыратын өмір құбылысы. Соның өзі ерекше әсем, әсерлі.
Жылдың әр мезгілінің өз ерекшелігі бар. Соның ішінде адам баласының бір сәт тағат тауып, ағайынтуыстың тойына барып, ауылдағының қаладағы, қаладағының ауылдағы туғанымен жиі араласып, көрісетін сәті де осы – жаз. Жаз – жақындастыру, жанға жайлылық сыйлау мезгілі. Демалуға, демалыстан соң жемісті еңбек етуға асығу да осы мезгілден бастау алады. Сол себепті баршаңыздың жаздың соңғы айын сәтті өткізіп, шаршамайшалдықпай, аман-есен келер жазға жетулеріңізді тілеймін.
Лаура БАҚТЫБАЙ
12 тамыз 2024 ж. 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930